Р.БЕРДІБАЕВ

ӨШПЕС МҰРА


Сұлтанмахмұт қараңғылық басқан қазақ көгіне «өрмелеп шығып күн болуды» ойлаған, қазақ халқының кемеңгер перзенті еді. Міне, ақынның қайтыс болғанына отыз бес жыл толды. Бірақ, оның есімі халықтың жадынан шығар емес. Ақын мұралары халқымыздың өткен өмірінің дәл шежіресі секілді қадірлі. Өйткені, әрбір ұлы ақын сыяқты Сұлтанмахмұт өз заманының рухын, көңіл күйін шыншыл көрсете білді. Ол шығармаларында өз жүрегін тебіренткен, айтпауға болмайтын жайларды ғана жырлады. Сондықтан оның әрбір өлеңі халықтың арманына, тілегіне терең ұштасып отырды. Ақынның асыл сөздері ел жүрегінен үндестіік тапты. Сұлтанмахмұт шығармалары нағыз халықтық шығармалар. Оның поэмаларында, лирикалық өлеңдерінде қазақ халқының ойы, салт санасы, мінезі сондай айқын, дәл суреттеледі. Сұлтанмахмұт мұралары өз заманының айнасы сыяқты. Біз одан сол замандағы әлеуметтік теңсіздікті, халық санасындағы өзгерісті барлық қайшылығымен көреміз. Бұл ақынның кінәсі емес, қайта ұлылығы деп білеміз. Өз табиғатын жасырмай, шындықты іздеп, сол жолда адасуға, да ұшырағанын бар даусымен айта білген адамды шыншылдығы, таза ниеті үшін айыптау кешірілмес өкініш болар еді.

Сұлтакмахмұт өз елінің адал азаматы болды. Ол халықтың басындағы ауыр қасіретті терең түсінді. Зорлық пен зұлымдыққа қарсы айбынды үн көтерді. Ақын, әсіресе, рухани езудің тілсіз құрбандығы болған қазақ әйелінің ауыр тағдырын тебірене жырлады. Оның «Қамар сұлу» сыяқты шығармалары ашынған жүректің қанымен жазылды. «Кедей» поэмасы қазақ еңбекшісінің ауыр халін, қазақ сахарасындағы езушілікті аяусыз әшкереледі. Кемеңгер ақын өз қоғамының барлық құбылысын көрсете білді. Оның шығармалары алған мәселесінің кеңдігі, тереңдігі жағынан Абай дәстүрін ілгері дамытты. Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі ең биік асқары. Ол қазақ өмірінің шындығын жырлаған нағыз ұлттық ақынымыз еді. Өзімен тұстас ақынның ешқайсысы да дәл Сұлтанмахмұттай поэзииясын жалпы халықтық дәрежеге көтере алған жоқ.

Сұлтанмахмұт өз заманының рухын мейлінше кең көрсете білген классик ақын. Қазақтың классикалық поэзиясының ардақты өкілі. Біз ұлы ақынның есіміне бас иеміз. Осындай дана ақынымыз болғанына мақтанамыз.

Азамат ақын қазақ халқының бақытты, мәдениетті ел болуын өмірлік арман етіп еді. Сол үшін де, ол өзіне «қараңғылықтың көгіне күн болмағанда кім болам» деп өршіл мақсат қойған болатын. Халықтың ғазиз ұлының сол арманы қазір орындалды. Қазақ халқы мәдениетті, азат ел болды.

Сұлтанмахмұттан зор әдеби мұра қалды. Бұл халқымызға қалдырған ақынның аманаты. Сол мұраны қадірлей білуіміз, оның алтын нәрін ала білуіміз керек. Шығармалары халықтың рухани өміріне терең қабысқан ақын мұралары әрбір оқушыға қымбат, әрі сүйікті. Сұлтанмахмұтқа берілген ең үлкен баға да осы. Мұндай сүйіспеніпілікке әдебиеттің асқан алыптары ғана ие бола алады. Сол алыптың бірі - қазақтың халықтық, классик ақыны - Сұлтанмахмұт. Ол қазақ әдебиетінің көгіндегі жарық жұлдыздың бірі. Қазақ халқы мәдениеттің биігіне өрлеген сайын, өткендегі мәдениет күрескерлеріне, ақындарына өшпес ескерткііп жасай береді. Ол ескерткіш ақынға деген халық махаббаты.


Қазақ әдебиеті,
№20, 20 май, 1955 ж.

С.МҰҚАНОВ

ДАРЫНДЫ АҚЫН


Казақ жазба әдебиетінің абайлық және советтік дәстүрерінің арасында, ақындық қуат жағынан да, тақырып байлығы жағынан да, қоғам өміріндегі әлеуметтік жәнетаптық мәселелерді терең қамту жағынан да, пікірлеріндегі бытысқан қайшылық жағынан да, Сұлтанмахмұт Торайғыровтан асатын ақын болған жоқ.

Сұлтанмахмұт бұрынғы Семей губерниясы, Павлодар уезі, Шідерті болысында, 1893 жылы кедей семьясында туды. Туған жері Баянауыл ауданының теріскей батыс жақ желкесіне біткен «Торайғыр» атты көркем көлдің жағасы. Сұлтанмахмұттың әкесі Шоқпыт мұсылманша аздаған сауаты бар, ауылда етікшілікпен ғана күн көретін адам болған.

Бес-алты жасынан бастап, әкесінен ескіше «әліп-би» үйренген Сұлтанмахмұт тек он үш жасқа шыққанда ғана Мұқан атты қадымшыл молдадан сабақ оқыйды. Оның да беретін сабағы, баланың ақыл-ойын өткірлеудің орнына мұқалтатын «әліп, би, ти», одан кейін қазақ баласы өз сөзіне де түсінбейтін, араб тіліндегі «Әптиек», одан әрі тағы сондай... Сондай «сабақтардан» басы қатқан Сұлтанмахмұттың Мұқан молдадан алған болмашы пайдасы - өлеңге әуестену. Мұқан кітапшылаған түрде аздап өлең жазады екен. Жаратылысында дарынды туған Сұлтанмахмұт соған еліктеп, 1905—1906 жылдардан бастап өлең жазады, ол өлеңдері сақталмаған.

Зирек Сұлтанмахмұт, топас, надан молданың сабағына жарымйіды да, ілгері басып оқуды тілейді. Біраіқ, қайда?.. Алысқа жетуге әкесінде қаражат жоқ, жете алатын оқу Баян тауынын ығына орнаған Баянауыл станицасындағы Абдрахман молданың медресесі.

Надан ауылдың көзіне «үлкен молда» көрінгенмен, медресесіне түскен Абдрахманның ау-жайын Сұлтанмахмұт байқап көрсе, оның да «намаздықтан» артық еш-теңесі жоқ.

Дін тұманына солай шырмалып жүрген кезінде, оның көзіне әлсіз бір сәуле елестейді, ол — жадит оқуы. 1911 жылы оның ауылына жадитше оқыған татар мұғалімі келеді де, Сұлтанмахмұт одан, өмірінде бірінші рет дұрыстап хат таныйды, аз да болса дүние тану оқуының дәмін тата бастайды.

Бірақ, биік білімге қол созған Сұлтанмахмұтке, шағын оқулы мұғалімнің берген сабағы қанағаттанарлық азық бола алмайды, оны мұғалімнің өзі де түсініп, ұғымды шәкіртін Троицкі қаласындағы Яушев медресесіне жібереді...


Қазақ әдебиеті,
№20, 20 май, 1955 ж. (үзінді)

Т.КӘКІШЕВ

СҰЛТАНМАХМҰТТЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ


Ақын Сұлтанмахмұттың творчесвосын терең зерттеу, оның дүние тануын, идеялық позициясын айқындай түсу үшін осы күнге дейін жеткілікті мән берілмей келген оның публицистикалық шығармаларына тоқтап өткен жөн. Өйткені, публицистикалық шығармалар әрқашан да автордың өмірге өз көзқарасын баяндаудан, осылай болуға тиіс деген бір пікірді насихаттауынан, түсіндіруінен туады, яғни қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістерге автор қолма-қол араласып, өзінің нақты пікірін айтады.

Сұлтанмахмұттың публицистикалық шығармаларында негізінен оқу-ағарту, әйел теңдігі, искусство мен әдебиет және социализм туралы мәселелер әңгіме етіледі.

Сұлтанмахмұт «қараңғы қазақ көгіне күн» болудың бірден-бір жолы - оқу, білім деп таныды. Бұл мәселені ол өзінің көптеген поэтикалық шыгармаларымен қатар, 1912 жылы жазған «Зарландым», 1913 жылғы «Қазақ ішіндегі оқу, оқыту жолы қалай» деген публицистикалық еңбегінің арқауы етті, Қазақ халқын сауаттылық жағынан үш топқа бөлді: әліпті таяқ деп танымайтындар; хадимшыл надан молдадан оқып, мыйларын шатастырып, қара танымай шыққандар; жәдитшілдер. Сұлтанмахмұт осы топтың біріншісіне аяныш сезімін білдірсе, екіншілерін өлтіре сынайды. Ал жәдитшілердің әрбір игілікті қадамын құптады.

Шындығына келгенде, жәдит оқуы «төте оқу», ескі хадимге қарағанда әлдеқайда прогрессивті еді, дін оқуымен қатар шәкірттерге тарих, есеп, география, тағы басқа пәндерден білім берілетін-ді. Мәдениетте кенже қалған қазақ халқы үшін төте оқу системасының қолайлы және прогрессивті екенін түсіне білген Сұлтанмахмұт қазақ халқына «туғаннан бері ата мұрасындай болып сүйегіне сіңіп, көңіліне орналасып қалған надандық шіркін жуырмаңда жақсылық сөзді естірте қояр ма» деп қынжылды.

Қазақ арасында оқу-білімнің таралмауының себептерін Сұлтанмахмұт надандық пен тағылыққа негізделген патриархалдық құрылыстан көргенімен, оны өзгерткен кезде ғана халық ағарту ісін өркендетуге мүмкіндік туатындығын түсінбеді, оған өресі жетпеді. Алайда, тарихи дамудың бағдарынан хабардар Сұлтанмахмұт ең әуелі халық ағарту системасын өркендету үшін қажетті материалдық база жасалуын негізгі мәселе етіп қойды. Ауылда арнаулы мектеп ашу, мұғалім ұстау, оны қаражат жағынан қамтамасыз ету керектігін ашық тұжырымдады.

Бірақ өз баласына «оқуды бүгін бітіріп, ғылымды хатим қылсаң да, бір тыйын шығарып, әперетін кітабым жоқ», - деп тарығатын «құдай сүйген біздің қазақтың» оқу-ағарту ісіне жәрдемдеспейтіні аян болса керек. Және «бұратана» халықты тағылықта, қараңғылықта ұстауды көздеген патша үкіметі бұл мақсат үшін қаражат шаша алмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Сонымен, оқу-ағарту ісінің өрістемеуінің негізгі себебі — материалдық базаның жоқтығы болды.

Қазақ арасында оқу-білімнің таралмауының енді бір мәнді себебі - педагог кадрлардың жоққа тәндігі. Рас, азды-көпті сауаты бар, көзі ашық адамдар байлар мен молдалардың ызыңын естімеу, материалдық езгісін көрмеу үшін оқу-ағарту мекемелерінен іргесін аулақ салды. Сондықтан да жаңа молдалар ескі оқу жүйесімен сабақ беруге, «жұрт баласын өз қолымен бүлдіруге беті шыдамайды да, көзіне күйік қылғанша, бойын таса қылып өлгісі келеді» — деп жазды Сұлтанмахмұт.

Сонсын, Сұлтанмахмұт оқу системасының өмірге жанасымды емес екендігін сынады. Тыянақты, қалыптасқан оқу программалары мен оқулықтардың жоқтығы, шәкірттерді білім дәрежесіне қарай класқа бөліп оқыту тәртібінің еңгізілмеуі мұғалім еңбегін еш етті. Мұның үстіне «үлкендердің», «құдай жолын көріп келгендердің» молданы еркіне жібермеуі және менің балам жүйрік, зерек, жорға деп, қу кедейдің «жетесіз», «жалқау» баласынан бөлек оқытуды талап етуі шәкірттерге сапалы білім беруге тосқауыл бола берді. Сондықтан Сұлтанмахмұт «мұғалімдердің жүгін жеңілдету жағын қарастыру керек» деген мәселе көтерді. Ол халық ағарту системасы жөнінде өзінің айқын жоспарын, алған бағытын баяндай келіп: «Тегінде, малым көп деп басты қақайтқанға оқу, білім табылмаса керек. Бір аяқ саумал бермей қояр деп қорқатын, оқу байлардың қасындағы көршісі емес қой. Оқу бай, кедей, жақсы, жаман деп танымайды, кім іждаһаттанып ықласын салса, оқу соған табылады» деген бірден-бір дұрыс қорытынды жасады...


Лениншіл жас,
№75,22 июнь, 1956 ж. (үзінді)

Ә.ДЕРБІСАЛИН

С.ТОРАЙҒЫРОВТЫҢ «КІМ ЖАЗЫҚТЫ?» ПОЭМАСЫ ТУРАЛЫ


ҚАЗАҚ әдебиетінің көрнекті өкілі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен творчествосы орта мектептің IX класында жеке тарау болып оқылады. Ақынның творчестволық мұрасына байланысты оқулықта бірсыпыра материалдар берілген. Бұл материалдар әсіресе оның лирикалары мен «Қамар сұлу», «Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларын талдауға арналған. Ақынның IX класта программа бойынша оқылатын «Кім жазықты?» поэмасы жөніндегі оқулық материалы тапшы. Осы себепті ұсынылып отырған бұл мақаланың негізгі мақсаты ақынның «Кім жазықты? поэмасы жайынан мұғалімдерге қосымша материал беру болып табылады. «Кім жазықты?» поэмасы өз кезіндегі қоғамдық өмірді суреттеуі, әлеуметтік мәселелерді қоюы мен шешуі жағынан Сұлтанмахмұт творчествосындағы елеулі табыс болып саналады. Поэмада Әжібайдың өзі, әкесі, баласы арқылы қазақ даласында ұзақ жылдар бойы үстемдік етіп келген билеуші таптық үш ұрпағы көрсетілген. Поэмадағы басқа мәселелер осылардың төңірегінде суреттеледі. Автор қоғамдық өмірдегі прогресшілдік мәні бар жаңаны Әжібай тобына қарсы қою арқылы танытса, халық өміріне зиянын тигізген ескілікті ғұрыптарды Әжібайлардың ой-дүниесі, әдет-салты, зұлымдық әрекеттері арқылы білдіреді.

Автордың әрбір кейіпкер арқылы оқушының назарын қандай қоғамдық мәселелерге аударғанын, оның сол кездегі қоғамдық өмірді тану, түсіну дәрежесін анықтауда шығармадағы жеке образдарды кеңінен талдаудың көп көмегі тиетіні сөзсіз.

Әжібайдың әкесі Тасболат шығарманың бастапқы бөлімінде нағыз-феодалдық кескін-кейпі, қимыл-әрекетімен көрінеді. Ол «Он бес жыл болыс болған, Меке барған», «Топтан асқан әлді кісі, сол үшін өз табының алдыңғысы». Ет пен қымыздың құлы болған ел әкімдерінің алдында Тасболаттың салмағы міне осындай. Бұл байлық оны қазақ даласындағы орыс чиновниктерінің алдында да үлкен құрметке жеткізеді, еңбекші бұқараны езудің, қанаудың нәтижесінде табылған байлық Тасболатты «Қазақта барып тұрған жуан тұқым» дәрежесіне көтереді.

Тасболаттың әмірге көзқарасы да, әлеуметтік мәселелерді тануы да байлықтың төңірегінен аспайды: малына, байлығына сенген ол үстемдік өз қолынан шығады деп мүлде ойламайды, «Бай кісі бала оқытып «пидие» ала ма?» деп таниды. Болыстыққа таласып, жеңіліп қалғанда ғана Тасболат баласын оқуға береді. Бұл оның биліктен айрылмауға жасаған жаңа бір әрекеті еді. Тасболаттың бұл әрекетінен жалпы қазақ феодалдарының орысша оқуды қандай тұрғыда қарсы алып, қай мақсатта пайдалануды көздегенін айқын аңғарамыз.

Алайда қанына сіңген ескілік Тасболатты кейін тарта береді. Ол Әжібайды болыс ету мақсатымен оқуға бере тұрса да, оны көп кешікпей-ақ оқуынан шығарып алады. Мұндағы ойы - оған Жақаннан қалған жесірді әперу. Жазушы «Қазақтың жесірі деген кесірі бар» дей отырып, сол кесірден әсіресе Тасболаттардың қол үзе алмайтындығын байқатады. Жақанның жесірінің басқа адамға кетуі - Тасболат үшін кешірілмес күнә, өшпес дақ. Міне бұдан оның феодалдық әдет-ғұрыптарды қалайша қорғағандығын көруге болады. Тасболат Әжібайды үйлендіруде де өзінен өзге адаммен санаспайды. Сондықтан ол өз білгенімен Жұмағұл, Жанғабыл сияқты байлармен «сүйек жақын» болуды дұрыс деп табады. Жәмиладан Әжібайдың бас тартқанын естігенде. Тасболат «Бата бұзған не сұмдық» деп қатты қынжылады. Бұл жерде ол қалың малдың босқа кетпеуін ойлау мен феодалдық әдет-салттың сарапқа салынып, тойтарыс көруіне төзбейді. Дегенмен аз да болса заманы өзге Әжібай өне бойы әкесінің ырқына көне бермейді. Жаңылды алмадың деп ағасы Жақанның аруағымен айыптаған әке өкімін естігенде, Әжібай бір кезде бетіне кісі қаратпаған Тасболатқа: «Алмақ түгел тастаймын екеуін де, қақпасым, жүрген жерің бәрі бүлік» деп кетіп қалады. Тасболат биліктен де, өмірден де осылайша бірте-бірте ығысады.

Әжібай - қазақ билеушілерінің Тасболаттан кейінгі ұрпағының өкілі.


Қазақ тілі мен әдебиеті,
2 апрель 1958 ж. (үзінді)

                   
 
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті