Б.КЕНЖЕБАЕВ

«АДАСҚАН ӨМІР»


Быйыл қазақтың мемлекеттік біріккен баспасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Адасқан өмір» деген дастанын бөлек кітапша етіп шығарды. Кітапша мектеп оқушыларына арналған. Кітапшаның ақырында дастан жөнінде қысқаша түсінік берілген.

«Адасқан өмір» Сұлтанмахмұттың әрі аса көрнекті, аса көркем, әрі аса терең мағыналы шығармаларының бірі. Мұны ол бұдан 27 жыл бұрын, 1918 жылы жазған. Сонда да дәл бүгін жазғандай.

Ақын-жазушының былайғы, қарапайым адамнан өзгешелігі – терең пікір, аталы сөз айту, ойды, сөзді тауып айту, теңеу, салыстыру арқылы қыйсынды, күшті етіп айту, қай кезде болсын, барлық адамның болсын басында болатын мінез-қылықты, хал-жайды, ой-пікірді, көңілге қонымды етіп суреттеу болады. Ақын-жазушының күші, шығармасының құны осыған қарай бағаланады.

Сұлтанмахмұттың шығармаларын әсресе осы «Адасқан өмір» деген дастанынан күшті ақын-жазушы да, құнды шығарма да болуға тиісті бұл хасиеттердің бәрі де табылады. сұлтанмахмұт бұл дастанында өзінің дүниеге, қоғамға көзқарасын айтады, айтқанда оны өзінің затшылдық материалистік жөнімен түсінетінін ашық аңғартады. Ол айтады:

Дүние асылында, ұсақ атомдардан құралған материя. Ол адамның ақыл-ойынан тыс, өз бетімен өмір сүріп келеді, солай өмір сүре бермек.

Дүниедегі түрлі құбылыстар, түрлі мақлұқтар, заттар, соның ішінде адам, адамның ой санасы материяның құбылыс-көрінісі, материяның өсу, дамуы.

Дүниеде, табиғатта адам білуге болмайтын ешнәрсе, ешбір сыр жоқ, тек адам әлі біліп жетпеген нәрселер ғана, тек әлі адам біліп жетпеген сырлар ғана бар. Адам оларды өз мыйының күш-қуатын салып, бірте-бірте білуде, біле бермек.

Адам табиғаттың сырын, заңын білген соң оған әсер етеді, оны өзгертеді, өз игілігіне жаратады. Осымен қатар адамның өз табиғаты да, қоғамдық тұрмысы мен салт-санасы да өзгеріп отырады. Келіңдер, дүниенің сырын, заңын білейік, оны тірлікке жаратайық, дүниені өзгертелік, адам дүниеге осы үшін келген...


Социалистік Қазақстан,
№ 158, 1 август, 1945 ж. (үзінді)

Е.ИСМАИЛОВ

СҰЛТАН-МАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ
(Қайтыс болғанына отыз жыл)


Сұлтан-Махмұт Торайғыров қазақтың жаңа жазба әдебиетінің тарихында іргелі орын алатын, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін, қоғамдық шындығын кеңінен қамтып жырлаған, бұқарашыл бағыттағы ақын-жазушы. Сұлтан-Махмұт, өзінің реалистік шығармаларымен, әсіресе, өзіне дейінгі қазақ әдебиетінде жоқ прозалық жанрдағы шығармаларымен қазақ әдебиетіне зор үлес қосты. Көптеген лирикалық шығармаларымен бірге, ол қазақ поэзиясына «Кедей», «Адасқан өмір» сыяқты заманның әлеуметтік мәселелерін түйіндеп жырлаған жаңа поэма үлгісін енгізді. Ол әдебиет сыны, публицистикалы мақалалар жазуға да белсене қатнасты. Осындай творчестволық күрделі еңбегімен Сұлтан-Махмұт, революция алдындағы әдебиетіміздің даму процесінде үлкен орын алады. Рас, Сұлтан-Махмұттың өмірі мен творчествосы көп уақытқа шейін, марксистік әдебиет тану тұрғысынан дұрыс зерттеліп, тиісті бағасын ала алмай келді. Сұлтан-Махмұттың әдебиеттік мұраларын, әлеуметтік көзқарастарын, жазушылық ерекшеліктерін бағалауда толып жатқан теріс сындар, ұшқары пікірлер болды. Кейбір әдебиетшілер Сұлтан-Махмұт буржуазияшыл-ұлтшыл ақын, оның шығармаларында іске татырлық, үлгі аларлық ешнәрсе жоқ деді. Екінші бір әдебиетшілер, Сұлтан-Махмұтты революцияшыл-демократ, социализмді жырлаушы, совет идеясына толық келіп болған, В. Маяковскиймен теңелген ақын деп асыра дәріптеді. Шынында, бұл сыяқты ұшқары пікірлердің қай-қайсысы болса да Сұлтан-Махмұт шығармаларын жан-жақты зерттеп, дұрыс бағалауға ешқандай жәрдем ете алған жоқ. Қайта, Сұлтан-Махмұт творчествосындағы құнды қазнаны сын көзімен талдап, пайдалануға, идеялық қайшылықтарын ашуға теріс әсерін тигізді. Өткендегі әдебиет мұрасын сын көзімен зерттеп, баға беруде марксизм-ленинизм классиктерінің жарық жұлдыздай адастырмайтын қағидалары бізге әлдеқашан айқын болатын. Әсіресе, Лениннің революцияшыл-демократтар мен ағартушылар туралы, Л.Толстой туралы еңбектері біздің әдебиет тарихымыздағы Абай, Ыбрай, Сұлтан-Махмұт, Спандияр, Сәбит Дөнентаев сыяқты ағартушы ақын, жазушыларымызды дұрыс түсініп, зерттеуімізге методологиялық негізгі құрал болды. Оның бержағында, партияның идеология мәселелері туралы соңғы жылдардағы тарихи қаулылары бұрынғы мәдениет мұраларын сын көзімен қарап, терең зерттеу жөнінде нақтылы жол көрсетті.

Сұлтан-Махмұт Торайғыров 1893 жылы 28 октябрьде қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туып, 1920 жылы 21 май күні, өзінің туған жерінде қайтыс болды. Арғы аталары Орта жүздің іргелі руы—Сүйіндік ішінде атақты ірі феодал, би (Торайғыр, Шоң) болса да, ақынның өз әкесі Шоқпыт бертінде өте кедейленіп, көбінесе, жалшылықпен күн көреді. Сұлтан-Махмұт жастайынан өмірдің ең ауыр соққысына ұшырайды. Туған шешесі бір жасында өліп, жетім қалады. Тұрмыстың ауыр азабы, өгей шешесінің көрсеткен қорлығы, өзімен замандас бай балаларының басынып, қорлық мінездер көрсетуі, ауылдағы діни оқуда молдалардан соққы көруі, Сұлтан-Махмұтты жастайынан ойландырьш, толғандырып өсіреді. Сұлтан-Махмұт ауыл жерінде зор қыйындықпен мұсылманша (молдалардан есігінде жалшы болып жүріп) оқып, хат таныйды, өз бетімен әдебиет кітаптарын оқып кетуіне мүмкіндік алады. Сонымен бірге, оның шешендік сөзге, поэзияға құмарлығы, икемділігі арта береді. Оқып жүргенде, жазған бірлі-жарым өлеңдері үшін Абдрахман сыяқты ескішіл молдалардан қуғын да көреді. Бірақ, талапты жас қанша талпынса да қараңғылық, ескілік тұманы басқан ауыл ортасында қанатын кең жаза алмайды, білімі де, талақты да өрістей қоймайды. Ақырында, оқу оқьш, білім алу үшін 1911 жылы Тройцк қаласына барады.

Бұл қалада Сұлтан-Махмұт бір жағынан оқып, екінші жағынан сол кездегі бұқарашыл бағыттағы, жаңашыл ой-пікірлі, алдыңғы қатарлы жазушы М. Сералин басқарған «Айқап» журналының төңірегінде жазу жұмысымен айналысып, өзінің идеялық, творчестволық бағытын анықтайды.

Сұлтан-Махмұт ерекше жігерімен кірісіп, көп оқыйды және көптеп жаза бастайды. Осының нәтижесінде, 1911 —1915 жылдар арасында ол мейлінше тез өсіп, сол кездегі алдыңғы қатарлы пікір иесі, қазақ қоғамының толғағы жеткен ең маңызды мәселелері жайында тыянақты ой қозғай алатын ірі ақын-жазушы қатарына көтеріледі. Оның өлеңдері, мақалалары, сындары, әңгімелері «Айқап» журналында көптеп басылады.

Алайда, Сұлтан-Махмұт өзінің жазушылық жолдағы өсуіне қанагаттанбайды. Әсіресе, орысша еркін оқып, жаза білмеуі, орыстың классик ақын, жазушыларын оқый алмауы ақынды қатты қынжылтады. Оның үстіне, қаражатының аздығы, жәрдем көрсетер адамның жоқтығы, оның оқып, білімін тереңдетуіне үлкен бөгет болады. Еліне келіп, бала оқытып, ағарту жұмысын кең жүргізу талабына кіріседі. Бірақ, бұл талабының бірде-біреуі іске аспайды. Елдегі ірі феодал-байлар, Сұлтан-Махмұттың игілікті талабына бөгет жасайды. Мұнан кейін 1915 жылы Семей қаласына келіп, орысша оқымақшы болады. Бұл талабы да іске аспайды. Ақырында, Алтай, Тарбағатай елінде мұғалім больш, бала оқытады да, екінші жағынан, болыстық мектептің оқытушысынан орысша оқыйды. «Школ басқару, бала оқыту, орысша оқу, — әйтеуір, уақыт бос өтпейді. Сондықтан, былтырғыдан гөрі өмірім маңызды (серьезный) болуға айналды» — деп жазады Сұлтан-Махмұт осы кездегі қызметі туралы. Оқумен қатар, Сұлтан-Махмұт көптеген өлеңдер және «Кім жазықты?», «Қамар сұлу» романдарын жаза бастайды.

Қалалы жерде тұрақты орыс мектебінде оқу Сұлтан-Махмұтқа зор арман болады. Осы арманын іске асыру максатымен тағы да Семейге келеді. Бірақ, оқуға түсе алмайды. Тұрмыстың ауыр соқпағы, оның үстіне, тынымсыз қызмет, ақылды қажытады, ауруға шалдығады. Сондықтан, бір жағынан емделу, екінші жағынан, орысша оқу мақсатымен Томск қаласына барады.

Томскіде өткізген өмірі өте ауыр, аянышты болады. Бұл жөнде өзінің былай деп жазғаны бар: «Жұмасына екі ғана обед етемін, құр шай мен нан, киім алғаным жоқ. Кино-вечерлерге бір мәртебе болсын барғаным жоқ. Күні-түні айналдырғаным ала қағаздың беті. Халім осы. Сонда да қайғырмаймын. Бір тыйыным қалғанша оқыймын. Сонан соң, тұрмыс қандай жүк салса да көтеремін»...


Әдебиет және искусство,
№4, апрель 1950 ж. (үзінді)

М.БАЗАРБАЕВ

СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ


1920 жылы, 21 май күні қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров қайтыс болды. Сұлтанмахмұт Абайдан кейін қазақ елі ішіндегі әлеуметтік теңсіздікті жете көріп, оны өз шығармаларының негізгі арқауы ете білген, талантты шебер ақын болды. Сұлтанмахмұт өзінің құнды поэма, роман, өлеңдерімен қазақтың Ұлы Октябрь социалистік революциясына дейінгі дәуіріндегі бұқарашыл ақын-жазушыларының бірсыпырасын ақындық, шеберлік жағынан да, алға қойған мақсат-тілегі жағынан да әлдеқайда жоғары дәрежеде тұрды. Ақын Россияда революциялық толқулар күшейіп, бір жағынан империалистік соғыс жүріп жатқанда, екіншіден бұлардың дүмпуі Қазақстанға да келіп, ұлт-азаттық қозғалысы өрістеген дәуірде өмір сүрді. Ақырында, ол 1917 жылғы екі революцияның да куәсі болып, советтік құрылыстың алғаш басталу кезеңін де өз көзімен көрді.

Бұл тарихи жағдайлардың бәрі де Сұлтанмахмұт творчествосына белгілі дәрежеде әсер етпей қойған жоқ. Ол мүмкіндігінше бұл өзгерістердің мән-жайын жете білуге, оның ішкі маңызын түсінуге тырысты. Өмірге қайткенде шындыққа, әділеттікке жетуге болады деген тілек тұрғысынан қарады. Ақын 1914 жылы «Ендігі бет алыс» деген өлеңінде:

Шындықтың аулын іздеп түстім жолға,
Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ, бір табармын деп, көңілім сонда, -
деп өзінің алдына зор мақсат қояды.

Ақын бұл мақсатқа жету жолында көп қыйыншылықтардан, ізденулерден, адасулардан да өтті. Терең білімнің жоқтығынан тарихи жағдайға дұрыс қорытынды жасай алатын дәрежеге жете алмаған ақын 1917 жылғы февраль революциясының тұсында саяси қателесті. Бұл революцияның буржуазиялық-демократиялық революция екенін түсінбей, ұлтшылдық сарында өлеңдер жазды. Алайда, ақын көп ұзамай бұл қатесін түсінеді. «Жас жүрек» өлеңі мен «Адасқан өмір» поэмасында қателескенін мойнына алады.

Бұл күнге адасудан көз ашпадым,
Не нәрсені көздесем тап баспадым.
Дүниеден басқа рахат тілемеймін,
Кеш, арым, мен білместің адасқанын! –
деп жазды ақын «Жас жүректе».

«Сұлтанмахмұттың ақындығы» деген еңбегінде ақынның творчествосын филология ғылымының кандидаты Б.Кенжебаев 1909-1915 және 1917-1920 жылдар деп негізгі екі дәуірге бөледі. Бұл бөліс ақын шығармаларының ілгері дамып өсу жолын көрсету тұрғысынан қарағанда да және олардың тақырып мазмұндық өзгешеліктерін көрсету жағынан қарағанда да орынды, дұрыс бөліс...


Лениншіл жас,
№60, 21 май, 1950 ж. (үзінді)

Х.СҮЙІНШӘЛИЕВ

КЕДЕРГІ НЕДЕ


Қазақ халқының тарихын және өскелең мәдениеті мен әдебиетін зерттеу мәселееі ғалымдарымыздың алдында тұрған үлкен мәселе. Бірақ бұл мәселеге шұғыл бет бұрылыс әлі байқалмайды. Қазақ ССР тарихы осы күнге шейін жөнделіп шыққан жоқ. Сол тарихтың бір тарауы болып табылатын халқымыздың әр кездегі мәдениеті мен әдебиеті, оны туғызған әлеуметтік-экономикалық себептер ғылми тұрғыдан дәлелденген жоқ. Бұл ретте, Қазақ ССР Ғылым академиясының Тарих, Тіл-әдебиет институтының жайбарақаттығына қайран қаламыз.

Қазақ ССР тарихының 1 томының, қазақ эпос мен ертектері жыйнағының, әдебиет тарихының 1 томының, совет әдебиеті очеркінің қайта жөнделіп шығатын мерзімі әлдеқашан жетті. Үкіметіміз бен партиямыз бұл жұмыстарды институт қызметкерлерінен талап еткеніне де көп уақыт өтті. Академияның ииституты талас мәселелердің бетін ашып беруді былай қойғайда, басы ашық классиктеріміз -— Шоқан, ЬІбрай және демократ ақындарымыз Сұлтанмахмұт, Дөгентаев Сәбиттердің еңбектерін де баспаға даярлап бере алмай келеді. Сол сыяқты жазушылар туралы ғылми-зерттеу еңбектерін тудыру, жазылған диссертациялардың басылып шығуына жәрдемдесу сол инмтитуттың міндеті емес пе еді? Осындай ең қажетті жәрдемдесу жұмысынан тыс қалып отырған институт қызметкерлерінен жоғары дәрежелі мектептер үшін оқулықтар, оқу программаларын, құралдарын жасап шығарады деп дәме етудің өзі қыйын.

Институттың бір атқарған қызметі — соңғы жылдары шыққан Абай, Жамбыл жыйнақтары еді. Бірақ сол жыйнақтар да ойдағыдай болып шықпады. Оның үстіне, көп сңбекпен табылып, жұртшылық мойындаған Абай шығармаларының біразы толық жыйнақтан шығып қалғанына оқушы жұртшылық қайран қалады. Абайдың жоғын тауып, бұрмаланып жүрген сөздерін өз қалпына келтіру орнына, оның белгілі шығармаларын жою үлкен қыянат, ғылымға жат әрекет. Ал, қолжазбалық нұсқасы жоқ деген сөз қазақ мәдениеті мен әдебиеті тарихының өзгешелік жағдайларын ескермегендік болады. Және қазақ әдебиетінің текстологиясын тұйыққа тірегендік болып шығады.

Біздің бұл пікірімізден, бұрынғы толық жыйнақтарында басылған өлеңдерінің ішінде Абайға тән емес өлеңдер кездеспейді, оны анықтаудың керегі жоқ деген ұғым тумайды. Әрине, дау жоқ, бірен-саран артық не кем, яки орны ауысып жүрген үзінділер болуы мүмкін. Бірақ соны дәлелдеп, пікірлесіп барып, заңды жолмен шығару қажет деп ойлаймыз. Ірі ғалымдар, жазушылар даярлаған бұрынғы Абай жыйнвқтарына (1945—48 ж.) мүлдем сенбеу қате болады деп білеміз.

Біздің белгілі жазушыларымыздан әдебиетті зерттеу ісіне араласпай жүргендері бұрын аз болатын. Соңғы жылдары олардың саны тіптен азайьш кетті. Бұрын жеке зерттеулер жазып, оқулықтар даярлап жүрген Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсрепов секілді жазушыларымыз кейінгі жылдары әдебиет ғылымынан бойын аулақ салып кетті.

Біздің республикада ғылми монография, сын мақалалар жыйнағын басатын баспа жоқ деп айтуға болады. Академияның баспасы әлсіз, заказ алмайды. Ал, көркем әдебиет баспасында сын бөлімі атымен жоқ. Жұмысының көбі аударма болғасын қызметкерлері де соған орай «атақты» аудармашылардан саналып келеді. Бұл баспаның аударма әдебиеті баспасына айналып бара жатуы ренішті-ақ.

Әдебиет тарихын зерттеуді және әдебиет сынын өрістету жолында кедергі болып келе жатқан ендігі бір жай жеке зерттеуші, сыншылардың өздеріне байланысты. Олардың арасындағы әдебиетке қатысы жоқ кейбір кездейсоқ адамдарды былай қойғанда, қолынан іс келетіндерінің өзі жалтақ, жасқаншақ...


Қазақ әдебиеті,
№14, 8 апрель, 1955 ж. (үзінді)

                   
 
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті