• Құрметті Шәйбай туысқаным

    Сөзінде тұрмады деп өкпелей көрмеңіз, түгел жазып беруге уақыт болмағандығын жазылған қағаз, қалам, қара сия формасынан да аңғарарсыз. Және ораздағы уақытым қазақ шаруасынан аса алмайтындығы мәлім ғой. Неге десең, бала оқыту, құран, тарауың, рекағат... тиын-сиын, пайда... қарастырумен болады ғой. Және мұны да біліп қойыңыз. Өзіңіз көргендегіден біресе көбейтіп, көп сөздер қосып түзедім. Осындай тетрадь қағазымен отыздан аса қағаз шамасында болар, бәлки, қырық болуы да мүмкін. Сөз жобасы осы жеті бөлімнен де белгілі болар.

    Сұлтанмахмұт.


    Егер реті келіп, бастыртам деп айтушы талапкер болса қарастырарсыз. Қолайлы тапсаңыз хат жазарсыз. Тіршілік болса, әбден түзеп, түгелімен жазып, мұнан орны келмесе, жіберуге де болады.

    1912 жыл, 15 август, Баянауыл.

  • Құрметті басқарушы

    Мынау біраз сөзіме журналыңыздан орын берсеңіз екен.

    Мен өзім Семей облысына қараған Баянауыл маңындағы Ақбеттау болысындағы бір фақыр адамның баласы едім. Ғылым іздеуге арманым болсада, дәрменім болмай жүрген жайым бар еді.

    Биыл өзіміздің болыстың бас адамдары Ғаббас, Садық, Ілияс қажы, Шоң балалары мені есіркеп 90 теңге жинап беріп, Троицк шәһәріне жөнелтті.

    Биылша мұнда әзірлетіп, келешек жылы «Ғалияда» оқытуға уәде берділер. Бұлардан басқа Ақкелін болысындағы Садуақас мырза Шорманов та жәрдем етуге уағада берді.

    Мен Троицкіге 25 ноябрьде келіп, басқа медреселерде оқу ертерек басталғандықтан, жаңарақ тәртіпке салынып ашылған Ахон Рахманқұлұлы медресесіне кірдім.

    Нұр барлығын білгізген, көрмегенді көргізген, аяғымды басқызған, көңілімді

  • шатлықпен судан тасқызған жоғарыда есімдері жазылған мырзаларға көңілімнен алда разы болсын айтамын!

    Сұлтанмахмұт Торайғырұлы.
    1912
    Троицк қаласы.

  • Басқарушы мырза

    Осы хатымды журналыңызға бассаңыз екен. Көрмеген азабы, тістемеген қазаны жоқ болып жүріп, «қазақ, ноғай » ұлтына аянбай қызмет көрсеткен өткір тілді, жүйрік қаламды қыршық жас Әкрам мырза Ғалимовтың ойындағысын орындай алмай арманда кеткен қайғысына отты кеңіл, жалынды жүрегімізбенен ортақтаспыз.

    Марқұмның ата-ана, туған-туысқан жақындарына: «бәлеге сабыр, қазаға риза қайтесің, құдай ісі; алдыңғы сапарын қайырлы етсін; бір сіздер емес, жұртка керек бала еді» дегенді айтамыз.

    «Адам жайын ауылдасы білмейді, істесі біледі» дегендейін, істес болған кісілерімнің ішінде Әкрам мырза сирегірек қолға түсетін бір асыл зат еді. Тек құдай міллетке есесін берсін.

    Сұлтанмахмұт Торайғыров.

    1913 Троицк қаласы.

  • Айқап басқармасына хат

    Өткен октябрь жұлдызының 26-сында Троицкідегі «Русско-татарская школдың» бас учителі Латифолла мырза Ғабдулғазизов дүниеден қайтты. 29-шы октябрьде, бейсенбі күні жаназасы оқылып, аса қадір-құрметпен жамбасы жерге тиді. Марқұм ес біліп ержеткеннен бері қарай татар міллетіне көп еңбек сіңірген, сақалсыз балалар былай тұрсын, көп сақалды балалардың көзін ашқан, Троицк шәһәрінде не түрлі жақсылық істерге себепші болған бір кісі еді. Сонысына қарай өлімі де жұртқа қадірлі болды. Медреселерде дәріслер (сабақтар) тоқтатылып, қайғысына ортақтасты. Рухына құран хатым айттырылды. Жаназасына жер қайысқан кісі жиылды. Бас адамдары қабірінің қасында марқұмның қылықтарын сөйлеп, көңіл көздерінен күйікті жасгар моншақтатып, ұмытпайтындықтарына уағада етті. Міне, көздері ашылып, көңілдеріне сәуле кіре бастаған жұрт балаларын оқыту шының қадірін қалай біледі!

    Мұнан бір жұма бұрын, 23 октябрьде Қостанай уезі, Оба болысының қазағы

  • Жамалиддин мырза Бейсенов Қазанға ауруын қарата барғаннан қайтып келе жатып, үйіне жете алмай, Троицк шәһәрінде апат болды. Марқұм «Русско-киргизская школаның» заведующиі еді. Қыршын жас (жұмысы) жақсы қазақ балаларының школға кіруіне көп көмегі тиген, қазақшылық ісінде шын мұсылман бір адам еді. Мұның опатын Троицк қазақтарының көбі білмеді. Мұның өлімінің жай қазақтың өлімінен көп айырмасы болмады. Бұл біздің қазақта оқытушының құны не дәрежеде қымбат екенін көрсетеді. Байқаңыз, біздің оқытушымыз қалай көмілді, бізбен туысқан, қатарымыз деп жүрген татардың оқытушысы қалай?

    Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туардағы! Бірақ қашан, қашан? Қайда?

  • Тарбағатайға хат

    Мен өзім жұмасында екі ғана обед етем (ет татам), құр шаймен нан. Киім алғаным жоқ. Киноға, вечерлерге бір мәртаба болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті. Әбубәкірдегіден басқа бір тиыным ақымақтық жолға кеткен жоқ. Он хат жаздым, Әбубәкірден әлі бір жауап жоқ. Мына шошқалыққа не жаным шыдар! Өз обалым өзіме. Мен оған шәкірттікті басынан кешкен деп, жұрттың бәрін сендей көріп сендім. «Қазаққа» бұл туралы жаздым, не өледі...? 25 сомды артымнан жіберетін болған соң, үйдің кезіндегі бір зәру жұмысына қалдырып едім. Неше хат жаздым, хабар жоқ. Әкем менен малын неге аясын. Бірақ ел болып қорқып, «атты алады, малды талайды» деп, қалаға қатынаспай жатыр ғой деп ойлаймын.

    Халім осы. Сонда да қайғырмаймын, бір тиыным қалғанша оқимын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтерсм. Бірақ көңілім оқуда болмақ.

    Сұлтанмахмұт.
    1916.Томск қаласы.



                   
 
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті