•  

    КІМ ЖАЗЫҚТЫ (үзінді)

    Түскендей әуе жерге қырық күн шілде,

    Ішкен мас, жегендер тоқ күнде-күнде.

    Қысқа түн қымқырылды, таң көрінді:

    «Кел шық»,— деп иек қағып жарық күнге.

    Ән салды таңды мақтап сансыз торғай

    Бас иіп бәйек болып жерге қонбай,

    Қағылып таң желіне тербетілді,

    Көк майса көзі ілініп тұрған сондай.

    Асыл шөп, жасық шықтың иісі аңқып,

    Батқандай мелдігінен нұрға қалқып,

    Күлімдеп көктің жүзі көңілі шат,

    Жауһардай күн шығар деп бізге балқып.

    Көлбөңдеп көкке қарай жердің буы,

  • 2

    Айнадай анадайдан көлдің суы.

    Күй билеп суда тұрған барлық қамыс.

    Ән салды домбырамен құстың шуы.

    Мақтанып қара түнде нұрын шашқан,

    Айдың да өлеусіреп түсі қашқан,

    Шығарып сұлу күннің сезгеннен соң,

    Бірі жоқ, тамам жұлдыз бетін басқан.

    Жайылып тәрге қарай таңның ағы,

    Көрінді ауыл-ауыл маңайдағы.

    Қарайып өрген сиыр, түйемекен

    Ауылдың малға толды әрбір жағы.

    Ыңыранып қой қотанды таңды көріп,

    Күн шықса, жайылысқа кетпек өріп.

    Төбеттер үй алдында жаңа жатты,

  • 3

    Түн бойы қой күзеткен ұйқы бөліп.

    Таяқты, жалаң аяқ шалдар тұрып,

    Сүйкенген үйлеріне қойларды ұрып.

    Бір молда шәугім ұстап тысқа шықты.

    Бүкшеңдеп арба айнала қақырынып.

    Қисайған қос секілді жалғыз қара —

    Ауылдан арқан бойы тұрды дара.

    Қолтықтап «Әптиек» пен «Құрандарын»,

    Жиылып жатыр сонда біткен бала.

    Күн хабар сонда берді нұрын шашып,

    Бір күлді жүзіменен амандасып.

    «Ал бізге сәуле түсті... Алақай!» — деп,

    Ой мен қыр қарап түрды жымыңдасып.

    Өргізді қойшы тұрып, қойын айдап,

  • 4

    Ерттеп ап арқандағы атын жайлап,

    Торсыққа ақ боз үйден қымыз құйып,

    Жанына мықтап тұрып алды байлап.

    II

    Жайлауға кеше қонған Тасболат бай,

    Дарыған «қыдыр» оған, дәулеті сай.

    Ақ орда сегіз қанат тігіп тастап,

    Жатқаны қор-қор ұйықтап көңілі жай.

    Бейқисап — ол жайлауда жердін. шөбі,

    Көрінбес кірсе ішінен малдын төлі.

    Айдын көл айналасы ат шаршарлық,

    Көркейтіп жазғы жауын жердің өңі

    Жан-жағы көк майсалы шалғын томар,

    Қаққылдап жалтырына қаздар қонар,

  • 5

    Мөп-мөлдір суы таза, суықтығы:

    Шілдеде түскен кісі жаурап шығар.

    Өрісі көз көрім жер, ұзақ кеткен.

    Мың жылқы тырағайлап ұзап кеткен.

    Жер еркін, қуар, қорыр тірі жан жоқ

    Бетімен жей береді аяқ жеткен.

    Іргеде бие бауы тұрған пісіп,

    Құрақ жеп, ыстық болса, суға түсіп,

    Аяқты малдың оңалғанын көріп,

    Ойларсың кетті ме деп күп боп ісіп.

    Сүт тұрды сауған сайын малдаы ағып,

    Ешкім жоқ азаптанған, оны бағып.

    «Ет, ет» деп, қымыз ішіп, көпірісіп,

    Қазақтар тек жүрмекте, сандал қағып.

  • 6

    Бұл жерде мекен еткен Керей халқы,

    Кең жері, байлығымен шыққан даңқы.

    Бұл елде басқа елден де басым еді,

    Бұрынғы қазақшылық — ата салты.

    III

    Тасболат — таптан асқан малды кісі,

    Сол үшін өз табынық алдыңғысы.

    «Болса да аузы қисық, бай сөйлесін»

    Дегендей оңға басқан әрбір ісі.

    Он бес жыл болыс болған,Меке барған,

    Қазақша еш қызық жоқ мұнан қалған.

    Шалдары қошаметші айтушы еді,

    «Апырмау, бар ма екен,— деп, сізде де арман?»

    Үйінен күндіз-түні ат кетпеген,

  • 7

    Қонаққа, мырзалыққа жан жетпеген,

    Қазақ тұрсын «начальник», «терелер» де

    Қағысып «пожалуйте» етпеттеген.

    Саудагер жүрген-тұрған, қожа-молда

    Жем үшін, тұрымтайдай қонып қолға.

    Қазақта барып тұрған жуан тұқым.

    Үкімі жүріп түрды он, мен солға.

    Бұл дәулет жалғыз ғана өз басында,

    Жоқ еді Жақып деген ағасында,

    Баласын ағасының болыс қойды

    Билеген өз халқынын, арасында.

    Мырзамыз болыс болған Байбол атты,

    Орысша білуші еді тіл мен хатты.

    Баласы Тасболаттың Жақан мырза

  • 8

    Жағынып әзер алды кандидатты.

    Тасболат қимаса да болыстықты,

    Тіл білмесе қоймайтың закон шықты.

    Не баласы, не өзі оқымаған

    Болғанмен қара күшке сонша мықты.

    Ал енді қыларыңды қыл заманға.

    Бір білген ауысылмас мың наданға.

    Байболды амалсыздан қоя салды,

    Кететін болғаннан соң басқа адамға.

    Оқуды іздеп еді Байбол жаста,

    Мәз болмай, Жақанға еріп, ішер асқа.

    Жасы жас, семинарияға былтыр кірген,

    Өтірік «приговормен» толды жасқа.

    Көрмеді болыстықты Байбол оңды,

  • 9

    Жұрт шулап десе-дағы: «Бақыт қонды...».

    Көп қашты: «Оқимын» — деп болыстықтан,

    Қоймады жұрт талқысы, ақыр көнді.

    Жақан мен Тасболаттың өңі қашып,

    Сырты жай болса-дағы, жүрегі ашпып:

    «Қонақ күт, оқып не бар саған?» — дейтін

    Кеткен соң өздерінен Байбол асып.

    IV

    Екі жыл мұнан кейін заман өтті,

    Қыршын жас Жақан өлді, ажал жетті.

    Ауруы күйдіргі еді, докторға айтпай,

    «Құдай сақтар өзі» — деп, қапы кетті.

    Жылады: «Жөн менікі еді» — деп атасы,

    Сөйтсе де артында бар бір баласы.

  • 10

    «Соған өмір берсін»,— деп, тоқтау айтып,

    Бата оқыды, бас жеді отағасы.

    Бата оқыр, ағайыны күнде топыр,

    Жемтік көріп жиналған молда да отыр.

    Қылқиып мойындары, шарт жүгініп,

    Мықшита «ағузыны» құран оқыр.

    Жақан марқұм қатынды жасында алған,

    Өскен соң бірді айттырған, қылып арман,

    Бастапқысы жиырма алты жасында еді,

    Бесікте бір ұлы бар тауып қалған,

    Соңғының болған әбден малын беріп.

    Той қылған, қол ұстаған, қойынға еніп;

    Біраздан соң аламын деп жүргенінде,

    Жетпеді мақсатына ажал келіп.

  • 11

    Бәрінен Тасболатқа осы батты,

    Қайғырды келіні үшін жаман қатты.

    Тірі кісі тіршілік қамын қылып,

    Жыл өтті, есін жиды, етек жапты.

    Әжібай — кенже қалған жалғыз бала,

    Он екі өтіп, он үшке толған жаңа.

    Әжібайға бес жасында-ақ қыз айттырып,

    Мал беріліп қойылған оған және...

    Оқуға ынтық емес қазақ халқы,

    Атадан қалған қате бұл бір қалпы;

    «Бай кісі бала оқытып, підие ала ма?»

    Дейтұғын Тасболаттай байлар салты.

    Үйреткен Тасекеңді өткен сайлау,

    Тіл білмеу— болыстыққа болып байлау

  • 12

    Сол жылы шардан қалып, ыза болып,

    Школға беріп еді Әжібайды-ау.

    Екі қыс оқып еді Әжібай онда,

    Биыл тағы да жүр еді оқып сонда.

    «Қарағым, ағаң өлді, үйге жүр»,— деп,

    Тасболат Әжібайды алды қайта қолға.

    Алатын, неге десең жесірі бар,

    (Қазақтың жесір деген кесірі бар).

    «Бар болса, әмеңгері жесір кетпес»,—

    Дейтұғын ескі ғұрып кесімі бар.



                                   
 
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті