•  

    ҚАМАР СҰЛУ (үзінді)

    Жіңішке сымға тартқан әні қандай,

    Балауыз балбыраған тәні қандай.

    Ақыл-ой, мінез, көрж түгел келіп,

    Толықсып толып тұрған сәні қандай.


    Еріткен іші-бауырыңды көзі қандай,

    Бал тамған майда бұлбұл сөзі қандай.

    Жұп-жұмсақ, бып-биязы ішке кіріп,

    Жайтаңдап жан күйдірген кезі қандай!


    Күлгенде көзіңді алып, кірсіз тісі,

    Қайнамас оны көріп кімнің іші?

    Алмас қалыш жүзіндей аударылған,

    Сүйгізіп көлеңкесін әрбір ісі.


  • 2

    Нұрлы жүз жан-жағына сәуле шашып,

    Бойының мінсіздігі онан асып.

    Өзгеден сып-сыпайы һәм сүйкімді,

    Ең арты жүрсе-дағы аяқ басып.


    Толған ай шілдедегі жалт-жұлт еткен,

    Мұбада көрген кісі қиыр шеттен.

    Көлеңкесі күйдіріп күні-түні,

    Есінен екі-үш айда әзер кеткен.


    Талайы бозбаланың болған ғашық

    Уай шіркін! Болсайшы деп бізге нәсіп.

    Егер де Қамарменен тіл қағысса,

    Құдай ұрып жым болар қара басып.


  • 3

    Омар да қоя берді бетін қақпай,

    Жүрсе де сонысынан жұртқа жақпай.

    Әркімдер құдалықты ойланса да,

    Қамар қыз қайдан көнсін теңін таппай.


    Сұлу Қамар, ақын Қамар, жаным Қамар,

    Қамаржан, сені ойласам, ішім жанар.

    Үлбіреген аузыңнан бір сүйгізсең,

    Ішкендей кәусар суын мейрім қанар...—


    «Көп жүрдім шыдайын деп іштен жанып,

    Кейде олай, кейде бұлай ойға қалып.

    Амалсыз арды түйіп қалам алдым:

    Кеткен соң ғашық оты бойымды алып.


  • 4

    Ойнайық азғана күн дәурен өтпей,

    Тұрғанда басыңыздан билік кетпей.

    Шығаршы жүректегі шын сырыңды,

    Жаутаңдап екі көзді мөлдіретпей.


    Талпынып қол сермедім ұшқан құсқа,

    Болса да жетер ме деп қолым қысқа.

    Көзге күйік көріндің, іш күйдірдің

    Мейрімсіз отқа салдың, бұл дұрыс па?


    Бір өзіңнен басқаны қойдым жауып,

    Ұят па, ойнап-күлу теңін тауып?

    Көрген соң жалғыз ғана ішің білер,

    Жау мұндалап жүрмессіз елге шауып.


  • 5

    Ақ тұйғын талпынбай ма теңге қарай,

    Басын кессе, бара алмас кемге қарай.

    Дауасы сырқатымның жалғыз сенсің:

    Талпындым жаным үшін емге қарай.


    Қарайсың мөлдіретіп жаудыр көзің,

    Шын айтсам, шыбын жаным сенің өзің.

    Елжіреп іші-баурым ынтығып тұр.

    Тез естір мейірбанды жылы сөзіқ».


    «А, құдай, жасты жасқа пар қылғаның,

    Біреуді жоқ, біреуді бар қылғаның.

    Біреуге алтын, гауһар тахыт беріп,

    Астана жұрт билеген хан қылғаның;

  • 6

    Біреуге мал мен бақты үйіп беріп,

    Ақылсыз екі аяқты мал қылғаның;

    Біреуге Аплатондай білім беріп,

    Мінер ат, ішер асқа зар қылғаның;

    Қыздарын теңге бермей, малға беріп,

    Қазақты қара көңіл аң қылғаның;

    Мейлі доңыз болсын, қоңыз болсын,

    Малдыны кісімсітіп паң қылғаның.

    Көрсетіп құдіретіңнің шеберлігін,

    Бендеңнің миы жетпес таң қылғаның»


    «Қалқам-ай, қапа қылдың жауап бермей,

    Жүр ме скен қолың тиіп, реті келмей?

    Дәрменсіз, дертім қалың, жүрек толқып,

  • 7

    Мен жүрмін сол қападан әзер өлмей.


    Қалам қас, мамық тамақ, уыз қойын,

    Мөлдір көз, тілің бүлбұл, алма мойын.

    Көңілімді көкке ұшырмай дауалатшы:

    Алып-ұшып барады тұла бойым.


    Апырым-ай, көзқарасың тәуір еді,

    Мінезің салмақтылау, ауыр еді:

    Жауабың кеше-бүгін болмаған соң,

    Көз жасым көктен құйған жауын еді.


    Білемін ішкі жағың мені сүйер:

    Теңдесін теңдес сүймей, нені сүйер?

  • 8

    Дәл ойың жалғыз қылдың үстінде тұр,

    Ауа алмай бір жағыңа ішің күйер...»


    «Құп алдым ықыласыңды, замандасым,

    Белгілі сенен жақсы таба алмасым.

    Сонда да үмітіңді үз, менен түңіл,

    Доп емес әркім қағар менің басым.


    Көз тігіп қарадың деп күйе жақпа,

    Жақсақ жақ, жөні келер жерін тап та.

    Ақылмен алды-артыңды шолып алмай,

    Қарны ашқан қасқырға ұқсап қойға шаппа!


    Қарасам, сүйгендіктен қарамаймын,

  • 9

    Сүйсем де, сол сөзіңе жарамаймын.

    Арыстан айға шауып мертігіпті,

    Секірме, қолың жетпес көктегі аймын.


    Сілтей бер маған жетер қолың болса,

    Даңы жоқ, даңғыл жатқан жолың болса.

    Ашық жол, асулы қол болар еді-ау

    Бірақ жоқ, әттең дүние, сонын, болса...


    Сен шыда, күйіп тұрсың, бір-ақ отқа,

    Болсаң да қандай қызу жалын шоқта.

    Аузың айтып, ар жағың біліп тұр ғой

    Екі оттың арасында тұрғам жоқ па?!»


  • 10

    Малдылық, маскүнемдік, қарны тоқтық,

    Деуші едім неге керек сыпыра боқтық.

    Қазақтық қаны-жаны сонда екен ғой;

    Діңкемді құрттың, міне, әттең жоқтық.


    «Әрине, қолым жетпес көктегі айсың,

    Қағу көрмей, қарсы өскен қалқатайсың,

    Жетпесе де сермедім, ал қолымнан,

    Ақыл-ой, зеректікке сайма-сайсың.


    Ол рас, менен гөрі малың тәуір,

    Малы тәуір кісінің сөзі де ауыр.

    Теңіне теңелем деп жүргендердің

    Талайын қара қарға қылған жауыр.


  • 11

    Не шара, айтқан сөзім ем болмаса,

    Сұңқар мен сұқсыр үйрек тең болмаса.

    Сен үшін мұнша қапа болмас та едім:

    Алды-артым бәрі қысқа, кем болмаса.

    Қылмаса құдай нәсіп амал бар ма,

    Біраз күн ойнайықшы ең болмаса».


    Апырмай, ашық еді сенің көзің,

    У жеген қасқырдай ғой кейбір сөзің.

    Жайды білмей жарбаңдап жамандарша,

    Қарғаң не, қайта ойланып байқашы өзің?


    «Жан құрбым, сабыр етші, жанымды алмай,

    Күйіп тұрған жаныма жалқын салмай.

  • 12

    Не сенен, не өзімнен жол табылса,

    Қалатұғын ойым жоқ саған бармай.


    Тіпті жоқ сенен өзге сүйген кісім,

    Мағлұм бір аллаға ұшпу ісім.

    Хатыңды көрген сайын қайран болып,

    Жол таппай құр қайнайды іші-тысым.


    Әрине, езің теңсің, малың нашар,

    Халің жоқ және-дағы алып қашар.

    Болса да басың бұлбұл, аяқ дүлділ.

    Беруге кісі тапшы аяқ басар.


    Ақыл-ой, сын-сымбатта маған теңсің,

  • 13

    Шыбыным, шын сүйгенім — жалғыз сенсің.

    Ту бие, қара саба болмаған соң,

    Икемге менің елім қайдан көнсін.


    Қалса да егер бірі мұны сезіп,

    Кетуі-ақ қолын қойып менен безіп.

    «Тентекті айып салып айдап жібер»,

    Деп шулап көк малтасын түрмай ма езіп?


    Бейшара-ау, шырт түкірініп жатпас па едің,

    Қымызды ішіп, насыбайды атпас па едің,

    Шіреніп маңғазсынып, маңызданып,

    Лепіріп ақыра сөйлеп, шатпас па едің?»


  • 14

    Ағайын айдыныңа ермес пе еді,

    Жиылып жыпылдақтар келмес пе еді.

    Лузыңнан шықса, «құдай берді ғой» деп,

    Өзі іздеп мені саған бермес пе еді?


    Дап-дайын көңілімде тұр ақылдары,

    Еш шек жоқ сонда бізді мақұлдары.

    «Балаңның бақыты ашылды, жайлы орын» деп,

    Шалдардың таптың қағып, тақылдары.


    Түсінсен, де түсінбей көп жазасың,

    Дертіме дәрменімсің деп жазасың.

    Тым болмаса біраз күн ойнайық деп,

    Өткелсіз, орайы жоқ кеп жазасың.


  • 15

    Шыдайық тілімді алсаң қараланбай,

    Досқа күлкі, дұшпанға табаланбай,

    Өтейік бір күйікпен арманда боп,

    Тағы да жара үстіне жараланбай.


    Көрініп көзге түссе осы хатым,

    «Оқыды» деген бар еді менің атым.

    «Қызды оқытпа, оқытсаң мынау ғой»,— деп,

    Кейінгіге тимей ме кесапатым?


    Қалдырмай бір жағыңнан мұны да ойла,

    Тамағыңнан басқаны жауып қойма.

    Не пайда, сен де оқыдың, мен де оқыдым,

    Қалмаса арттағыға үлгі бойда?


  • 16

    Қайтейін, мен де амалсыз, арманым кеп,

    Арманды арылтатын дәрменім жоқ.

    Бүгін саған барамын, ертең оған,

    Онан да жақсы емес пе атылған оқ...


    Қарағым, қаралама, ая мені...

    Аяғаннан айтамын мен де сені.

    Күйдіріп бір сен үшін ата-анамды,

    Елге бүлік салудың келмес жөні.


    Жауапты үзіл-кесіл беріп түрмын,

    Берсем де бетім күйіп өліп тұрмын.

    Қайтесің, амал бар ма, қазақ надан,

    Сен де көн, мен-дағы һәм көніп тұрмын.


  • 17

    Разы, сүйген жарым, қош-есен бол

    Құдайым аша берсін алдыңа жол.

    Мен үшін бұдан былай әуре болма,

    Біржола үзіл-кесіл айтқаным сол.

    Шын сөзге тоқтайсың ғой амалсыздан,

    Қарағым-м-м-м... разы бол, қасіретім мол».


    «Қайтейін, қара қазақ, шабандығың

    Ойлашы, қай жеріңде адамдығың?

    Қыз оқыса, «бұзылды, ал, кетті —деп,

    Мінеки, айтқызатын надандығың.


    Кетпейді Қамар неге маған еріп,

    Аһ ұрып зар қылады, көңіл беріп.

  • 18

    Оқумен ойы жеткен шаһыбаздары

    Тұрады-ау атқан оққа көкірек керіп.


    Қамар қыз оқымаса нетер еді,

    Әуелі бұлтаң-сылтаң етер еді!

    Көзсіз болса алды-артын болжау қайда,

    «Әркімнің жетегінде кетер еді».


    «Қамаржан, мен күйемін сенің үшін,

    Әрине, сен күйесің менің үшін.

    Ғапу қыл, байқатпайды ғашық оты:

    Азғана күн әурелен деген ісім.


    Ғашықтық алды-артымды бірдей жауып,

  • 19

    Іс түбін ойламаппын ақыл тауып;

    Мен үшін өмір бойы қаралан деп,

    Тұрған соң айта сагшын көңлім ауып.


    Ұялмай-ақ ағашқа күйе жағып,

    Батылым барды соған әлде нағып?

    Ұялам өз-өзімнен жерге кіріп,

    Саған жазған сөздерді есіме алып.


    Ғапу қыл, данышпаным, айып етпе,

    Баспаңыз көрінгенде біздің бетке.

    Ал енді, біразырақ ақыл айтам,

    Есіңнен елеусіз қып тастап кетпе.


  • Елуге жасы жеткен шалға барма,

    Малды деп, маңызданған малға барма!

    Ел-жұртым обалыма қарайды деп,

    Түбінде соған сеніп қапы қалма!


    Шыдадым күймек тұрсын өлсем-дағы,

    Жанымды қырық буынға бөлсем-дағы.

    Аһ дүние, іш жанды ғой, іш жанды ғой...

    Амалсыз айтқаныңа көнсем-дағы.


    Қош енді, жанған жаным жана берсін,

    Басыма кетпес қайғы сала берсін.

    Құдая, сол Қамарды бақытты қыл деп,

    Ғашығың қолын жайып қала берсін».



                                   
 
Павлодар қ., С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті