С.ҚИРАБАЕВ

ЖЫРДАРИЯНЫҢ ҰЛЫ ЖЫЛҒАСЫ


ҚАЗАҚ өлеңінің тарихы қызық та ұзақ, әрі терең. Оны ойлағанда көз алдыңа қазақ даласындай кең жайылып жатқан өлең-жыр дариясы елестейді. Суы мол, нәрлі бұлақтан бастау алған оған үлкенді-кішілі өзендер қосылып, арнасын тереңдетіп үзбей ағып жатуды жазған. Халық жанының тереңінен нәр алған асау тау өзендерінің толқыны ен дарияға өлмес өмірдің күшін дарытып, буырқанта, бұрсанта көрсетеді. Толқын толастамайды, ағын азаймайды, өйткені тарих сыры өлең-жыр құмар халықтың сезімімен, қиялымен, ойымен араласып жаңа бұлақтардың көзін ашады, сол арқылы дария суын молайтады. Осы жыр-дарияны толтырған қазақтың халық поэзиясы мен аты белгілі ақын-жыраулары бүгін әлемге аян. Бұқар жырау, Дулат, Махамбет, Шортанбай, Абай - барлығы да өз алдына бір-бір жыр-дария. Үлкен дарияны құрап жатқан асау, арналы, сулы, нулы өзендер. Осылардан кейінгі кезектегі қазақ жырының тарихымен тығыз байланысты есімнің бірі - Сұлтанмахмұт Торайғыров.

Сұлтанмахмут өмірі, жасаған дәуірі мен шығармашылығы жайындағы мәліметтер көп адамға таныс. Бәрін де білетін сияқтымыз. Дегенмен жалпы жұртқа беймәлім «ақын құпиясы» да аз емес. Оның өмір сүрген ортасының күрделілігі мен қайшылықты сипаттары тудырған біраз туындылары да жабық күйінде қалып келді. Бүгін, көне мұраларымызды тугендеп, қайта қарап жатқан заманда Сұлтанмахмұтты да қайта оқу қажеттігі де осымен байланысты.

Сұлтанмахмұт өмір сүрген кезең - XX ғасырдың бас кезі - Ресей топырағындағы ең бір дүр сілкіністің, азаттық үшін арпалыстың кезеңі болды. Бірімен бірі қабаттасқан үш бірдей төңкеріс патшашылдық биліктің тас талқанын шығарды. Отаршылдық езгінің әлсіреуі ұлттардың оянуын тездетті. Қазақ жеріндегі отаршылдыққа, әлеуметтік езгіге қарсы күрес те осындай жағдайда өрістеді. Патшаның отаршылдық саясаты еңсесін көтертпей, екінші жағынан феодалдық-патриархалдық мешеулік, қараңғылық шырмаған халықтың азаттыққа, рухани жаңаруға ұмтылуы қаншалықты қажеттіліктен туса, соншалықты сол кездегі тарихи жағдайдың сәттілігінен қолдау тапты. Оларды көшелі көсемдер - Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтар басқарды. Олар елдің дербес, тәуелсіз жолмен дамуына, мәдениет пен прогреске ұмтылуына жол салды. Сұлтанмахмұт осы идеяны жақтаушы болды. Ол туған халқын феодалдық кертартпа салт-сананың, қараңғылықтың езіп-жаншып отырғанын ашып көрсетер өткір, сыншыл өлеңдер жаза отырып, оларды ілгері ұмтылуға, өз тағдырын өзі жасауға қатысуға шақырды. Ұлттың азаттық жолындағы күресіне үн қосты. Ізашарлар соңынан еріп, қазақ халқына атар таң, келер жарық сәуле, нұрды солардың есімдерімен байланыстырды. «Таныстыру» (1918) поэмасында «Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов... бірі - Күн, бірі - Шолпан, бірі - Айым» деуінің негізгі сыры осында болатын.

Әр ақынның тағдыры әр түрлі жағдайда қалыптасады. Тұқымы топыраққа түсіп, оңай өнім беретін де, талмай ізденіп, қиыншылықпен алыса жүріп шындық жолын табатын да ақындар болады. Сөйте жүріп олар өз тағдырын өзі жасайды. Сұлтанмахмут осы соңғы жолмен жүрген ақын. Ол өз өмірін өзі, өз өлеңімен жасады. Ақынның шығармашылық жолын қадағалай қарап, өлеңдерінің жазылу ізімен жүрсеңіз, бұған көзіңіз әбден жетеді. Сұлтанмахмұт көрген өмір азабы, жоқшылық, жас таланттың соған қарамай ізденіп шарқ ұру іздері – бәрі оның шығармаларында сайрап жатыр. Бұл жағынан оны өмірі мен тағдыры өлеңінде өрілген ақын деп айтуға әбден болады.

Сұлтанмахмұттың бірсыпыра шәкірттік өлеңдері (1907-1911) сақталған. Ондағы түр мен көркемдік ізденістерінде жетіспеушілік бола тұрса да, олар жас ақынның қоғамдық құбылыстардың мән-мағынасын, сырын түсінуге ұмтылысымен, өлең тілімен сурет жасауға деген алғашқы талабымен ерекшеленеді. Ол қоғамдағы әділетсіздік туралы, әйел тағдырына немқұрайды қарайтын мінез жайында, дін мен діни оқудың схоластикалық сипаты жөнінде айтады. Оларға өз ұғымындағы әділеттілік, адамдық, ар-иман туралы түсініктерді қарсы қояды. Суреткерлікке ұмтылыс оның бай қызы мен бай ұлының, байлық пен кедейліктің бейнесін танытуға арнаған жырларынан байқалады. Алайда олар үлкен ұғымдағы саяси көзқарасты, ақындық бағым-бағдарды анықтай алмайтын еді. Бұндай ақындық таным мен байсалды көзқарас Сұлтанмахмұттың 1912 жылдан басталатын шығармашылығының жаңа кезеңінде ғана бой көрсетеді. Соған қарамастан жас ақынның алғашқы талабы оны ескі ұғым мен діни білімнің шеңберіне сия қоймайтындығының белгісі сияқты.

1912-1913 жылдары Сұлтанмахмұт Троицк қаласына келіп, онда әуелі медреседе оқып, кейін «Айқап» журналының редакциясында қызмет істейді. Осы кезден басталатын шығармашылық жолында оның ағартушылық көзқарасы анық танылады. Ол Абай мен Ыбырайдың осы саладағы ойларын дамыта отырып, өнер мен білім жолына үгіттейді, оқудың пайдасын әңгімелеп, мәдениетті елдердің тіршілігін үлгі етеді. Үмітті жастарға артып, олардың ел, қоғам алдындағы міндетін түсіндіреді. Ақынның «Оқып жүрген жастарға», «Талиптарға», «Оқуда мақсат не?», «Анау-мынау» сияқты өлеңдері, негізінен, осы тақырыпқа арналған. Оларда ақын жастар алдына оқып білім алып, елге қызмет ету идеясын, осы салада бірігіп, күш қосу қажеттігін ұсынады. Сонымен бірге Сұлтанмахмұт ел ішіндегі өнерге, оқуға деген ескі көзқарасты, елдің қараңғылығы мен надандығын сынайды. Ақын өлең түрі жағынан бірқатар жаңа ізденістерін байқатқанмен, бұл жырлар, негізінен, үгіттік өлеңдердің дәрежесінен асып кете қойған жоқ.

Оқу жолындағы үзіліс, «Айқаптан» қызметтен кету, одан кейінгі Баянауылға барып, «Шоң серіктігін» ұйымдастыру талабының іске аспауы Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолына өзгеше бір сипат алып келді. Өмірден қағажу көріп, ойындағысы бола қоймаған қайсар талант жырларында бүлікшілік мінез көріне бастайды. Оны да заман дарытқан еді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері бойынан, өзі айтқандай, «Қараңғылықтың кегіне» ызалана алға ұмтылған, ізденімпаз, білім-өнер аңсаған жаңа ұрпақтың өкілін танимыз. Өмір бойы халқы көрген азап пен надандық, қазақи қыңыр мінездер ашындырған оның «Шындықтың аулын іздеуге» бел шешіп кірісуі де осы кез. Осы жолда ол алдымен, орыстың тілі мен ғылымын үйренуді мақсат тұтады...


Егемен Қазақстан,
№87-88, 17 сәуір, 1993 ж. (үзінді)

М.ӘЛІМБАЕВ

АҚЫНДАРДЫҢ СҰЛТАНЫ
(Ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы мөлтек сыр)


Кейде «Есіл - қайран ерім-ай, еліне берерін түгел бере алмай кетті-ау», - деп өкінетіміз бар. Иә, өкінішсіз өлім жоқ. Әйтсе де! Аз жасаса да, өртеніп өтетін, асыра асыл сыйлап үлгеретін арманына жететін алыптар болады! Олар, әрине саусақпен санарлықтай өте аз. Сол аз ғана әзіздердің біреуі қыршын классик, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров! Әдебиет тауларын нөмірлеуге мен де қарсымын. Сонда да пайғайбар ақын Абайдан кейінгі талассыз даусыз заңғар тұлға - Сұлтанмахмұт ақын! Жиырма жеті жасының өзінде жүздегі абыздың ақылмен сөзін айтып кеткен, туған халқының туын биік еткен, кемеңгер перзенттерінің бірі де ақындардың сұлтанындай осы Сұлтанмахмұт!

Ұлы ақынның өлең-жырларын мен тілім шыға жаттап өстім. Өйткені, менің нағашыларым да, өз әкем де қадымша оқыған азаматтар еді. Нағашым Әбдірахман мен әкем Айтмағамбет - Уфадағы медресе Ғалияны бітірген кісілер. Ал анам Зейнеп тумысында ақын боп жаратылған уақыттан болар - балаларына Бұқар жырау, Көтеш, Абай, Сұлтанмахмұт, Сәбит Дөнентаев, Иса, Естай... өлеңдерін жастай жаттатты.

Тірлігінде де, дүниеден баз кешкеннен кейін де сорлап бағатын пенделер болады. Сұлтанмахмұт тағдырын ойлағанда да мен сол сормаңдайларды еріксіз еске аламын. Ұлы ақынның өзі де әлі күнге дейін мерей сыбағасын толық ала алмай келе жатқаны соның айғағы!

Көзі тірісінің өзінде де көзтүрткіге ұшырағаны бар деп есітеміз. Ол аздай көз жұмған соң да шет қақпайды, сын сойылын көп көрді: сан-саққа жүгіртілді, «буржуазияшыл, ұлтшыл» да атанды. Мұрасы қайшымен туратылды. Толық-түгел күйінде, академиялық басылым болып әлі бір рет те жарық көрмей келеді.

Осындай салдар-себептердің қырсығынан Сұлтанмахмұт мұрасының зерттелуі де көңілдегідей мардымды емес. Профессор Бейсембай Кенжебаевтың монографиясы күні кешеге дейін жалғыз-дара жұбаныш боп келді. Ол кісінің де өз көкейінде түйген биік бағымдауын айтуына мүмкіндік бермедік, ауыздан қақтық.

Халық жазушысы Дихан Әбілевтің трилогиясы да Сұлтанмахмұттануға қосылған үлкен үлес. Алайда автор қызыл империяның қыспағында қиын да күрделі бейненің күшін сырларына тереңдей бойлап тебіренуіне қолбайлау болған көптеген қитұрқыдан құтыла алмағаны тағы да аян.

Қыршын классик қысқа ғұмыр кешкенімен, қазақ қаламгерлерінің келер буындарына ұстаз, мәңгілік ұстаз боп қалады.

«Елімнің мен шын ұлы екеніме

Тағдырдың өзі берер куәлікті».

Өзі кәміл сеніп кеткен кемеңгер ұстаздығы парасатты да, құдіретті де. Мәселен, «Адасқан өмір» мен «Дала ақыны мен қала ақынының айтысы» атты публицистикалық-философиялық поэмалардан ғибрат алмаған ақындарымыз кемде-кем: бұл қатарда өзгені былай қойғанда, өзі де кейін классик ақын атанғаи Ілияс Жансүгіров те, алып ақын Қасым Аманжолов та бар. Оны айтасыз, Мағжан Жұмабаевтың поэмаларындағы шалқулар, ұлттық аруақтылық төркінін де анықтау қиын ба?! Ұлттық рухты тудай биікке көтеруде Торайғыров үлгісі айрықша. «Бір адамға» сияқты баллада бастауы, алғашқы гимн үрдісі, өлеңмен жазылған романның пионерлігі - осының әрқайсысы бір-бір сала болса, тарихта өшпей қалуға берілген мандаттай.

Сұлтанмахмұт поэзиясы - ақындық шеберліктің, ұлтжандылықтың, азаматтықтың мектебі. Шынайы ақындарымыздың бәрі де мың бейнелі классиктердің ізбасарлары екені де даусыз. Қайталама басылымы қарымсыз әрі тым сирек, насихатталуы да мардымсыз, зерттелуі ауыз жарытпастай аз болса да Сұлтанмахмұт мұрасына деген халық құштарлығы қашанда биік! Өз басым рухани да, әдеби ұстазымның екі томдығын Абай кітабымен қатар жастығымның астында сақтап, әлсін-әлсін парақтаймын. Оқыған сайын өзім де, өзгелер де аңдамаған ақындық өрнектер мен ой кестелеріндегі өзгешеліктерін, яғни жаңалықтарын ашамын! Ғибрат алуға талаптанамын. Жастай жабысқан дерт – сырқаттық, жоқшылық пен тапшылықтың қасіретінен діңкелеп жүрсе де, мойымай қыруар білім теріп, өнер ізденіп, өлең шыңдап, өзіне дейінгілер көтерілген өр асқарларға құлаш ұрып, қыз бұрымындай қысқа ғұмырында тыңнан сөз асылдарын жасап үлгеру - ерлік емес пе?!

Жиырма жеті жасымызда ел құлағына сіңер екі сөзге ие бола алмағанымызды еске алсақ, Сұлтанмахмұт сияқты заңғарлардың өлшеусіз еңбегіне ой көзін еріксіз саласын - ғибрат табасың! Сол жиырма жеті жасында бос белбеу бозым, тізгін тұта алмас болбыр (әрине, бұл сөзді мен әдебиет саласына қатысты айтып отырмын) болғаннан саусың ба деп, өзіңді-өзің ойша сілкілейсің...

Тагыда бір өкінішім бар: осы күнге дейін Абайдан бастап әр алуан ақын-жазушыларымыз жайында әр тұста зерттеулер жазсам да, ұлы ақын Сұлтанмахмұт шығармашылығы жөнінде екі-үш өлең арнағаным болмаса, шәкірттік түйіндерімнен, үйренісімнен хабардар етер лебіз білдірмеппін.

Күні кеше ғана ортамызға оралған Алатаудай асқар ақын Мағжан өнегесі хақында машинкаға басылғанда алпыс беттей эссе жариялап, 1992 жылы жарық көрген «Толқыннан толқын туады» кітабыма қоссам да, ақындардың сұлтаны Сұлтанмахмұтке келгенде кешеуілдегенімді өзіме тіптен кешірместеймін... Содан былтыр және биыл «Қыршын классик» деп аталатын эссе-зерттеуімді тәмамдадым. Көлемі екі баспа табақтан астам. Бұл ақын жайындағы ақындық ой толғаныс.

Облыстар аралық «Алматы ақшамы» газетіне ұсындым...

Сұлтанмахмұттану ғылымын өрістету келешектің уәзипасы... Бұған көп болып, ұлы ақынның өнегелі, өміршең шығармашылығын барлық қырынан, сала-сала тұрғыдан жаңаша зерттеп, халыққа таныту, оның ұлттық ұлағатын жастар бойына дарыту парызымыз! Сұлтанмахмұт Торайғыров ақындығын ең алдымен мектепте оқытуды жақсартудан бастап жаңартуды, классик мұрасына деген ынта-құштарлықты оятуды ізденімпаздықпен жолға қоюға керек. Осы күнге дейін «жоғары идеяшыл» әдебиетшілеріміз тақырыптар төңірегінде ғана тамсанудан әрі аса алмай келді. «Кедей» дастаны керемет!» - деумен шектеліп жүрді. Әр қаламгердің алдындағыларға да, замандастарына да ұқсамас айырым-алабөтен суреткерлік құдіреті ерекшеліктерін ажырата көрсетуге келгенде көптеген зерттеушілердің зеректігі де, зергерлігі де жете бермейді. Зерттеушілердің жаңа ұрпағы да әдебиет сахнасына көтерілер, таланты да, білігі де биік болар көне замандардан басталатын әдебиетіміздің қадыр-қасиетін өз халқымызға да, алыс-жақын көршілерге де, өзгелерге де өнерлілікпен, ғалымдықпен таныта түсер деп сенеміз.

Ақындардың сұлтанын тудырған халқымыздың өзіндік өнер қасиетін үздіксіз зерттеп. Тани берейік.


Сарыарқа самалы,
№80,10 шілде, 1993 ж.

С.ӘСІП

ҚАЙТАЛАП ОҚИТЫН ДАСТАН


Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларының құндылығы соншалық, оны қаншалықты қайталап оқып, қаншалықты көп тыңдасаң да жалықтырмайды. Оқыған, тыңдаған сайын жаңа бір қырлары жарқырай көрініп, жаңа бір дүниені ашқандай болады да тұрады.

Ақынның «Адасқан өмір» дастанындағы лирикалық геройды алып қарайық. Оның пайымдауынша жарық дүниеде себепсіз жарала салған, жоқтан бар болған ештеме жоқ. Жалғанда қанша жан бар? Адам дейсің бе, маймыл дейсің бе? Әлде мал дейсің бе? Не ағаш, не шөп туралы әңгіме қозғап, сұрақ қойсаң да мейлің. Бәрі де белгілі бір себептің жемісі екені дау туғызбайды. Соншалық жан иелерінің ішінде адамның алатын орны бөлек. Табиғатта оның ми күші жетпеген құпия сырлар жылдан-жылға азайып барады. Дүниедегі бар нәрсені түрлі-түрлі түстерге енгізіп, себепті қолдан жасауға да адамның күші жетеді. Ол күш лирикалық герой толғанысынан айқын көрінеді:

Себепті жарата алар адам қолдан,
(Жері сол хайуандардан артық болған).
Себепті жарата алу арқасында,
Адамзат еңбегімен егін орған.
Ормаса өнер, ғылым қайдан шықты,
Бұл күнгі тіршілікке болған қорған.
Себебін білгендіктен буды көлік,
Қылып адам отыр ғой пайда көріп.
Аспанда құстай ұшып, суда жүзіп,
Өмірі бұрынғыдан тапты көрік.

Бұдан әрі лирикалық герой әділдік пен адалдық та, залымдық пен арамдық та белгілі бір себептердің жемісі екендігін оқушының көзін жеткізе дәлелдеп береді. Олай болса адамзатты әділдікке үйретіп, жамандықтан бездіру әбден мүмкін деп сендіреді. Осылай бір түйін тастайды да оқушы, тыңдаушыларына арнап:

Келіңдер сол себепті жаратуға,
Жаратып ап, өмірге таратуға.
Адам ұлы дүниеге жіберілген
Себепті бағындырып қаратуға, - деп қуатты жар салады.

Ғылым адам еңбегін жеңілдетіп, тұрмысын жақсартатын, экономиканың дамуын тездететін қуатты да игілікті күш екені белгілі. Адамзаттың озық ойлы ағартушылары оны солай бағалаған. Қазақ ағартушылары да солай түсінген. Ал Сұлтанмахмұт ғылымның пайдасымен қатар адамды апатқа ұрындыратын зияны да бар екенін көре білді. Және ол ойын батыл да ашық айтудан тайсалған жоқ. «Адасқан өмір» дастанынан бір мысал келтірейік:

Бірақ бүгін ғылымның тапқандары,
Пайдасын көрсеткен жоқ кедейге әлі.
Азусыз қасқырларға азу болып,
Қой халін ауырлатты онан әрі.
Бұрын көл болса, енді теңіз болды,
Өнердің арқасында адам қаны,
Бұл қалыпты ғылымды пайдалы деп,
Алғыс айтып тұрған жоқ жанның бәрі.

Азусыз қасқырлар тұс-тұстан анталап жүрген заманда олар ғылым табыстарынан өздеріне жаңа азу жасамайды деп кім кепілдік бере алады? Ғылым табыстары адам игілігі үтпін жасалса ғана жақсы екен де, егер жауыздық қолына түсіп, жаппай қырып-жоятын қаруға айналса апат екен. Қазақ елі оны 1919 жылы Сұлтанмахмұттың аузынан естісе, 1945 жылғы тамызда Американың екі атом бомбасы жапонның екі қаласын жермен-жексен еткенін радио, газет арқылы біліп жағаларын ұстады. Арада 4-5 жыл өтер-өтпесте ауада жасалған сынау жарылыстарын Семей елі көздерімен көріп, жандары түршікті.

Ақынның «Адасқан өмір» дастанын көпке дейін өзіміз дұрыс түсіне алмай, оқырмандарға түсіндіре алмай келдік. Оны қазақ топырағында, қазақ ақынының қаламынан туған көп жақсы шығармалардың бірі ғана емес, жалпы адамзаттық проблемаларды көтерген философиялық үлкен туынды деп бағалауға батылдығымыз жетпеді. Шығарманың поэтикалық күшіне қайран қалып, философиялық пайымдауларына сұқтана тұрып, жол араларына қадала сығалап, кейбір пікірлеріне үрке қарадық. Әсіресе:

Менде де өз шамамша бар ғой зейін,
Кімде зейін кем болса, соны жейін.
Дүние жеу, жегізу майданы екен,
Жеңе алсам жейміндемей мен не дейін.
Әділдік болады деп тоса берсем,
Өзімді жеп қоятын оған дейін.
Байып алып біреуді мен де жекпей,
Неге өгіз боп оларға жегілейін, -

деген жолдары әкімшіл-әміршіл жүйе жолбасшыларына жат көрінді. Озбырлық, алдау-арбау, кісі еңбегін қанаушылық дәуірлеп, адам құқығы аяққа тапталып, әділетсіз қоғамда өзімшіл пысықтар соңдай ойда болған. Ақын сол шындықты ашына жазып, адасқан заманның адасқан өмірін бейнелеп берді. Зейінді озбыр зейіні кем момынды өгіз қылып жегіп алуын айыптады. Оны тұспалдап айтылған ақын сатирасы деп түсінбей, тура мағынасында түсініп, адасып жүрген өзіміз. Сұлтанмахмұттың лирикалық геройы, түптеп келгенде, ақынның өзі қандай өмірді, қандай қоғамды аңсады? Оны қара сөзбен өңін қашыра қайталағаннан гөрі дастанның өзінен бір мысал келтіруге тура келеді:

Бар адам жерден тамақ алмақ үшін,
Жиылып бірге күшін салмақ үшін,
Бірі еңбек қып, бірі оны жатып жемей,
Теп-тегіс бұл жұмысқа бармақ үшін.
Кәрі демей, жас демей, күшсіз демей,
Олжадан бірдей пайда алмақ үшін.
Әкіммін, әулиемін, әскермін деп,
Бір-бірін жейтін сылтау қалмақ үшін.
Әділдік, ұлт деген сөз, дін деген сөз.
Залымның жем болмауға қармағы үшін,
Істелер мұнан былай менің ісім:
Жұмсалсын сол ниетке барлық күшім!
Мен ғашықпын көруге әділдікті,
Тегіс қылып көркейген өмір түсін.

Бұл қазақ ақыны Сұлтанмахмұт ғана емес, жалпы адамзат ұлы гуманистерінің арманы болғанын кім бекер дей алады? Адамзат қоғамының, елдер мен халықтардың тарихы олардың бастарынан кешірген үлкенді-кішілі оқиғалардың жай тізбегі емес, әділдік пен озбырлықтың, адалдық пен арамдықтың күрес тарихы. Озық ойлы, ақ ниетті адамдар жоғарыда Сұлтанмахмұт суреттегендей қоғамды аңсаған. Замандастарын сондай қоғам құруға жан сала шақырған. Бұл жолдың сайрап жатқан даңғыл жол болмағаны, ол жолға түскендердің көп қарсылықтарға кездесіп, көп адасқаны белгілі. Кезінде көп адамға дұрыс көрінген қоғамдық құрылыс, оның заңдары уақыт талабына жауап бере алмай мансұқ етілген де, басқа бір қоғамдық құрылыс, басқа бір заңдармен ауыстырылған. Өз заманын талмай таразылаған ғұламалар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері жаңа идеялар ұсынған. Олардың ой-пікірлері миллиондардың санасын билеп, әркімнің өз ойы, өз пікірі болып материалдық күшке айналған. Халықтың жаппай толқу, көтерілістері билеушілердің біреулерін лақтырып, олардың орындарына басқаларын отырғызған. Бір ғажабы, «бұл күнде адасудан көз ашпадым» деп Сұлтанмахмұт айтқандай, адамзат қоғамы қаншама көп ізденсе, соншама көп адасуды бастан кешірген.

Олай болса, «Адасқан өмір» дастанын жалпы адамзат қоғамының проблемаларын батыл көтерген, оның аңсаған арманын көркем бейнелеген шығармалардың бірі деп бағалау дұрыс деп білеміз.

Ол үшін, жоғарыда мысалға келтірілген үзіндіні қайта бір оқып, ойланып көрейікші. Ақын суреттеген әділетті қоғам адал ниетті барлық адамның өмірлік мақсаты, арманы емес пе. Коммунистік империя құлап, шаңырағы ортасына түсті. Газеттер мен журналдардың басында тұратын «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» ұраны алынып тасталды.

Биыл Сұлтанмахмұттың туғанына 100 жыл толды. Бұл мереке оның мұрасын танудағы жаңа белес болмақ. Туған әдебиетіміздегі биік тұлға бұрынғыдан да биіктей түспек. Еңді оның таңдамалы туындыларын басты-басты шет тілдерге аударып, ұлы ақын тойына шашу шаша алсақ нұр үстіне нұр.


Халық кеңесі,
№126, 8 шілде, 1993 ж.

А.ШАМКЕНОВ

АҚҚАН ЖҰЛДЫЗДЫҢ СЫҢАРЫ
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын қайтадан оқығандары әсер


Соңғы екі ғасырдың ішінде қазақ халқының маңдайына сыймай, дүниеден тым, ерте өткен екі дарын иесіне деген ынтық көңіліміз суыған емес, ешқашан суымайды да. Он тоғызыншы ғасырда Шоқан Уәлиханов пен жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров азғана ғұмыр кешіп, өмірден аққан жұлдыздай зу етті ғой. Әттең не керек, құдайым екеуіне тым болмаса тағы бір оншақты жылды бұйыртқанда, қаншама мұраға кенелер едік. Бірақ, екеуінің де мәңгі өшпейтін із қалдырғанын ескерсек, өкініштің де реті жоқ секілді. Мәселе кімнің көп, кімнің аз жасағанында емес-ау, сірә. Ең құнды шығармаларын жасы ұлғайған шақта жазғандар бар да, аз уақыттың ішінде баға жетпес мол дүние қалдырған орыстың Лермонтовы сияқты дарындар әр халықтың әдебиетінен де кездеседі. Соның бірі - өзіміздің Сұлтанмахмұт.

Ғұмырының аққан жұлдыздай жалт беретінін сезгендей, Сұлтанмахмұт алты жасынан хат тани бастап, он бір жасынан-ақ өлең жазумен әуестенген екен. Әуелгі әуесқойлық оны он төрт жасынан бастап, осы өнерге әбден мойыңдатады:

«Қаламды шын беріліп алдым берік,
Әлдеқандай бір күшке көңіл сеніп.
Бұрын жалғыз оқу еді іздегенім,
Енді оған өлең жазу болсын серік», -

деп енді өзінің осы жолдан айнымайтынын білдіріп, өзіне өзі серт бергендей болады.

Он жеті, он сегіздің арасында-ақ, кәдімгі көргені көп салиқалы жыршыдай, адамгершіліктің биік сапынан көрінеді. Оған «Ұлт» деп аталатын мынау бір-ақ шумақ өлеңі айқын дәлел:

«Кәпір» бар, «мұсылман» бар - барлығы адам.
Оларды алалайтын қандай надан!
Өнер, білім, әділет кім қолдаса,
Қай ұлт болсын - бәрі бір бауыр маған».

Бұдан сексен екі жыл бұрын жазылған осынау өлең жолдарынан ақынның парасаттылығы аңғарылғандай емес пе? Арада қаншама өзгерістер болды. Қазан төңкерісі, азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы, социализм жылдары, міне енді әр халықтың өз тәуелсіздігін алған дәуірге енгендейміз. Дәл осы тұста айтылар көкейіміздегі сөз ғой бұл. Ақын ұлт араздықтан сақтандырып, елдің болашағына көз жіберіп, ең маңызды мәселенің жәй-жапсарын түсіне білген.

Тіршіліктің тауқыметін бала кезден сезінген ақын еліне елеулі адам болу үшін, бәрінен бұрын білім керектігін әр кезеңде еске салып отырады. Бар қиындықты тек ғылым жолымен жеңуге болатынын уағыздайды. Өнерлі ел өзіне керек бар мұқтажын жерден өндіріп табатынын, басқаға малайлыққа жеккен күшін адам өзі үшін жұмсаса, көрінгенге жем болмай тер төгіп еңбек етсе, сонда ғана теңдікке қолы жетер еді дегенге шақырады. Әйтеуір надандықтың бүғауынан құтылып, іргелі ел болу үшін бар күш-жігерді соған қарай бейімдеу керектігіне баса назар аударады:

«Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өшірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек!»


Қазақ әдебиеті,
№27, 2 шілде, 1993 ж. (үзінді)

                   
 
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті