Ә.ТӘЖІБАЕВ

ӨМІР ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ
(үзінді)


осы ғана: одан географиялық, я психологиялық шындық табуға болмайды. Жер-жаһан, барлық тірлік-тіршілік жоққа тән. Тек қана ақынның өз кеудесіндегі қараңғылық пен өмірге қабілетсіздікті көреміз. Жалған, жасанды дүниенің сасық дымқылы еріксіз жирендіреді. Кесел ыстығынан күрсінген жанның сөздері де сандырақ: уһлейді, ахлайды, уланады, күйеді де жанады, өледі де тынады.

Сәкен Сейфуллин 1921 жылы дәл осы Мағжандар, портретін айнытпай жасаған.

Бальмонт, Блок жастығының астында
Ақ орамал күңгірттенді басында.
- Дай компресс, сал компресс,
Састы доктор қасында».

Бұл тамаша мінездеме. Буржуазияшыл символистер қашан да осылай ауырады; алдымен бастарындағы «ақ орамалдар күңгірттенеді», көздері бұлдырлайды, дүние теріс көрінеді. Сәкен Мағжанның символизмдегі «ұлттық өзгешеліктерін де» ұмытпайды.

«Ұлтшыл ауру
Ойбайлайды құс төсектің үстінде
Ойбай, бауырым,
Ойбай, аулым,
Ел-жұртым, даусымды есіттің бе?»
Қарны жуан
Отағасы күбірлейді қасында...
Молда қу-ау,
Өл деп тұр-ау,
Ақ сәлдесі қисаңдайды басында».
(1921 жылы).

Әрине буржуазияның қирай бастау дәуірінде олардың қара жамылған ақындары сандырақтады екен деп шындық өзгерген жоқ. Тарих өзінің болаттай берік, аумас, айнымас заңымен ілгерілей берді. 1905 жылғы революция толқынымен оянған халықтардың ұлттық қозғалыстары таптық қозғалыстарға ұштасып, әдебиеттегі демократиялық ағымның өзі әлеуметтік тілекке сай жаңа сапаға ауысты. Революция дәуірінде ұлттан ұлттық буржуазияны, феодалдық қанаушыларды бөле алмағандар «мәлләт», «қазақ» деген сөздерді тұмандатып айтқандары болмаса, үстем таптан жіктерін айыра алмады. Сынды кезеңдер тұсында еңбекші халыққа қарсы тарап та қалды. Мағжан сияқтанғандары ашықтан-ашық майданға түсті. Ал халықтың өзінен шыққан әлеуметшіл ақындар тобы Абай дәстүрін берік ұстаған күйінде, сыншыл реализмді заманға лайық дамыта берді. Бұл топтың 1907-8 жылдардан бастап, 1914-16 жылдарға дейін (Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаевтар есейіп қосылғанша) ең көрнекті өрен ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров. Сұлтанмахмұт 1913 жылғы «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» деген мақаласында: «Туыстағы тұрмыс дерті зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, ықтиярсыз, ызалы ызғарын төгеді, сай-сүйегің сырқырарлық ащы, зарлы бебеулерін кағып, көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқатады. Мен анық ақсүйек аты жоғалмайтын «өлең» деп, «өнер» деп соны айтамын. Сырт көрінісі «қатын ойбай» тұрсын, «шайтан ойбай» болып көрінсе де, дәмі бар, маңызы бар «ойбай» сол, қайнаған қанның, қиналған жанның, толқыған көңілдің, толғанған жүректің сығындысы сол. Соның үшіп ондай «ойбай», ондай «бебеу» табыла қалса, салған жерден өзі де дертке шипа бола кетеді. Басқаларға қарағанда, пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай, соқыр кісі сыбдырынан табарлық марқұм Абай өлеңдері секілді ашық тұрады»...


Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасы,
Алматы 1960 ж. (үзінді)

Ә.КЕКІЛБАЕВ

ӨНЕГЕЛІ ӨЛЕҢ


ҰЗАҚ сарылтқан қытымыр қыстан соң, біресе күні күркіреп, нөсері селдеткен, біресе ызғырық соғып, кеше бусанған топырақіы бүгін шыңылдатып қайта қатырып кететін келмек көктем мен кетпек қыс итжығыс түсіп жататын алмағайып апталар болады-ау. Әдетте жұмсақ қыстың арты жұмсақ та, қатты қыстың арты қатты келмек. Қырсық қыңыр адамды қыз мінезіңмен жібіте алмай, ашу шақырып, шарт та шұрт салғыласып барып иліктіресің. Қатты қыстан соң келетін жаңа көктемге де керек мінез осы. Дәл осы бір мезгіл мінезінің аясын одан әрі кеңітіңкіреп, көл-көсір тарихқа, қоғам өмірінің орасан құбылыстарына телір болсақ, онша әсіре ерсілік істеген болмас едік.

Ғасырлар бойы көне дүниені бір өзі билеп төстеген озбыр оппа меңіреу қоғамның аязы мен мұздақ тоңы қай қызылшұнақ қыстан де кем түспек емес. Оны серпілту үшін де ызыльш-сызылмаған күрт мінез көктем керек. Біздің кең даламызды дүр сілкіндірген ұлы революцияның бойында да осынау күрт көктемнің сипаты бар. Қатқыл суық қайратын аямай салатын ақырғы бораңдардай табаны тая бастаған кетешек қоғам да өз бойындағы барша қара ниетін үйіп-төгіп жанталасып бағады. Мұндай қара суықтарда енді қылтиған қылша өскіндердің көбі бесігінде солып, тек тамырын тереңге салған қуатты өскіндер ғана шуаққа жетіп, шешек атады. Оның да талай суық шалып аяз ұрған бүршік, бүрі болады. Бірақ, шуақ мол төгіліп топырақ жылынған соң жарасының орны бітіп жапырақ жарады.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өнері де осындай қиын көктемде гүл ашты. Ол қалам ұстап, жыр тұлпарының үзеңгісіне аяғын салған тұс екі, алуан таптың жекпе-жек келіп жағадан ұстасқан сәті еді. Бітуәжаның үні өшіп, тек күрес қана күркіреп тұрған-ды. Сұлтанмахмұттың даусы қазақ жыры атанатын ақ орданың шаш төрінен әлі күнге саңқылдап тұр. Өйткені, Сұлтанмахмұт өнері шын шытымыр аязға бас имеген өміршең өскін еді. Өйткені оның тамыры тереңде, туған топырақтың жылы құшағында еді. Сұлтанмахмұт жырлары жалаңаш та жайдақ, сусыз саясыз жапан дүздің бар тұз, бар сөлін түгел сіңіріп, шаң мен суыққа, аптап аңызаққа қаймықпай бой түзейтін дала жусанындай, қазақ өмірінің барша қайшылығы мен қатігездігінен қаймықпай өркен жайған түс перзент жырлар. Онда нұр мен нәр деп телмірген шикісолық мінез жоқ. Өңшең қиынға салып, қияға ұмтылған өжет өлеңдер. Өйткені, ол өмірді сүйеді. Өмірді суйген өскін шөл мен жерден жеңілмей, жаңқиярлық жасап өркен жая бермек. Сәл жасқаншақтық істесе-ақ, семіп қалуы, күйіп, күйреп кетуі оп-оңай. Көк тастың арасына түскен сызатты қуалап нәр іздеген, жақпар-жақпардың жік-жігін аңдып нұр іздеген қияға біткен қылтанақтай өршіл дәме керек. Сұлтанмахмұт өлеңдері де өмірге аттар-аттамастан құлшына, ершелене келді. Алғаш қалам серіпкенде-ақ «Жан қайда әділетті іздейтұғын?» деп тебіренген ақын өзінің барша өмірін ел қамын жеген тынымсыз күресте өткізді. Біз бұл жерде Сұлтанмахмұт күрескер дегенде оның төбесінде желбіреген алтын шашақ ту мен артына ерген қарақұрым қол болды деп отырған жоқпыз. Уақыт соққысына аямай айғыздатқан маңдай, ерте қырауланған самай, ұйқысыз өткен түндер, жасына жетпей деміккен жүрек, алқынған өкпе - қашан да мазасыз күрестің куәгерлері. Бүгінгі мазасыз ой — ертеңгі қиян-кескі күрес. Сұлтанмахмұттың рухани әлемінде жайма-шуақ жайбарақат күндер атымен болған жоқ, оның ой айдыны дәйім буырқаньш жатты. Өлеңдерін оқи қалсақ, ұлы теңіздің тереңнен тебіреніп аласұрған ақ бас толқынының алапат сарынын айнытпай танимыз. Мұнда жайпау жағаға шылып- шылып ұрып сергелдең болған шайпау толқын жоқ, асқар жағамен арпалысқа түскен асқақ толқын бар. Сұлтанмахмұт жырының толқыны - жауынгер толқындар. Өйткені олар дүниедегі ең асау теңіз адам жүрегінің төрінен бас көтерген. Сұлтанмахмұттың даусында ақындарымыз өнеге тұтар ғибрат мол. Оның азаматтық саяси өлеңдері қызыл шоққа түскен құрыштың қып-қызыл табындай ып-ыстық құштарлыққа толы. Онда оқ тимей ойбайлап, жер тепкілеген өтірік ыза мен шараптың буындай ғана өткінші желбірек желпініс жоқ. Үлкен таланттар мәңгі-бақи осал мен олақтықты, кеміс пен кеселді табалап, әжуалап өтпек. Біз олардың мұрасына сәл жолап кетсек-ақ, өз бойымыздан орасан мін тауып ортайып қаламыз. Болмысқа, болашаққа деген алып махаббат жайлаған жүректің құлшына соққан құштарлығы жоқ жерде шын азаматтық лирика болмақ емес. Сұлтанмахмұт жырларынан ыза буған, игіге талпынған жүрек, омырауға сорғалаған ащы жас, ұшқын шашқан жауынгер жанар бәр-бәрі анадайдан андыздап атойлап тұрады. Махамбет толғаулары мен Қүрманғазы күйлерінен улы жасты сырт көзге байқатпай, ішке жұтып, көкірекке түйдек-түйдек домалатқан ащы ызаның атқа мініп жалаулатқан жалынын аңғарушы едік-ау. Сұлтанмахмұтта да сол бар. Бірақ, ол соны заманда соны сипат аяған ыза. Бірақ, осы бір ыза өрши-өріш қарақұрым қара нөпір ереуілдің төбесінде ту болып желбірей алмай, кездейсоқ лепке желпініп кеткен жерлері де болды, аратұра тұйыққа-тығырыққа қамалып, қапаланған сәттері де жоқ емес. Ақынның абзал арманын көлегейлеп кетер көлек тұман да көп-ті: Тарих жайлауынан көшіп бара жатқан кесепат керуеннің ақ шаңыты арман белесінде мұнар перде тұтып, кейбіреулерді алжастырды. Сан қилы соқпақ тоғысқан, сан қилы соқпақ тарасқан ала дөңде мақсат қуып атқа мінген азаматты маңытып бос жолдыбай қылар жалған жол, сұркия соқпақтар да жегкілікті еді. Сұлтанмахмұт та сол хәлді бастан кешті. Бірақ, әу бастағы абзал арман, игі мақсат талай алдамшы құздан аман алып қалды. Аман алып қалған үлкен азаматтық жүрек, үлкен ақындық талант. Әдетте, палуанның палуандығын жыққанына қарап біледі. Сұлтанмахмұттың белдесіп, жауырынын жерге тигізіп, басынан аттаған кесепаты да анау-мынау кесепат емес. Ойы танып ұғу, белдесіп жығу кез-келгеннің емес, бет қаратпас алапат күштің, алып таланттың ғана қолынан келеді. Оның қателері, адасулары болғаны рас. Әйтсе де Сұлтанмахмұт өз артындағы тігер тұяқ - бүгінгі ұрпақтың, келешек ұрпақтың көзіне тура қарай алатын адал суреткер. Сұлтанмахмұт жақсы көктемнің жаймашуағына жетіп, өлеңіне өмір, өріс тапқан маңдайы бес елі бақытты өнерпаз.

Сұлтанмахмұт бар болғаны ширек ғасырдай ғана өмір сүрді. Айналасы он жылдай қаламгерлік құрған ол екі роман, үш поэма, жүздеген өлең, әңгіме, очерктер қалдырды. ЬІлғи таси аққан жомарт бұлақтай көл-көсір талант аз күн өмір сүрсе де бүкіл бір халық әдебиетінің еңсесін көтеріп кетерлік ересен шығармалар берді. Сұлтанмахмұт бар болғаны жиырма шақты жыл ғана өмір сүрген жазба поэзияға Абайдан кейінгі ең үлкен тұлға боп енді. Ол ұлы Абай сияқты жапан түзде жаңғыз жетіліп, байтақ өңірге ұрық таратқан ата бәйтеректің асқар шыңға барып тамыр жайған тас түйін түлегі бола білді. Сұлтанмахмұт ұлы Абай бастаған салиқалы жыр керуенінің алдына шығып, көш басшылар сапынан орын алды. Сұлтанмахмұт Абай тұсындағы тымырсық қапас ауада дауыл сесі білініп, көкте бұлт қордаланып, жай ойнай бастаған тұста сахнаға шықты. Сондықтан да, Сұлтанмахмұт поэзиясында Абай идеалдары мол көрінсе де, оның кескінінде, тынысында қыруар соны сипаттар бар. Абай жырлары - әншейін байбалам, тайыз уәйім емес, өзекті өртеген үлкен дерттің, терең қасіреттің күрсінісі болса, Сұлтанмахмұт жырлары - сол қасіреттің қатерлі ызаға айналып, жауар бұлттай шатырлай бастаған лапылы. Сұлтанмахмұт лирикасында білек түрген өршіл пафос басымдау.

Сұлтанмахмұттың елгезек жүрегі өз тұсының барша болмысын жіті аңдай алды, әсіресе орта қалған олқылығын мүлт жібермеді. Сұлтанмахмұт Абай тіккен реализм туының еңсесін түсірмеді. Бұл ретте дастаншы Сұлтанмахмұттың қазақ поэмасындағы орны айырықша зор. Сұлтанмахмұттың «Кім жазықтысы» мен «Кедейінде» қазақ даласының айдан анық ақиқат кескіні көрінді. Реалист ақын өз халқының иығындағы батпан жүкті бадырайтып көрсетті. Таптық езуді тап басып суреттеді. Осы бір өрт сын Сұлтанмахмұттың «Адасқан өмірінде» де бой көрсетті. Бірақ, сын күңіренген мұңға, күдер үзген сары уайымға ұласты. Торайғыровтың үш дастаны қазақ поэмасының ең бірінші еңсе көтерген асқар биігі. Сұлтанмахмұт - шын мәнінде қазақтың жазба әдебиетіндегі реалистік поэманың түп басы, түбегей тірегі. Сұлтанмахмұттың реалистік поэмалары, қазақтың реалистік поэмасының классикасы. Жап-жас Сұлтанмахмұт қазақ дастанын балаусасын тұяқ баспаған соны жайлауға көшірді. Оған жаңа өріс тауып берді. Сүлтанмахмұт поэмаларының түрлік сипаты қазақ дастанында бұрын-соңды атымен көрінбеген соны дидар. Мұнда дастанның кіндігі - оқиға емес, ашынған жүректе тулаған сезімнің логикасы, сол толғаныс үстіндегі өрбіген ой. Өршіл пафос, өткір ой, жалынды публицистикамен, реалистік картинамен, терең философиямен жымдаса қабысқан бұл поэмалар қазақ поэмасын әлі күнге талпынтып, биікке ұмсынтар асқар асулар, жаңалық жолында жақсы талпыныстар жасап жүрген жас поэзияға ерен өнеге.

Сұлтанмахмұт ұлы Абайды ұстаз тұтты. Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жөнінде ойлағанда ол Абай өнегесін өз тұсындағы басқа ақындардан атымен бөліп, аса жоғары бағалайды. Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетіне өлеңмен жазылған алғашқы реалистік роман («Кім жазықты?») берді. Реалистік прозаның негізін салу жолында еңбектенді. Ол - қазақ өмірінен туған тұңғыш реалистік поэмалардың авторы. Ол қазақтың реалистік лирикасын да үздік туындылармен молықтырды. Осынау еңбектерімен ол қазақтың реалистік әдебиетінің классигі ретінде біздің мәдениетіміздің төрінен орын алады.

Сұлтанмахмұт аз жасап, аз қызық көрді. Оз бойындағы барды сарқып беруге үлгергенмен үлкен өмірдің қызығы мен қуанышына ортақтасуға үлгере алмады. Бірақ, оның асыл бейнесі халық махаббатының бесігіне бөленді. Ол - туған жұртымыздың сүйінерге жарайтын сүйер ұлы.


Лениншіл жас,
№233, 28 ноябрь, 1963 ж.

Д.ӘБІЛЕВ

СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ


Жоқ бүгін ортамызда бұл ұлы ақын...
Жан едің ақтап өткен адам атын,
Арнаған жырмен бірге, гүлмен бірге,
Қабыл ал ата-еліңнің махаббатын!

От едін жас жүрегің сөну білмес,
Өз ырқынан басқаға көну білмес.
«Бай жағы жүз мың болса, кедей жалғыз,
Қорықпастан жалғыз жақта қалған» - дербес.

Арқалап бір ғасырдың ой-арманын,
Атылып өртті аспанға тік самғадың.
Өлеңге өр жүрегің отын құйып,
Өмірге қиын-құштар жол таңдадың.

Ұлылық! Уа ұлылық идеялым!
Алдына ұлылықтын токтал ағын!
Алтын күн, арғымақша әсем басып,
Кел дағы
Нұрыңменен Шомылт жанын!

Биікті, тереңді де аралаған,
Ешкімнің көңіліне қарамаған.
Халқының бақытының солдаты еді ол,
Ешкімнің көлеңкесін қаламаған.

Уа тағдыр, тас бауыр ең сонша неткен,
Түсірдің жыр жұлдызын түйреп көктен?
Жатқан жоқ табанында сонда да ол,
Ұстаз ол бізге отты жыр үйреткен!

Емес ол тозып жеткен бір алыс үн,
Біздерге тигізіп жүр қолқабысын.
Жан емес өз басының қамын жеген...
Бақытты ғасыр атты жолдасы мың!

Адассын, мейлі бір шақ қаталассын,
Алыбы ол бізге арманы аталастың!
Өмірдің көктемі үшін нөсер құйып,
Өгей күн сенін бұзған ақын тасқын!

Уа тірлік! Құрметтейік ұлы адамды!
Уа тірлік! Сондай күшпен бағың жанды!
Жапанның шөлге біткен бәйтерегін,
Сөкпейік нулы орманға балағанды.

...Басында қабырынның ұйып тұрып,
Ескерткіш өлеңімнен кұйып тұрып;
Аға-жан, аруағыңа бас иемін,
Жырыңның жалауынан сүйіп тұрып.


Қазақ әдебиеті,
№47, 29 ноябрь, 1963 ж.

Қ.АМАНЖОЛОВ

БАЛЛАДА


Баурында Баян аулы жалғыз қорған
Қиырдан жолаушыға аңыз болған,
Күзетіп күндіз бүркіт, таңда бұлбұл,
Түн болса тұғыр етіп байғыз қонған.

Тыным ап сол қорғанда тұрған жым-жырт,
Жамылып жиырма жылды жатыр Махмұт.
Күндердің күнінде бір сол молаға
Керісіп келе жатты екі жігіт.

Молаға екі жігіт келіп жетті,
Біреуі ақын еді от жүректі.
Сұлтанның қабіріне гүл орнатып,
Көзінен жас домалап тәуеп етті.

Мелшиіп тұрды анадай екіншісі,
Әруақтай мола кезген сұп-сұр түсі,
Ербеңдеп кең дүниеде жүрген біреу,
Болғанмен сырты күмбез, қуысты іші.

Жамандап өлген жанды кәсіп еткен,
Өлгеннің сыбағасын нәсіп еткен.
Ақынның моласынан бір мін тауып,
Жамандап қайтуға оның есі кеткен.

Жол бойы екі жігіт көп ұрысқан,
Мейрімсіз бір біріне болған дұшпан,
Елсізді елеуретіп айтысты кеп,
Ұялмай тауда аңнан, көлде құстан.

Бірі айтты: - Сұлтанмахмұт тірі, -деді,
Мәңгілік өлмес жанның бірі деді,
Қазақтың кең даласын аралап жүр
Өзіңдей өжет оның жыры, - деді.

Бірі айтты: - кателеспе, өлген, - деді.
Жырын да, өзін де оның көмген, - деді,
Болған соң, өзі дұшпан, сөзі арам,
Тарихқа жазып солай ,бергем, - деді.

Жанжады екеуінің кетті қызып,
Аң қарап, құстар ұшып етті қызық,
Дүбірі екеуінің жер сілкінтіп,
Соғысты бір-бірінің аузын бұзып.

Толқып су, дүрілдеп тау, қалшылдап тас,
Сұрапыл қабір басы болды айқас,
Жыртылған жаға мен жең желге ұшып,
Бұлттай боп бұрқырады жұлынған шаш.

Ғажайып, күн күркіреп, етті жалт-жұлт,
Қабірдің бет тақтайы сынды сарт-сұрт.
От шашып екі көзден, «тоқтаңдар» деп
Бейіттен шыға келді Сұлтанмахмұт.

Екеуі тұра қалды есі кетіп,
Мұздай боп тұлабойы, дір-дір етіп,
Қорыққанын екеуінің білгеннен соң
Сұлтекең амандасты жайлап жетіп:

- Жігіттер, қош келіңдер, жоғарылат,
Рахмет, ұмытпапсыз ер-азамат,
Қабірді жай қақсандар шығамын ғой.
Жанжалыңыз азырақ болды-ау ағат.

Жас ақын Махмұтқа айтты сырын,
Жолдасы өсек айтып жүргендігін.
Сұлтекең сабырлы оймен тыңдап болып,
Мырс етіп бір күлді де, деді: «Інім!

- Өлгем жоқ, иланыңдар, шынымды айтам.
Өлді деп айта берсін кейбір сайтан,
Жүр, баста, жазушылар Союзынан
Мүшелік билетімді алып қайтам.

Сен жігіт өсек айтып жүргенше құр,
Моламды мен қайтқанша кузете тұр»,
Деді де қолтықтап ап жас ақынды
Сұлтекең жүріп кетті шырқатып жыр.

20 V - 1940 ж.


Қазақ әдебиеті,
№47, 29 ноябрь, 1963 ж.

                   
 
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті