О.БӨКЕЕВ

САРЫАРҚАНЫҢ ЖАҢБЫРЫ
(әңгіме)


ҚАЗАҚТЫҢ құйрықты жүлдыздай жарқырай өте шыкқан аса дарынды ұлы Сұлтанмахмұт Торайғыров қысқа ғұмырының ішінде Алтай атырабында да болып, бала оқыткан еді. О. Бөкеев әңгімесі - ақынның сол бір аламан албырт, асау күндері хақында.

I

Күн еңкейіп барады. Мен Қызылқайын сарқырамасының жағасындағы кәрі қайыңның түбінде ойға батып отырмын.

***

Жазатырдан елең-алаңнан шыққан қос атты күн екіндікке таяғанда Аршаты ауылына кеп түсті. Жүрістері суыт емес, аттарын сипай қамшылап қатты аяң мен бүлкек ит желістен оздырған жоқ-ты.. Сондығы ма міністерінің алқымы мен құлағының түбі ғана жіпсіпті. Өздері сергек. Күн ұзағы жүріс бойларын ала алмаған. Дік-дік түсе-түсе қалысты да аттарын бұғының қатып-семіп қалған мүйізі қағылған кермеге байлай салды. Ағаштан қиып салған қос бөлмелі үйге беттеді.

Айнала сынсыған қалың тайга. Қия бетке орналасқан жиырма шақты киіз үй етекке домалап кетердей. Бойларын көкке маңғаз созып, аса такаппарлықпен жайлап қана тербеліп тұрған ағаштың ұшар басына қарасаң бөркіңді қолына аласың; қазбауыр ақша бұлт торлаған аспанды көресің. Шайырдың місі қолқаңды атады. Алтай табиғатының осы бір оқшау көрінісін қызықтағысы келді ме дөңгелек жүзді, сұңғақ бойлы құба шұбарлау жігіт қапсағай денелі қауға сақал шалды оздырып жіберіп өзі жүрісін ірке берді. Салт аттылардың бөтен сыңайын таныған бірлі-жарым адам жасқаныссыз бедірейіп тесіле қарады. Ши борбай айран бет үш-төрт бала құйрығын сабалап құйғытып кеп қалды да бөтенсақ болған соң сілеусін көрген еліктей едірейіп қалт тұра қалысты. Қапсағай шал «Насыбай бар ма?» деп жорта тап беріп еді, бажбаң етіп ыржиысты да, бет алды тыраңдай жөнелді.

- Ақсақал, сіз үйге кіре беріңіз. Мен сыртта тұра тұрайын, - деп құба жігіт шалға қарады. Шал бұрылған да жоқ.

- Мейлің.

Жігіт шағын ғана ауылдың жүдең қалпына көз жүгірте тұрып, қабағын кірукелендіре тық-тық жөтелді. Күндізгі жүріс жон арқасын құрыстандырып тастапты. Салт көп жүрмегендігі болар. Бағана ет қызумен білмепті. Екі иығынан зіңгіттей біреу басып алған секілді. Екі қара саны талып, адымың аштырмайды. Күн алып дәу шоқылардың қалқасында қалды. Мұнда ерте батады екен. Бірақ ұйыған қоңыр барқыт кеші ұзаққа созылып барып, ымырт үйіріліп, көз байланады. Алтай табиғаты қаншама әсем болғанмен ауыл адамдарын әбден жалықтырған секілді. Жолаушы жігіттің үн-түнсіз айналаға көз тастап, балаша аңтарылған жұмбақты тұрысына бірер жалтақтасты да, үйлеріне сып берісті. Сонан әр түңліктен болар болмас жетімек ұшқындар үшты. Тау кешінің өзгеше сырын ұққысы, ұғып алғысы келді ме жолаушы жігіт, сонау батып кеткен күннің артында қалған қызыл батсайын жалқынға қарап тұр. Көңілі бей-жай. Көңілін татар әніндей мұңлы да зарлы сезім басқан. «Тағдыр тарантасы қайда әкеліп тастады. Енді қайда апарады. Адам бұл пәниде тек жүре беруі керек шығар. Адам бұл тертедей ғана шолақ өмірден тек күліп қана өтуі керек емес пе еді. Бірақ менде жүру бар да, күлу жоқ. Өмірімнің өрлерін бүтіндей оқуға, білім алуға бағыштамақ едім. Қысқа жіп күрмеуге келмеді. Қырсықтың құрығы үзілмеді; - Міне бақыт ұшпағына шығарар баспалдақ! - деп кім ұсынар алдыңнан игілікті. Шоқпыттың қайда қалмаған бір ұлы. Егер ертеңгі күні көзің жұмылып кетсе, бата оқылып, бет сипалады. Қырық күннен соң ұмытыласың. Қандай сорлы әрі аянышты пенде деген. Мынау жаһанға келіп-кеткеніңді кім білер, кім сезер. Меңдеген сырқатым күндердің күнінде алып жесе, артымнан аңырап қалар кімім бар..? Е... е... Мақыш, ақын емес, дәруіш болғаның осы. «Жігіт ауыр күрсінді. Көзіне ащы жас іркілді. Таудың кешкі салқын лебі бойын ұстап, тоңдыра бастады. Желбегей жамылған кеудешесін қаусырынып, қоналқы үйге беттеген.

Сығырайған май шамның жарығы бөрене-бөрененің ара-арасынан мүгі сапсиған ағаш үйді қара көлеңкелеп тұр. Төр алдында дөңгелек тақтай стол. Стол үстінде орта тегене қымыз. Сыңайы ішіліп орталанса керек. Қауға сақал шал төрде бір шынтақтай жатыр да, оң жағын ала ағаш төсекке арқасын сүйей бір жақ көзінің тарыдай ағы бар тағы бір қарт отыр малдас құрып. Махмұттың сәлемін сақалын саумалай ілтифатпен қабыл алды:

- Уағалейкумуссаләм, жол болсын, балам. Төрге шық. Былай, ана жол, серік атаңның ірге жағына шығып кет. Сыртта көп аялдап қалдың-ау.

- Махмұттың ол әдетін жақсы білем, Ореке. Кеш болса күбірлеп дүзде жүреді. Әлгінде қымыз ішуге шақырттырмағаным да сол. Ойдың адамы ғой. Кешкі көкжиекке көз жібермесе ұйықтай алмайды білем, - деп Махмұттың орнына жауапты қауға сақал берді. Көзі шегір шәушиген сары бәйбіше қымыз құйып беріп отыр. Кимешегінің жақтауын қайта-қайта созғылап самайынан құлағына ысыра береді. Тегі тар тігілген секілді. «Шүкір» деген есендіктен соң ләм деп аузын ашқан жоқ. Тұқырған күйі жалын шалған ағаш ожаумен үйірілген сары қымызды дамылсыз сор-сор сапырады. Ішінде жылан жатса да, бала жылап жатса да ссздірмейтін мерез адам сынайлас. Әлгі әңгіменің ақыры шолақ қайырылды да, қылқ-қылқ қымыз ішісу біраз үнсіздік жайлапты:

Төргі үйде небары бимәлім. Алдыңғы ауыз үйде қазақы қара сықырлауық төсек, бірер бөстек, жез құман, ортадағы дөңгелек стол мен үй иесі шалдың ескі елік ішігінен өзге жә деген зат жоқ. Оң жақ босағада күміс маңдайы жалтырап қасқайып жатқан қазақы шапқан ер-тұрман ғана зәудеғалам ұры түссе қолына ілігері. Бұл үйдің бар байлығы осы ер, бар шайлығы - қымыз секілді.

Ербең еткен бала көрінбейді...


Лениншіл жас,
№222, 11 ноябрь, 1967 ж. (үзінді)

М.ҚАРАТАЕВ

ПОЭЗИЯ МҰРАТЫ
СЪЕЗД АЛДЫНДАҒЫ СЫРЛАСУ


Алда республика жазушыларының, одан соң Одақ жазушыларының кезекті съездері тұр. Бұл қарсаңда әдебиетіміздің кеңінен толғап, кемел пікірлесер, ашық та еркін сырласар көп мәселелері бар. Осыған орай редакция қызметкерлері республикамыздың бір топ әдебиетшілеріне жолығып, олардан қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті проблемалары, жеке жанрлар жағдайы туралы өз ойларын ортаға салуды сұраған еді. Біз бүгіннен бастап сол авторларымызды «Қазақ әдебиетінің» диалогы» деген рубрикамен сөйлетіп отырмақпыз.

Сұрак: Туысқан партиямыздың XXIV съезі болып өтті. Сьезд жұмысының барысынан алған әсеріңіз бен әдебиет міндетіне байланысты түйген пікіріңіз жайында не айтарыңыз бар?

Жауап: Айтар сөз ұшан-теңіз. Керемет әсерлер туралы бүкіл халық болып, дүние жүзіндегі прогресшіл адамзат болып айтып жатыр ғой. Ал қалам қайраткерлері үшін бұл – бір жолдың ғана әңгімесі емес. Съезд қорытындысынан туатын әдебиет міндеттері туралы жеке де, коллектив болып та әлі көп-көр әңгімелерміз, оларды қалай жүзеге асыру жөнінде ойланып-толғанармыз да, ізденіп, еңбектенерміз. Таяуда шақырылатын республикалық, одақтық жазушылар съездерінің де қарайтыны осы болмақ.

Бүгінгі әлем дүниесін, халық өмірін жетік білмей жақсы жазушы болу мүмкін емес десек, сол білімге тетік Л.И. Брежневтің баяндамасы. Сонымен бұл баяндама бір жағынан әдебиеттің халықтығы, партиялылығы жөніндегі тақырыбы мен көркемдік сапасы жөніндегі проблемалық мәселелері мен міндеттерін терең ұғындырса, екінші жағынан халық өмірін терең зерттеп, дұрыс танудың сара жолын салып берді.

Сұрақ: Осы принциптің қазақ поэзиясында жүзеге асуы жөнінде не дейсіз?

Жауап: Әдебиет пен өнердің басқа саласы секілді қазақ поэзиясы да коммунистік құрылыстың жалпы халықтық ұлы ісіне қатысуды өзінің партиялық принципке сәйкес қасиетті міндеті деп біледі.

Қазіргі әңгіме – алдымен поэзияның партиялылығы туралы, партия ісі мен идеясының поэзия тілінде жаршысы мен жыршысы болу туралы ғой. Ендеше «поэзия тілінде» дегенді әдейі баса айтуға тура келеді. Неге десеңіз, мұнсыз, поэзия тілінсіз, яки көркем формасыз жалаң тақырып, жадағай мазмұн поэзияның партиялылығы болып табылмайды.

Өмірге марксизм-ленинизм дүние танымы тұрғысынан қарап, шындықты Коммунистік партияның идеологиясына сай көркем бейнелеу – партиялылықтың басты шарты. Әрине, Ленин образын жасаудың (бұл істе еш шек жоқ), сондай-ақ партияның қоғамдағы жетекшілік ролін жарқырата да жан-жақты көрсеге алудың маңызы айрықша зор. Сондықтан да, соңғы кезде қазақ Лениншанасының жетілуін біз мақтан етуіміз керек. Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты туған өлеңдермен бірге А.Тоқмағамбетовтың, Қ.Бекхожиннің, Қ.Мырзалиевтің, М.Мақатаевтың және Ғ.Жұмабаевтың Ленин туралы іргелі поэмалары жалпы әдебиетімізге қосылған жаңа үлес болды. Ұлы көсем туралы соңғы екі-үш жыл ішінде жарияланған жүзге тарта өлең жөнінде де осыны айтуға сияды. Біз бұдан былай да Ленин туралы, партия туралы туындыларға барынша ден қоямыз, әрқашан да бұл тақырыпты мақсат тұтып алға ұстаймыз.


Қазақстан әдебиеті,
№16, 16 апрель, 1971 ж.

Қ.ЕРГӨБЕКОВ

КІРІСПЕ СӨЗ НЕМЕСЕ МӘСЕЛЕНІҢ ҚОЙЫЛЫСЫ


1. Қазіргі уақыт — қызық уақыт, қиын да күрделі уақыт. Шын мәніндегі сөз бостандығына қол жетіп, уақыт қиракездігінен көз жазып қалған талай аяулы арыстарымызды ақтап, ашып, халыққа қайтарып жатырмыз. Қайта ашылып, дүниеге қайта келген алыптармен көзайым жүздесуден - бұрыннан халық мойындаған асылдарымызға уақыт жетпей, сәл кенже қалып бара жатқан секілді. Шынтуайтында қайта ашылған «жаңа» мен есесі толмаған, жете індетіліп болмаған «ескіні» қатар ұштастыра, жарыстыра, сабақтастыра жіті зерттер болсақ қана ұтамыз. Бұл орайда, әр буын қазақ ғалымдары ақи-тақи аштық, кәміл қалыптастырдық деген жеке ақын, жазушылардан бастап, тұтас-тұтас дәуірлерге дейін жаңа уақыт көзімен қайта қарап, дұрысымыз қайсы, бұрысымыз қайсы — соны бір ой елегінен өткізіп алмағымыз абзал. Неге десеңіз, жете зерттедік, жекетану ретінде қалыптастырдық дейтін абайтану, махамбеттану, сұлтанмахмұттану секілді ілгері ілімдердің де күн тәртібіне көтерілген жаңа мәселелері туындап отыр бүгін. Абайдың тұңғыш биографы Әлихан Бөкейхановсыз, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовсыз, олар жазған сын-зерттеу, арнауларсыз ұлы ақынды жіті таныдық деу, әйгпесе Халел Досмұхаметовсыз Махамбет ақынды, Жүсіпбек Аймауытовсыз Сұлтанмахмұтты зерттеп, танып білдік деу — ұшқарылық болар еді. Сондықтан М. Әуезовтің абайтануға, Қ. Жұмалиевтің махамбеттануға, Б. Кенжебайұлының сұлтанмахмұттануға сіңірген еңбегін жеке-жеке ілім қалыптастырған қайраткерлігін зор сүйіспеншілікпен бағалай отырып, аталған (аталмаған) ақын-жазушылардың асыл мұрасына да қайта бір оралып ыждағатты үңілу — қастерлі парыз. Ендігі міндет — аталған ұлы ақындар (және олардың ақындық айналасын) әдеби мұрасын ғана емес, сол ілім (абайтану, махамбеттану, сұлтанмахмұттану, т. б.) қалай басталып, қалай қалыптасқанын қат-қабат қарастыру. Осындай ойды нысана еткен біз бүгінгі мақаламызда сұлтанмахмұттанудың бүгінгі уақытқа орай туындаған кейбір мәселелерін әңгімелеп, алда тұрған міндеттерді айқындауға арнадық.

Сұлтанмахмұт Торайғырұлы — қазақ халқының сүйікті перзенті, асқан дарынды ақыны. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі тұтас дәуірді айқындап тұрған тұлғалы талант, ұлы ақын. Аз жасаса да соңына аса бай, мейлінше қызықты әдеби мұра қалдырып өткен классик ақын. Ақын есімінің өшіп кетпей, ұлтшыл санатта жабық қалмай, бүгінгі ұрпаққа маңдайы жарқырап жетуінде — көрнекті ғалым, профессор Бейсембай Кенжебайұлының зор күрескерлік әрекеті жатыр. Ақын ғылыми өмірбаянын түзу, жинақтарын асқан ыждағаттықпен ғылыми өреде құрастыру, текстологиялық жұмыстар жүргізу, өмір белеңіндегі айтқызбаған кезеңдерді деректі-көркем әңгіме түрінде жазу, ұлтшылдық қарғыс таңбасы басылып жауып тастаған өлендерін мақалаларында атын атамай, түсін түстемей насихаттау... міне қыран жүрек ғалым Бейсекең атқарған істердің қайсыбірі осылар. «Ризамын не көрсем де осы жолда» (С. Торайғырұлы) деп ақын айтқандай, Бейсембай Кенжебайұлының, Сұлтанмахмұтты ақтау, жақтау, сөйтіп үлкен ілімге айналдыру жолында көшпеген бейнеті, көрмеген құқайы жоқ. Бұл — дербес әңгіме еншісі...

Б. Кенжебайұлы бастаған әр буын зерттеушілердің байсалды, табанды әрекеті арқасында сұлтанмахмұттану бүгінгі күнге арналы ілім, жемісті жеке тануға айналып жетті. Бұлай деу айтуға ғана оңай. Әйтпесе Сұлтанмахмұттай асау жүректі ақын басының саяси дау-шарлардан аршылып жеке ілімге айналмағы қайдан оңай болсын?! Бұл ілімнің (сұлтанмахмұттану) «тар жол, тайғақ кешуі» мол-ақ. Сұлтанмахмұттану қастерлі ілімге айналғанға дейін талай-талай қатерді бастан кешті, қасиетке айналғанға дейін талай рет қасіретке соғып-соғып өтті. Қайтесіз уақыт қиракездігі, табысуға тартыншақ, тартысуға тұрысқыш қазақ табиғаты. Міне осындай уақыт ауырлығынан, қазақ оқымыстыларының алты бақан алауыздығынан сұлтанмахмұттануда көп «ақтаңдақтар» пайда болды. Ол «ақтаңдақтарды» шешуді қаншама ғұлама, қайталанбас оқымысты болуына қарамастан аға буын еншісіне саясат бұйыртпады. Олқылық орнын толтыру бүгінгі, ертеңгі буын зерттеушілер міндеті. Әйтсе де сол көшпелі зерттеуді талап ететін келелі көп мәселенің қайсы-біріне тоқталамыз.

Ең алдымен өкініп айтар жай — С. Торайғырұлының өмірі мен шығармашылық тағдырына қатысты жазба құжаттардың жоқтығы. Ақыннан небәрі үш фото-сурет сақталып жетті. Басқалай жазбалай ресми документ жоқ. Сондықтан ақынның жарық дүниеге келген күні, айы, жылынан бастап даулы. Тіпті ақын шығармашылығын зерттеушілер де оның туған жылын әртүрлі таниды.

Біреулер С. Торайғырұлы 1892 жылы, енді біреулер 1893 жылы, тағы бір зерттеушілер 1894 жылы туған деп біледі. Ақын туған-жылдағы ала-құлалықтың бас себебі — қатталған құжат, нақты документтің (тууы туралы куәлік, паспорт дегендей) жоқтығы. Сонымен бірге орысша, қазақша және ескіше, жаңаша жыл санау ерекшелігінен туындайтын айырмашыдық әсері. Ақын туған жылды долбар-топшылауға итермелейтін үшінші бір жағдай өзінің ауырып, өліммен арпалысьш жатып жазған өлең, айтқан қоштасу сезіндегі әрі-сәрілік. Ең соңында, өзі емес, өзгелер көбірек араласып жинақтаған өлең соңындағы шығарма жазылған ай, күн, жұлдызының дұрыс қойылмауы да көп себеп бұл ретте.

Бар мәселе — ақын туған жылға ғана тіреліп тұрған жоқ. Алым-берім бірер жылға соншалық шұқшиып, соншалық өкінішке айналдырмауға да болар еді, егер ақынның ғылыми өмірбаяны мейлінше дәлдікпен, мейлінше мол дерекпен түзілер болса. Мәселенің бұл жағы оның туған жылынан әрмен даулы. Бір зерттеушілер С. Торайғырұлы тапшыл ақын дейді. Енді біреулер тапшыл емес, ұлтшыл ақын дейді.

Зерттеушінің бірі — ақын дүниетанымы қайшылықты десе, енді бірі қайшылықты емес дейді. Ақыр аяғында ақынды былай қойып, өзді-өзі айтысып, жаға жыртысып, есе қайтарысып кетеді, кейбір зерттеушілеріміз. Бұл да жаңарған уақытқа орай жаңаша келіп, қайта қарастыратын мәселе!

Тағы бір ойланарлық табанды түрде атқарарлық мәселенің нобайы — ақын шығармаларының тағдыры. Хронологиялық түрде айтсақ, ақын шығармалар жинағын алғаш Бернияз Күлеев 1922 жылы Қазанда бастырған. Ақын шығармаларын жинап, өмірбаянын түзіп, алғы сөз жазып бастырмақ болған Ж. Аймауытовтың жасаған игі әрекеті, оның өзі ұсталып кеткеннен кейін, 1933 жылы шала шарпы жүзеге асқан. Әріден жоғалумен келе жатқан асыл туындылардың отызыншы жылдары және бірсыпырасы қолды болған, жоғалған.

Көзі тірісінде «Тамшы», «Тентектің жиған шоқпары» секілді тұтас-тұтас жинақтары жоғалса, 1933 жылы ақын күнделігі, хаттары саяси қуғын әсерінен шығармалар жинағына енбей қалады да, кейін ізім-қайым жоқ болады. Іздеген кісіге, ыждағаттаймын деген талапкер жанға бұл да бір ынтығып кірісер, талмай сабылып іздер іс.


Ақиқат,
№8, тамыз, 1992 ж. (үзінді)

Т.РАХЫМЖАНОВ

КӨРКЕМ ДЕТАЛЬ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨНЕРДІҢ МӘНІ


«Сұлтанмахмұт» трилогиясының авторы — Дихан Әбілев, ең алдымен, — ақын. Ол кең құлашты эпикалық шығармасына кіріспестен бұрын көптеген өлең, поэмалар жазып, қазақ оқырмандарына осы саланың майталман шебері ретінде танылған. Содан болар, автор бұл романында Сұлтанмахмұт ақынның көксеген мақсат-мұраттарын, толғаныс, сүйінішін, яғни, кейіпкер психологиясын жан-жақты ашып көрсетуге күш салады. Сөйтіп: «Әдебиетте ақын бейнесін жасаудан қиямет жоқ. Өйткені, шығармаға бас қаһарман етіп алған ақынның «пәлен уақытта пәлен туралы айтқаны еді, жазғаны еді» деп өлеңдерінен, дастандарынан үзінді (цитата) келтірумен ақын бейнесі жасалмақ емес. Ақынды жаңағы шығармасын жазуға нендей өмір, нендей тағдыр тебірентті? Сол тебіренісі поэзия тілінде қандай қан құйды, жан салды — гәп, міне, осында» (Әбілев Д. «Ақын арманы» туралы сыр.: Сөзстан. — Алматы, 1984, 137 б.), — дейді.

«Әдебиетте ақын бейнесін жасаудан қиямет жоқ», — деп, автордың өзі мойындағанындай, Д. Әбілев бұл роман-трилогиясында Сұлтанмахмұттың шығармашылық өнерінің психологиясын ашуға елеулі еңбек сіңірді. Ол үшін С. Торайғыровтың: «Жарқынбай», «Бір адамға», «Алаш ұраны», «Қамар сұлу», «Адасқан өмір», т. б. өлең, дастандарының шығу тарихына, әлеуметтік себебіне, яғни, оның ақындық өсу, қалыптасу, кемелдену эволюциясына диалектикалық тұрғыдан келеді.

«Сұлтанмахмұт» романында автор мен қаһарманның ара-қатынасында, ақын-кейіпкер мен оның шығармасында оларды өзара жалғастырып тұратын нәзік байланыстар бар десек, жазушы ел ағасы — Көкшағыр хақында өлеңнің шығу себебін екі түрлі тәсілмен суреттейді. Оның біріншісі — ойша елестету. К. Паустовскийдің сөзімен айтқанда: «Ойша елестету — табиғаттың ұлы сыйы. Оның негізі адам баласының болмысында бар» (Паустовский К. Г. Золотая роза. Психология творчества. М., 1991, с. 146).

Романда Сұлтанмахмұттың шығармашылық табиғатын ажарландырып, аша түсетін көрініс былайша сипатталады: «Сұлтанмахмұт түнімен ұзақ уақыт ұйықтай алмай жатты. Көз алдына талай суреттер тізілді. Тамды бұлақтағы ас. Мүсіркеп шешейдің үйі. Ысқақбай жырау. Жанжал. Әнші-жырауды арашалап, Поштабайдың қамшысын қолынан жұлып алып, өзін шықпыртып жүрген ар-намыс арысы — Көкшағыр аға. Қоршау ішінде ызалы тұтқын. Бүгінгі дөң үстіндегі топ» (I, 63).

Шығармада көркем суреттелген үстем тап өкілдерінің әділетсіздігіне, зорлық-зомбылығына төзбейтін Көкшағыр — ақынның замана ағымын, уақыт тынысын бажайлап, дүние-танымдық козқарасын қалыптастыруға көмектескен эпизодтық кейіпкер. Оның найзағайдың отындай жарқ-жұрқ еткен қызба мінезі, жол-жөнекей кездескен қандай қиындық, қырсық болса да қасқайып қарсы тұра алатын табандылығы, намысшыл азамат екендігі Мүсіркеп бәйбішенің үйіндегі қаралы аста көрінеді. Аста жыр жырлаған Ысқақбай жырау Әбунүсіп болыстың парақорлығын, байлыққа, малға көзі тоймайтын дүниеқоңыздығын бетіне басып, оны ақынға тән өткір тілмен аямай сынайды.

Автор әлеуметтік жағдайдан бастау алған осы оқиғаны: «Жырауды арашалауға орындарынан атып-атып тұра келгендер көп еді. Солардың ішінде алдымен Көкшағыр ұмтыла төніп жетіп, жырауды денесімен жаба берді. Құтырып алған Поштабай бұзау тіс қамшысын және ысқыртып үйіріп сілтей бергенде, қатты ашуланып алған Көкшағыр, қамшының өрімінен шап беріп ұстай алды. Өзіне қарай жұлқып сілке тартып Поштабайды етбетінен түсірді. Тұра қашуға үлгертпей, өз қамшысымен Поштабайдың өзін шықпыртып-шықпыртып жіберді» (I, 45) — деп сипаттайды.

Жазушы драмалық шиеленіске толы бұл үзіндіде Көкшағыр туралы өлеңнің шығуына себеп болған әлеуметтік жағдайды сипаттаумен қатар, ұнамды, ұнамсыз қаһармандарды бетжүзі, дене қимылы арқылы типтендіреді.

Романның ендігі бір тұсында Сұлтанмахмұт Сарыарқа өңіріне қаталдығымен аты мәшһүр болған Шорманның ауылында болады. Атақты әулеттің артта қалған мақтан сүйгіш мұрагері — Сәдуақас Шорманов ақынды байлығымен таңқалдыру үшін «Қос үймен» таныстырады:

«Үйдің есігінен басқа айнала қабырғаның бәрі жиюлы жүк, қызыл, жасыл, сарғыш, көк бояулы қымбат жасау, көлбей тартылған кемпірқосақ тәрізді» (І,284).

«Енді «Мына үйге барайық!» — деген Сәдуақас, тарамысты ұзын саусақтарымен төрдегі перде-шымылдықты ашты. Әкесінің патшадан сыйлыққа алған алтын тон, асыл қазыналарын көрсетті» (I, 285).

Ақын Шорман ауылына барған әсерінен туған «Қос үй» өлеңі осындай жағдайда жазылған.


Қазақ тілі мен әдебиеті,
10,11,12, 1992 ж. (үзінді)

                   
 
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті