|
|
- Айт
- Дін
- Кедейлік
- Оқу
- Оқуда мақсат не?
- Сарыбас
- Оқып жүрген жастарға
- Талиптарға
- Ендігі беталыс
- Анау-мынау
- Мағынасыз мешіт
- Жарлау
- Достыма хат
- Шығамын тірі болсам адам болып
- Түсімде
- Жазғы қайғы
- Қымыз
- Кеше түндегі түс, бүгінгі іс
- Ләнет бұлты шатырлап
- Алты аяқ
- Ағайынның азғандығы
- Аққудай үлбіреген сұңғақ мойын
- Арманым
- Асыл сөз
- Байлық
- Балалық жасым өтесің
- Балалық күн
- Барлық ісім қырын қарап
- Бір адам көп жасады жер бетінде
- Біреу бай, біреу жарлы
- Дозақ
- Ж...
- Жалыну
- Жан қайда әділетті іздейтұғын
- Жүрек
- Жұмақ
- Жұмбақ
- Жылы кеш
- Итаршыға
- Көңілім, неге жасисың
- Күңшіл ақ кірпік
- Қ...ға сәлем
- Қайқы құйрық, шұбар қыз, істік мұрын
- Қандай басшы
- Қарағай да қайғырып
- Кожеке, келдіңіз бе көңілім сұрай?
- Қос үй
- Қызы бар жалғыз үйде жеке жатқан
- Қызық қандай адамды қыздыратын
- Мұқышқа
- Намаз
- Ақ сәуле
- . . . . ға
- Әкелші
- Жаңғырып Алтай тауы саласынан
- Келді хатың, мен шаршап
- Күңгірт түспен ойға батып
- Маңайымнан әрмен кет
- Мейірімсіз ажал
- Мұңдылардың жолыққаны
- Неге жасаймын?
- Ораза
- Орамалға
- Орнымыз медресе оқып жатқан
- Өмірді үзіп алуы
- Партияшыға
- Секілді өмір қысқа, жарты тұтам
- Соғыстың кесірі
- Төре көрсе жалаң бас шұлғып, билеп
- Түспейді жазсам жазу қара тасқа
- Ұлт
- Шыны осы
- Нешелер көз жасы төгілді
- Қандай
- Арабшадан
- Бір баланың тілек батасы
- Алғыс
- Арыстан мен тышқан
- Екі тышқан
- Көк өгіз
- Достыма ұмытпастық үшін хат
- Түсімде көрген бір аяныш хал
- Соқыр ағаш
- Бұлар кім?
- Көңілді көндіретін тағдыр
- Бір балуанға қарап
- Міне, алақай!
- Шәкірт ойы
- Жақсылық көрсем өзімнен
- Альбомнан
- Жапырақтар
- Бақыт
- Сөзімен баға бермес бұл халыққа
- Кеш
- Кешегі күндей түсті бұлт басқан
- Көшу
- «Шоң» серіктігін ашардағы тілек
- «Шоң» серіктігін ашарда «Шоң» серіктігі туралы
- Бұл баяндаманың арты мынадай сөзбен
- Күнделік дәптерінен
- Достыма
- Мұның аты өш алу
- Дүниедегі қызықтың
- Ақ сәуле күміс жүзді, құндыз қабақ
- Құлағым бітелген жоқ
- М....ға
- Дәл осы көзім көрген қыздың жайы
- Тұрмысқа
- Бір адамға
- Туған еліме
- Сымбатты сұлуға
- Қыз сүю
- Гүләйім
- Өмірімнің уәдесі
- Жан қалқам
- Гүл
- Жас жүрек
- Сарыарқаның жаңбыры
- Жүрегім тулап шабасың
- Ей, махаббат! Ей, достық!
- Осы да әділдік пе?
АЙТ
Жер жүзін көк шөп басып түрленгендей,
Қызарып бәйшешектер гүлденгендей.
Киініп қыз, келіншек жарқылдайды,
Бір түрлі жаңа тұрмыс түрге енгендей.
Шаттықта өңі ашыңқы бала-шаға,
Оларды есіркейді қамқор ана.
Жастар да өз бетімен қырындап жүр,
Бұраң бел жас сәулемді есіне ала.
Әр үйдің, тілегенге есігі ашық,
Шаттық бар, жамандың ой кеткен кашып.
Сойған қой, берген қымыз құрметіне
Байлар да кердеңдейді алшаң басып.
Аттанған қожа-молда тиын қуып,
Сәлдемен он бес құлаш белді буып.
Мұрт басқан, сүрме тартқан, тырнақ кескен
Дәретпен жып-жылтыр қып бетті жуып.
Жалғыз-ақ дорба асынған кедей кәріп,
Аштықтан өңі кеткен беті де арып.
Әркімдер тиын-тебен беріп жатыр,
Дегенге: «Құтты болсын, айт шәріп!»
ДІН
Дін деген — өтірікке нану деген,
Көңілге өнбес қиял алу деген.
Қиямет күн ғарасат майданына
Өлген адам тіріліп бару деген.
Хор қызын жиырма бестен алу деген,
Мәңгілік, өлмей-жітпей калу деген,
Өлмейтін, картаймайтын жайға апарып,
Пендесін басқа күйге салу деген.
Дозақта күнәлілер жану деген,
«Кәпірді» зор азапқа салу деген.
Мұсылманнан басқаның бәрі иттей боп,
Өшпес от, бітпес бейнетте қалу деген.
Бұл — молданың өтірігіне сену деген,
Жетегіне соқырдың еру деген.
Алдамшының алдаған сөзіне еріп,
Қолда барын сыпырып беру деген.
Өлген адам тіріліп келу деген,
Қартаймай, өлмей тірі жүру деген,
Жақындық жоқ, ұйқы мен тамағы жоқ
Мәңгілік ұзақ өмір сүру деген;
Жұмаққа қазақ қана кіру деген,
Ол сырды қожа-молда білу деген —
Ежелгі надандықтың кесірі ғой,
Ғылымға бой ұсынбай іру деген.
Миға кірмес өтірік сөз емес пе,
Мұның бәрі — бос мылжың үру деген.
КЕДЕЙЛІК
Кедейлік, сен жексұрын, түсін, суық,
Іздемес сені адам керек қылып.
Амал жоқ, ықтиярсыз құл қыласың
Маған салса касыма келме жуық.
Жанды жеп сен ғой мені арытатын,
Күнің жоқ ат пен асқа жарытатын,
Жыртықтан жылтылдаған жас денемді,
Күнге қақтап, аязға қарытатын.
Жарытпай киер киім, ішер асқа,
Сөктіріп малы барлау надан, насқа.
Жас көңілді қайғымен уландырып,
Сенсің ғой толтыратын көзді жасқа.
Қинайтын жан алғыштай жанды сенсің,
Түсі суық жыланмен бірдей теңсің.
Маған салса кедейлік аты өшкірді,
Дер едім, тұрмастай ғып жерге көмсін.
Бірақ, сен өлмейсің ғой, жаның берік,
Құтқарсаң, бар әлемді шыны өліп.
Өлмесең де өлтірем өсе келе,
Жүрмеспін жолдас болып саған еріп.
Талайды осы күні-ақ, жүрмін көріп,
Жалқауды қақпалайсын аттай мініп.
Талаптының маңына жоламайсың,
Талаптанып қууға өзімде ерік.
ОҚУ
Бүгіндегі жастарға оқу міндет,
Тек кана оқуменен өнер білмек,
Өнер-білім, адалдық, ар-намысты
Жоятын надандық қой емсіз індет.
Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек,
Оқыса баска елдердей қатарға енбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілмек аз-ақ жылда жоғары өрлеп.
Көрші елдер өнерсізді қорлап күлмек,
Оқу мен бірлік болса, көзіне ілмек.
Қараңғы Қарынбайдай надан болсаң,
Байлығыңа иелік бермес күндеп.
Өнерлі ел бар мұқтажын жерден ембек.
Өнермен техникалы жұмсап еңбек.
«А, құдай, өзі берден» түк шықпайды,
Талаптанып, талпынсаң сонда бермек.
Алдыңғы ел малға емес, жерге сенбек,
Бар мұқтажы адамның жерден өнбек.
Басқаға малайлыққа жеккен күшті
Жұмсасақ өзің үшін шындап терлеп.
Өнерге сай боп келсін бірлік, ерлік,
Сонда ғана аларсың сен де теңдік.
Надандықтан екенін білесіз бе,
Көрінгенге болғаның семіз жемдік.
Ел болуға алдымен білім тірек,
Бір сөзді, бір ауызды намыс керек,
Жалғыз ғана оқумен теңелмейсің,
Алты ауыз-азғын болсаң қоян жүрек.
Қажырлы ел жаннан арын артық көрмек,
Өнерге ұмтылатын аңсап-шөлдеп.
Қорғайды елін, жерін каныменен,
Болмайды жаннан қорқып басын имек.
Наданды әркім жейді нандай илеп,
Жыртқыш ілген үйректей тірі жүндеп.
Өгей бала секілді тесік өкпе
Жалғанда теддік көрмей жаны күймек.
«Ел» дейтін адал басшы әзір сирек.
Көпшілігі табансыз, қорқақ күйрек.
Елі үшін құрбанға шалса разы
Кім бар еді ту ұстаған елін сүйреп?!
Төре көрсе жалаң бас шұлғып, билеп,
Бәйек боп әулиедей ізін сүймек.
Елге келсе, өтірік мақтанатын:
«Қорқайын ба, ұлыққа айттым сөйдеп».
Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өшірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек!
ОҚУДА МАҚСАТ НЕ?
Оқуда мақсат не:
Медреседе жату ма,
Ескі нұсқа бақастарды татуға;
Қанша жыл Хашия мем Мантық шайнап,
Керілдесіп шатуға.
Көп жатып, «хатымкер» атын алып
Елге апарып сатуға?
Ә! Бұлай болса керек енді:
Сәлде, шапан киюге;
Мүрит болып ишанға бас июге,
Жас басымнан таупықты сопы болып,
Сол есіммен тоқты-торым жиюға.
Яки мақсат: молда атанып төрге отыру ма,
Ет, кымызға қарнын толтыруға;
Підие, зекет, пітірге қапшық болып,
Миллетке микробтігі тие отыруға?
Бұлардың бар тапқаны көзін сату,
Кім өліп, кім жіткенін аңцып жату,
Білмесе де әлхамның ғибарасын,
Жемтік көрсе молдамын деп тістей қату.
Яки мақсат: тілмаш боп жем табу ма,
Жылтыратып сары түйме шен тағуға;
Кеміре-кеміре жыртылған жырық дорба,
Басқалардан калғапын сен қағуға?
Яки мақсат: өнер, білім алуға,
Алға карай баруға.
Намыстанып қорланып,
Хұқықтан махрұм қалмауға.
Миллет көзін ашуға,
Терістіктен кашуға.
Заманаға кез салып,
Аяқты жөндеп басуға.
Жақсы тұқым шашуға,
Дария Нілдей тасуға.
Микроб болған наданның
Пітінелерін басуға.
Өнер тұқымын егуге,
Жарыққа қарай келуге,
Пайда, зиян айырсақ,
Жүре бермей жегуге.
Отанымызды сақтауға
Ақиқатты жақтауға.
Біз де басты көтерсек,
Қала бермей таптауда.
Рақат өмір жасауға,
Бәліш болмай асауға.
Кім дейсіз әр халықты тентіреткен:
Әуелгі үш түрлі оку түпке жеткен.
Бұл үшеуі көзі батып көмілгенде,
Кейінгі жалғыз мақсат көкке жеткен.
Демейміз оңымады біздің халың.
Болса да оқу — анық, мақсат — танық,
Болса егер ойларыңда соңғы мақсат
Еш мұндай болмас еді артта қалық.
САРЫБАС
Жалаң бас, жалан аяқ, жыртық дамбал
Кір көйлек, қомыт күпі, шидем шалбар.
Сары үрпек, көгілжім көз, оңі жүдеу,
Қу мойын, аш қабырға аңғал-саңғал.
Жарық қол, қара табан, жалақ ерін,
Толтырған кеудесіне кайғы-шерін.
Жеті атасы кұлдықта күн өткізген,
Кірме деп кемітетін ата-тегін.
Ата-анасы қартайып, жасы жеткен.
Кедейлік жас күнінен тентіреткен.
Кірсіз киім, дәмді асты арман қылып,
Қайғылы жоқшылықпен күні өткен.
Азамат үш ағасы саңа бойдақ,
Еңбеқтің қазанында піскен қайнап.
Атасына басылған нәлет таңба,
Бұлардың да сендей ғып басын жоймақ.
Шүкібай шал әкесі, заты Керей.
Адал қара бітпеген тұлдыр кедей.
Сарыбасын оқытуға былтыр берген,
Жалшы боп пайда тапсын бұл да демей.
Бұл іске тұра алды ма байлар күлмей,
Кекесін, өткір зілді тілі тимей:
«Артында жоқ көсеумен қамшылайды,
Ақымақ әуре деген әлін білмей».
Ондай сөз Шүкібайды налытпайды,
Үйреншікті кедейлік кажытпайды.
Сарыбасымды оқытам, адам кылам,
Деген ой барған сайын шалықтайды.
Малға кедей, көңлі бай, зарықпады,
Сөзі семіз, мінезін арытпады.
Бар еңбегін Сарыбастың оқуы үшін
Ант қылды соған арнап сарыққалы.
Сарыбасқа өткір зейін дарытқаны,
Бір-ақ жылдын, ішінде анықталды.
Қойшының көк шолағы жүйрік шығып,
Шабысты барған сайын дамытқаны.
Жақсы окып, зиректігін танытқаны,
Жолдас түгіл молданы аңыртқаны.
Піскен бас, көбік өкпе бай баласын
Таң қылды, сөйлесе естен жаңылтқаны.
«Кедейдің ақылы жоқ мәңгі» деген,
Растыққа бай сөзін дарытпады.
«Малға бас, бай баласы кеше» деген
Асанның мақал сөзін анықтады.
Оқып жүрген жастарға
Үмітпенен жоқ қуған
Үмітпенен жоқ қуған
Талабы алда баламыз.
Басқалар жоғын тапқанда,
Біздер қайтіп қаламыз.
Тәуекелге бел бусақ,
Көрдегіні аламыз.
Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
Қусақ бәрін шаламыз.
Іс істейік бір болып,
Ашылмасын саламыз.
Сұмдар салған жүректе
Аз ба біздің жарамыз?
Тепкісінде басқаның,
Қор боп жүдеп барамыз.
Көріне көзге азапта
Мәңгі қайтіп қаламыз?
Ойыңды енді азат қыл
Қалсын былай балалық.
Талиптарға
Миллеттің кел майданға, талиптары,
Дерті бар, дәрмені жоқ, ғарыптары!
Оқыған жастарының арқасында
Көз ашты көрші жұрттың халықтары.
Көрдің бе миллетіңді ұйқы басқан?
Тебіренбей жер қозғалып, жарылса аспан
Ойлайық бәріміз де миллет қамын,
Бірігіп, ынтымақтан еш қалмастан.
Миллетке бек зор үміт — шәкірт халқы
Ат болса да, біздерде жоқ қой қалпы:
Жабыстық көрінгеннің етегіне,
Бір бақас жаттап алып шала-шарпы.
Кейіміз пәнді оқу — арам дедік,
«Хашия» жаттап, үжмаққа барам дедік,
Бұрынғы тақыр талас қалпымызда
Атаның жолын қуып қалам дедік.
Кейіміз халық ұйқысын ашам дедік,
Ұмтылып ілгері аяқ басам дедік.
Ата тұрсын, бабаның жолы болсын,
Залалды жолдан безіп қашам дедік.
Дөңінен надандықтың асам дедік,
Миллетке раушан нұр шашам дедік.
Үйреніп әрбір түрлі өнер-ғылым,
Теңіздей дария болып тасам дедік.
Кейіміз сәлде, шапан кием дедік,
Сүзіліп басты төмен ием дедік.
Ақпейіл адалсынған сопы жан боп,
Сүйтіп-ақ підие, зекет жиям дедік.
Кейіміз оны көріп, оған ердік,
Аздан соң оны тастап, бұған келдік.
Көңілді ешбіріне бой салғызбай,
Тоқтаусыз ортасында аттай желдік.
Кейіміз тиіп қашпа алаңғасар
Қылдай сөзді таудай ғып жұртка шашар.
Жанды қиған кісі боп жылтыраймыз.
Кісіні мықтап сайлап, үркіп қашар.
Білеміз ынтымақсыз іс оңбайды,
Тартынып шу-шулеткен кісі оңбайды.
Бізде бар аққу, шортан, шаян қалпы,
Біздің іс бүйтуменен еш оңбайды.
Миллеттің кел де бірік, ал жастары,
Қызмет қыл, өткір қылыш алмастары!
Бәріміз қуат қосып бірге тартсақ,
Анық қой надандықта қалмастары.
Ендігі беталыс
Кірді ғой түстен кейін тентек ақылы,
Сертімнің бұл өмірлік ең ақыры:
«Адам — құл өзін жеңіп ұстамаган»
Деген бір Сократтың бар нақылы.
Тұрмысты үмітім көп жеңем деген,
Жігермен жеңуіме сенем деген.
Ырқыма менің жүрер қай дүние,
Көнбесе өз ырқыма өзім денем?
Әрине, шыдар-ақпын өлуге мен,
Баспасын жаман жолға көнуге мен.
Ақтармын оқып-жетіп адам атын,
Басқаға жоқ ықылас бөлуге мен.
Менде жоқ қажу деген, ашу деген,
Тарығып болымсызға жасу деген.
Ісіне құрт құмырсқа ілтипатсыз
Ойымда тек сол белден асу деген.
Шындықтың аулын іздеп түстім жолга,
Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ, бір табармын деп көңілім сонда.
Достарым, оған шейін асықпаңдар,
Алдында әлі ататын жарық таң бар,
Тез уақыт жердің жүзі бір түрге енер,
Түбінде, замандастар, осымды аңғар.
Анау-мынау
Анау қырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр.
Мынау ойда қазақ тұр,
Қастарында азап тұр.
Ұйқысы көп, ояу аз
Бұл не деген ғажап тұр?
Бұл ұйқысын ашпаса,
Надандықтан қашпаса,
Басқаларға мазақ тұр.
Мынау жерде хадим тұр,
Қарқарада жаны тұр,
Ілініп-салынып әлі тұр,
Бірер күндік халі тұр.
Анау жерде жадиттер,
Одан біздер үміткер,
Олардан тәлім алмасаң,
Көрген күнің болар тар.
Мынау төрде ишандар,
Аузы-басы қисаңдар.
Ат-тоныңмен жұтады,
Аузына егер сыйсаңдар.
Миллет қайда, дін қайда?
Селкілдесең тым пайда
Тоқты-торым жисаңдар.
Орталықта молдалар
Алдыңа түсіп жорғалар,
Нашарларға жарып сап,
Бай алдында қорғалар
Аңау қырда жастар тұр,
Алға қарай бастап тұр.
Оян-дағы тез жүр деп,
Дамыл таппай қақсап тұр.
Аңдыған оны қастар тұр,
Көңілі соқыр мастар тұр.
Атайын деп толтырған,
Қойындарында тастар тұр.
Мұңайып солып қыздар тұр,
Арқаларында ызғар тұр.
Қызыл көзді қақпас шал,
Үсті-үстіне беріп мал,
Жүзі сары соғылған
Сорлы қызға ызбар тұр.
Жасты шіріткен шалы тұр,
Бір борандық малы тұр.
Аузын ашып әкел деп,
Болыс, билер тағы тұр.
Төр алдында мырзалар
Көп мақтаса ырзалар.
Миллет десе түксиіп,
Сайлау десе қызбалар.
Босағада нашарлар
Одан әркім қашарлар.
Көзін сатып телміріп,
Кәсіп кылмай жасарлар.
Бай несие берді деп,
Мені жақсы көрді деп,
Обь пен Нілдей тасарлар.
Бір екі-үш ай өтпестен,
Жыл уағы жетпестен,
Борыш басын басарлар.
Ая, талип, шәкірттер,
Дәрменсіз дертті кәріптер,
Міне, қалай миллетің
Тырысып өнер алып қал.
Ұйқысын аш, көңілін аш,
Алға қарай барып қал!
Мағынасыз мешіт
Мешіт көзге көркем, өзі биік
Тұрады жұмасына жұрт жиылып.
Ғибраттанып борышымды өтейін деп,
Мен бардым шаттықпенен көңілім сүйіп.
Қасіретті қара толқын қайғы керіп,
Қан қайнап әзер шықтым, ішім күйіп.
Білмеймін ол не нәрсе тұрған зарлап,
Қулардай құрт жинайтын халықты алдап.
Жұрт отыр ұйықтайын деп қалғып-шұлғып,
Түсінбей дауысты естіп айтқан сарнап.
Сарнады, маңырады, даңғырады,
Кейуақыт уата-уата саңғырады.
Анда-санда тартады қатты-қатты,
Көңілім сезбей, бастарым қаңғырады.
Жұрт отыр жуан созған дауысты аңдып,
Бір сөзді де ұға алмай текке қаңғып.
Қарға ма қарқылдаған, яки бұлбұл,
Біле алмай мен отырдым бұған таң ғып.
Айттым деп ол ойлайды құдай сөзін,
Айтты ма, алдады ма жұрттың көзін,
Түсіндірмей, сырнайша құр әндет деп,
Құдай қашан сайлапты оның өзін?
Ішімнен мен ойладым: «Құдай,— дедім,
Міне миллет рухы былай,— дедім.
Сарнауға қанша уақыт ысырап болып.
Өмір қарға, өттің бе жылай»,— дедім.
Бұл өмір һәмма ислам жерлерінде.
Бегіректе сахрадағы елдерінде.
Мәденимін деп жаңарған шаһарлардың
Қалған жоқ асулы жүр белдерінде.
Жарлау
Құрметті қазақ байдың баласына,
Кіші іні, жасы үлкен ағасына.
Біз де сол жұрт не болса, боламыз деп,
Сахараның ұйықтай бердің даласында.
Миллетке жәрдем деген сөз айтылса,
Тығылдың көрден көрдің арасына.
Партия, дау-жанжалдың шеті шықса,
Мал тұрсын аямайды баласын да.
Ғылым, өнер, хұқықтан жұрдай болып,
Мәз болдың иттей үрген таласыңа.
Жөн мынау, теріс мынау дегендердің
Ұмтылдың тұра сала жағасына.
Боласың бір міні жоқ аппақ кісі.
Барлықты заманаға жабасың да.
Мінеки, құдай сүйген пейіліміздің
Аз берген жақсы құдай жазасына.
Серпілмей тағы біраз ұйықтай түссек,
Басқаның құл болармыз қаласына.
Тағы да қазақ байдың жастарына
Әулекі, ішпей болған мастарына.
Білім, өнер табуды керек қылмай,
Мәз болдың ырғақ-ырғақ басқаныңа.
Тимеді сол себептен жалғыз тамшы
Ғаламға еркіндік нұр тасқанында.
Қарасақ басқалардың жастарына
Өнер, ғылым толып тұр бастарында.
Өзіне от, жел, суды жалшы қылып,
Алланың сайран етер аспанында.
Тағы да қазақ байдың қыз баласы,
Ешкімнің сенде жоқ қой өш, жаласы.
Солдырып сені осынша көп зарлатқан,
Атаңның шалдан алған бес қарасы.
Айыпсыз ата-ананың сіз баласы,
Түбінде тамам жұрттың сіз анасы.
Езді ғой кәрі шандыр тілегіңді,
Басқаның хан болғанда қыз баласы.
Қазады бес жасыңнан атаң орды,
Қарайды малы көпке оңды-солды.
Таз болсын, тазша болсын кеттің жылап,
Жігерсіз мұнша неден болдың сорлы!
Теңің тап, кемге барма, қор болма деп,
Шариғат, заң көрсетті саған жолды.
Миллеттің түзелуі сіздерменен,
Бұзып шық, солмай жылап, қалың торды.
Ыңғаймен ұялғансып кете барсаң,
Өзіңе өз обалың сонда болды.
Атаның сіз көнбеңіз алдауына,
Сүйгенсін қарағым деп арбауына.
Қор қылды, оқытпады, надан қылды,
Ол аз деп шалға сатты жалмауына.
Ғалымдар бізден-дағы шығып жатыр,
Шалдардың түсірмейтін қармауына.
Сіздерді бұзылған деп ешкім де айтпас,
Алғыстар, тең емеске бармауыңа.
Жейтұғын заман өтті сіздерді алдап.
Мәжұждей иіндерін жұлып, жалмап.
Жаныңа жалмау тұрсын жақын бармас,
Қазақтан оқушылар шықса андап.
Мінеки, ойланыңыз бастың қамын,
Мүшеңді талатқанша қолдап, сандап.
Тағы да қазақ байдың шалдарына,
Алпыста қыз алатын салдарына.
Тапқызбай оқу, өнер ұрпағыңды,
Бақташы өгіз қылдың малдарыңа.
Бар пайдаң тез-тез асап жеп бітіру,
Бір табақ ет тартылса алдарыңа.
Мүритке надан сопы басыңды ұрдың,
Жастарды «әзірейіл» деп жандарыңа.
Жетсе де басың жерге еш сезбейсің,
Пышақтың қалай кіргенін сандарыңа.
Бұлдайсың жөнсіз жерге сақалыңды,
Сүйтіп-ақ жүре бермей жайларыңа.
«Жастардың, әттең дүние, ісін-ай»,— деп,
Күрілдеп қараясың қандарыңа.
Жатсаңдар ішің кеуіп ауыра ма,
Тек тұрсаң тілеулес боп алдарыңа?
Ол заман не де болса өтті, кетті,
Біздерді мұндай пейіл тентіретті.
Өткендер қақсағанмен қайта келмес,
Көз ашып, сөз қосатын уақыт жетті.
Бұл күнде бастаушылар шықты бізден,
Солардың айрылмайық салған ізден.
Басшының соңынан ер, айтқанын қыл,
Тілейтін бар тілегім осы сізден.
Достыма хат
Уай, дүние, қайда біздің өткен күндер,
Қызықты сауық-сайран еткен күндер?
Сарғая сағынып хатың көргеннен соң,
Түсті ғой еске келіп кеткен күндер.
Бірге өстік кішкентайдан асық ойнап,
Жарысып, қозы қуып, салып ойнақ,—
Солардың бәрі көрген түс секілді,
Бажайлап осы күнде тұрсам ойлап.
Ұйықтамай түн бойынша бірге жүріп,
Жан бірге, дүние бөлек дәурен сүріп.
Алдыңғы тіршіліктің қамдары үшін,
Салды енді заман шіркін бізге бүлік.
Бірге оқып ең әуелі «әліп-биді»,
Қосылып әнге салып «жұм» мен «сиді».
Көрсек те ащы-тұщы, жаман-жақсы,
Сол кезде екеумізге бірдей тиді.
Ойға кіріп шықты ма зиян-пайда
Дариға, сол күндегі көңіл қайда?
Жауыз дүние тұрмысы түрткеннен соң,
Ал енді, айрылмасқа бар ма айла?
Досыңды осы күнде қапа буған,
Бұл қапа ащы маған ішкен удан.
Көз жайнап, ішім қайнап, дәрменім жоқ,
Ол мұнша сорлы болып неге туған?
Надан бол: жаным тыныш болсын десең,
Доңыздай етім семіз толсын десең,
Болмаса талаптанып, оқу оқы!
Қайғыда ақыл-ойым солсын десең.
Бөлініп ақылым алты, ойым оңға,
Қол сермеп, құп жүгіріп, әрбір жолға.
Надандықта қалсын деп жаным тыныш,
Редакция қызметін алдым қолға.
Жан достым, қатты сағынам анда-санда:
Жүзінді көргендеймін бармасам да.
Елегізіп, өз-өзімнен қобалжимын,
Егер де хат кешігіп, салмасаң да.
Жан достым, хат жазып тұр ауық-ауық,
Менде жоқ рақат, қызық, ойын-сауық,
Бұл өзі қандай рақат, қандай қайғы:
Шешуін ал да түсін өзің тауып.
Шығамын тірі болсам адам болып
Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып.
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп, надан болып.
Мен балаң жарық күнде сәуле қуған,
Алуға күнді барып белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толғанайдай балкып туған.
Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес.
Түсімде
Басында жаназаның қызғыш көрдім,
Сырты — қой, іші — қасқыр бұзғыш көрдім.
Жұрт көзінше сүзіліп, түсін бұзып,
Тәсбиқ деп кез жарым тас тізгіш көрдім.
Бір жол сия дәру деп езгіш көрдім.
Қиялменен жер-көкті сезгіш көрдім.
Алғысын ұжмақ, қарғысын дозақ қылып,
Көзінен көз айырса безгіш көрдім.
Және де бір тайпа аңды көрдім.
У да шу, айғай-ұйғай даңды көрдім.
Бірі іреп, бірі сойып, бірі тартып,
Әуліккен ынтымақсыз жанды көрдім.
Тағы да бір даулаған отты көрдім.
Қап-қара хисабы жоқ топты көрдім.
Мас болған дау-жанжалмен әлгі аңдарға,
Ұсынған әр тараптан оқты көрдім.
Аңдардың мұнан ешбір хабары жоқ,
Көз салып жан-жағына бағары жоқ,
Қыран көз қиядағы ақ сұңқарын
Қырғидай тым болмаса санары жоқ.
Бір уақыт анық көріп оттың шетін,
Қашарға бұлар қойды енді бетін.
Қашқанмен қарсы алдында жар мен су тұр,
Болды енді сорлылардың ісі шетін.
Білмейді тұрарын да, қашарын да,
Қайтсе аман еркіндікпен жасарын да.
Қарсақ көрсе қорқады жолбарыс деп,
Білмейді қалай қарай басарын да.
Және де түсінбейді айтқан сөзге,
Өзінше бұлардың да пікірі өзге.
Егер де отырықшы бола қалсақ,
Деп айтар «ұсталдық қой көрер көзге».
Аңдар тұр от пен судың арасында,
Сахараның әр жердегі даласында.
Әрнешік ғаріптердің ісі мүшкіл,
Я, рахман, өзің, бір жөн табасың да.
Жазғы қайғы
Жаз жетіп, қарлар кетті, сулар ағып,
Күн де тұр жарқ-жұрқ етіп нұрын жағып.
Құлпырып, жүз құбылып жердің жүзі
Қуанбас жан-жануар бұған нағып.
Маужырап кеш болғанда жұлдыз, айы,
Мұнартып көкшіл тартқан қыр мен сайы.
Қой маңырап, түйе боздап, сиыр мөңіреп,
Жылқы кісінеп, ойнақтап құлын, тайы.
Сылдырлап қайнап аққан бұлақтары,
Секірген жағасында лақтары.
Үй тігіп, көк шалғында желі қаққан,
Кешегі қайран қазақ тұрақтары.
Алыстан күліп-ойнап сағымдары,
Сулардың гүр-гүр етіп ағымдары.
Сыңсып тұрған шынарлар саясының
Мал-жанға қандай еді жағымдары!
Бетіне айғыз-айғыз салған шимай,
Жүрген жер талай шауып жылқы жинай.
Біріңді күзек, біріңді жайлау қылып,
Сонда да даурықтым ғой саған сыймай.
Қыс болса бір жағынды қылып қорық,
Тақақтап, атқа мініп, жортқан қорып,
Жазатайым аяқты енді бассам,
Тартқызды кісі құнын, қанын сорып!
Жағалап ауыл қонған көлдерім-ай,
Суында жүзіп ішкен төлдерім-ай!
Шарқ ұрып, шалқып қонған қайран қоныс,
Зар болып бір күнгіге шөлдедім-ай!
Жайқалған сыпсың қағып нуларым-ай,
Қиқулап ән салатын қуларым-ай!
Арқаңда малым өсіп, мырза атанып,
Күпілдеп, көкке шыққан буларым-ай!
Көлшімек, бықып жатқан томарым-ай,
Томарға жылжып барып қонарым-ай!
Суыңа тай жүздіріп ермек қылған,
Енді көзім жетпейді оңарыма-ай!
Жиылып, қала салып алмадым-ай,
Табам деп кең орынды қармадым-ай!
Қайда барсам «бытпылдық» бөденеге,
Жаңа өкіндім, амал не, аңдадым-ай!
********************************
«Ал құтыл, жау жетті» деп, қойдай үркіп,
Иең — мен өлмей жүрмін әзер аштан.
Әндетіп қойшыларым қойын бағып,
«Иә, пірім-ай! Кеттің дәурен әлде нағып?»
Қасиетті бабалардың зияраты,
********************************
Ал енді, бізге келген заман қандай,
Заманға қарсы тұрар шамаң қандай?
Басқаның көк желке боп тепкісінде,
Талайсыз неден болдың, аһ, сормаңдай!
Қымыз
Алдияр аруағыңа, ет пен қымыз,
Сені ішкен мұратына жеткен қымыз.
Мейілі доңыз болсын, қоңыз болсын,
Иеңнің түкірігін ем еткен қымыз.
Бас иіп айдыныңа ауыл-аймақ,
Қоясың қоғамыңды жіпсіз байлап.
Құдай иіп құлқынға түсе қалсаң,
Есілдей есіп шалкып ақақайлап.
Тізеден сегіз қарыс қара саба,
Жыбырлап айналаңда бала-шаға.
Дүниеде неше түрлі нығмет бар ғой
Сонда да сенің жөнің жеке-дара.
Көпірсең, ұжымақ иісі анадайдан
Кеудеңді жарып кетер әлдеқайдан.
Екпінің еш нәрсеге жол бере ме,
Өзендей гүр-гүр етіп аққан сайдан?
Адамның дүниедегі бәрі досың,
Сиқыр ма бұ не ғажан сенің осың?
Ерінге бір-екі күн тимей жүрсең,
Келтірмей құрыстатып көңіл хошын.
Шалдардың піскен даусың есін алып,
Отыртпай үйлеріне түрткі салып.
Мейілің теп, мейілің ақыр, мейілің жекір,
Кек қылмас саған ешкім көңілі қалып.
Магнитің түстік жерден қонақ бұрып,
Әдейі сәлем үшін бұрыс жүріп,
Бай, кедей, жақсы, жаман, төре, қара
Жапырылып ыңгайына бәйік тұрып.
Әсіресе қажы, сопы қожа, молда
Сарт та сұрт тасбиқтарын алып қолға.
Жаудыртып келгеннен-ақ баталарын,
А, құдай, оңда да оңда, аруақ қолда.
Осылай зиярат қып жұрттың бәрі,
Аузыңнан шыққан сөзің болып дәрі,
«Мырзеке, ие солай!» деп бас изесе,
Тәштитіп танауыңды онан әрі.
Сапырсаң сары шараға құлаш керіп,
Жиылған мейманыңа құйын беріп.
Ата ұлын, ене қызын безіп тастап,
Кетпей ме екі ұдайда саған еріп.
Кәсіпсіз көзін сатқан сорлы кедей,
Қоя ма піспек аңдып тентіремей?
Атағыңды көтерер алғыс айтып,
Байғұсқа бір жұтқызсаң, «кет, шық» демей.
Шатып-бұт не қылсаң да сөзің дәмді,
Кісі жоқ бұ жиһанда сенен сәнді.
Қымызсыз маған салса, Аплатон бол,
Көрмессің сөзің тыңдар ешбір жанды.
Басыңнан қымыз кетсе, қызық кетер,
Сын-сиық, сәулетіңді бұзып кетер.
Кешегі бәйек болып отырған жұрт.
Күдерін бүгін сенен үзіп кетер.
Арам тер болма, достым, текке шауып,
Алғанша аузыңды бас қымыз тауып.
Қымыз тап та қырта бер, лапыр, ақыр
Жерде сөзім қалар деп қылма қауіп.
Ей, қымыз, ыза қылдың қолға түспей,
Онда мен жүремін ғой күйіп-піспей,
Жүректегі қапамды атқызар ем,
Өлсем де жүртқа берін, өзім ішпей.
Кеше түндегі түс, бүгінгі іс
Жіп-жиі көкте жұлдыз жымдасқандай,
Күлімдеп, айға қарап ымдасқандай.
Қорылдап, бас жақтарын бүркей түсіп,
Жер жүзі жатыр ұйықтап жын басқандай.
Түн жақтан қолын бұлғап Темірқазық,
Аймағым қалмасын деп жолдан жазып.
Толықсып тобын жазбай түрленін тұр,
Нұрсызы нұрлысынан алып азық.
Шолпансып ерте туып Есекқырған
(Сартты да соған сеніп құдай ұрған).
«Таң жақын, адаспаспыз жүрейік»,— деп,
Талайдың басы айналып дымы құрған.
Ұмтылып ойға, қырға оқтай ағып,
Ай қарап ортасында тұрған бағып.
Аралап ақырындап маң-маң жүзер
Ел-жұртым тұр дегендей әлде нағып.
Қарақшы жеті жұлдыз шеттеп жүріп,
Құр сырттан жылтырайды алдап күліп.
Төрт жұлдыз екі-екіден босағада
Соларды аңдығандай тұр үңіліп.
Айқайлап: «таң мынау»,— деп Шолпан туып,
Өзгеден алты Үркердің түсі суық.
Жаудырлап жарық жұлдыз, тұс-тұсынан,
Нұр шашып бір-біріне тұрған жуық.
Қойғандай бір тәртіпте қолмен тізіп,
Жайраңдап жалт-жұлт етіп қандай қызық.
Жел қуып жапа шеккен сорлы бұлыт
Айға арыз айтпақ болды көзін сүзіп:
«Ардақты ай, алдыңа барсам,— деді —
Ортаға нақақтықты салсам,— деді.
Үркер мен желден көрген қорлықты айтып, Теңдікті сол арада алсам,— деді.
Мұны естіп алты Үркердің түсі жаман,
Шақшиды сол арада бұлан-талан.
Бұлтты енді тоқтатпаса айыбы ашылар,
Алдыңғы оған қылған ісі жаман.
Ақырын манағы бұлт өрлей берді,
Қозғалтып қол-аяғын сермей берді.
Алдынан әкемдетіп Үркер қысып,
Малтығып жүрген сайын терлей берді.
Мұңайып: «Үркер аға, қыспа,— деді, —
Мен сорлы аяқ-қолым қысқа,— деді,
Біз-дағы ай астында жүрген жан ғой,
Тең қылып өзіңменен ұста»,— деді.
Жіберді Үркер сонда ызғар төгіп:
«Ақымақ, кет, шық»,— деді ұрсып-сөгіп.
Әлдімен арпалысар әдді қайсы,
Құлады жымдай болып жерге шөгіп.
Жатпады жерде тыныш тағы да аман,
Суытты Үркер қатты онан жаман.
Көк долы сатыр-сұтыр боран соғып,
Сары аяз быт-шыт қылды тарам-тарам.
Әр жерде әрқайсысын бір жел қуып,
Көз жасы көлдей болып бетін жуып.
Қыс алты ай, жаз алты ай деп айтушы еді,
Тұтас қыс болып кетті, жазы суып.
********************************
Енді бұлт жылай берді тауға барып:
«Суыққа амал тап,— деп,— панаңа алып,
«Сен-дағы жермен көрші емес пе едің, —
Зар жылап бауырым деп ұран салып.
Таласқан аспанменен заңғар таусың,
Көз жасы заттасыңның саған жаусын.
Үркер қысып, жел қуған біз сорлының.
Ардақты ай алдына жеткіз даусын!»
Мұны естіп әр жердегі биік таулар
Көз жасы бұлақ болып атқып саулар.
Түтінін шығаруға шарасы жоқ,
Ішінде зілзаланың оты қаулар.
Таулардың біреуі айтты: «Мынау ақыл,
Жылысып бір орынға келсек жақын.
Жиылып тамам таулар басты қосып,
Бір ақыл айтқанымыз болар мақұл».
Орал мен Сібір тауы:— Жарар,— деді,
Бір пайда тамса мұнан тамар,— деді.
Міндетті мойындағы атқаралық,
Бермесе ай алдында қалар,— деді.
«Айдың нұры әлемге тегіс» дейтін,
Мейрімін момындарға салар,— деді.
Сол жерде Самар суы сарылдады,
Кекиіп кейін шапшып арындады.
Тау қозғалар қиямет болған жоқ деп,
Аптығып атып ұрып дарылдады.
Айтты: «Қозғал, қиямет күні болсын.
Ғарасат майдан деген үні болсын.
Әйтеуір, бұлттың қолын бір жеткізем,
Мейілі оған дейін тоңса тоңсын.
Кім отыр сөздеріңді құлаққа асып.
Құр бекер мақтанбашы лақап шашып.
Теңізді өртеймін деп сары шымшық,
Жұрт жиылған кезінде кеткен қашып».
Бас тау айтты: «Кекшиме, Самар суы,
Оншама кекшиетін ненің буы.
Қиямет мұнан артық қандай болар,
Мидан өтіп барады бұлттың шуы.
Жамылып күнбатыстың қара бұлтын,
Көрмейсің куншығыстың жара бұлтын.
Соқырдың сұрағаны көзі емес пе,
Қалайша бұлтияды маған ұртың?!
Қол шапты мына сөзге тамам ағаш,
Қол шапқан әлде ағаш, әлде алаш.
Игілік реттелді деп тұрғанда,
Бір батыр тағы шықты жап-жалаңаш.
Ол батыр тікенекті тастақ төбе,
Келді де шабаланды жерді тебе.
Көлденеңнен жабысты тауға барып,
Ыластап, ырабайсыз құсық төге.
Апырмай, мынау қалай батыр еді,
Әзелден батырлыққа жакын еді.
Самардың салқын сараң суын ішіп,
Өршеленіп, өшігіп ентігеді.
Ішкенмен тастақ төбе шөпті болмас,
Құр сида тікенекке бақыт қонбас.
Жеке өрлеп тауы бір сай, тасы бір сай
Түбінде бұл қалыпта ешкім оңбас».
Дегендей жердің жүзін мұнар басты,
Бұлт келіп күңгірттеніп төкті жасты.
Сенген қойым сендер ғой, қарағым, деп,
Қош айтқандай болысты, амандасты.
Қырауытып ағаш, шөптер сілкіп басын,
Алаңдап айыра алмады дос пен қасын.
Сол кезде Үркер келіп көзге елестеп,
Оянсам ағып қапты көзден жасым.
Осылай мен орнымнан тұрдым шошып,
Үркер тағы а... осып-осып.
Әркімдер тілегінше жори берсін,
Секілді еді осылай көрген жосық.
Ләнет бұлты шатырлап
Ләнет бұлты шатырлап, Жай түсіп неге қатпаймын? Жер жарылып сатырлап, Түбіне неге батпаймын: Ит, құсқа бас игізген, Көкейімді күйгізген, Дүниеден ләззат таппаймын.
Көрмегенді көріп бас, Заһар болып ішкен ас. Қапаланған көңілден, Төгіле-төгіле қанды жас.
Дүние бәрі у екен, Мені алдайтын қу екен.
Өткізген өмірім бұл күнгі, Пайдасыз қызу ду екен.
Білімсіз талант тас екен, Өмірің үшін қас екен. Далақтап шапқан бай ұлы Тоқтаса, көзі жас екен.
Алты аяқ
Тұңғиық, түпсіз ашулы, Асау теңіз толқыған. Бойымды топырақ басулы — Жүре алмаймын, жол тұман! Теңізден қайтіп өтермін, Түссем, батып кетермін!
Алдымдағы өлімнен, Міндім қайық көз жұмып. Адастым қазір жөнімнен, Қайығым да һәм сынық. Айрылдым және күректен, Тек жан шықпай жүректен.
Ызғарлы суық, үсті мұз,
Толқын тулап соғады. Қатты көңіл, қайрымсыз — Су қайыққа толады. Енді өлмеген не қалды? Қоясың қайда бұл жанды!
Талқандаймын тәніңді — Деп қамалар су халқы. Қия алмастан жанымды,
Жыладым сонда мен жалқы: Ем іздеп дертті халыққа, Жем болдым-ау балыққа!
Таудай толқын тағы кеп, Ұшты қайық аспанға. Әзірейіл тұр «болшы»,— деп,
Қайда барам қашқанда? Жан таластым тұншығып, Бір батып суға, бір шығып.
Міне сол уақытта:
Алтайдан бір тал, білмеймін, Түсті неғып қолыма? Кез қылды ма құдайым, Ажалсыздың жолына. Талдан ұстап қармалап, Судан шықтым «аллалап».
Суық өткен, шаршаған, Бола ма адам, болмай ма? Соққы жеген қаншадан,
Дауасы яки қонбай ма? Дауа тегін, ем тегін, Қайтарт, алла, еңбегін.
АҒАЙЫННЫҢ АЗҒАНДЫҒЫ
Өмірде неше түрлі уды іштім, Неше түрлі азапқа, жаным, түстің. Ағаймнның ішінен ала шықса, Жау ішінде бар ма екен сонан күштің.
Күндейді, бәлен дейді көре алмайды. Мен кірген қауымға ол ене алмайды. Ертең жаны шығатын шұбар жылан, Соныма жылдан артық ере алмайды.
Қара көңіл адалға сене алмайды. Ақты қара қашан да жеңе алмайды. Өмір бойы тілеген бір тілегін, Махмұт бүгін жауына бере алмайды.
Бұл жолда керек емес жанды аяу, Ол онша үзақ емес тұр ғой таяу. Ұлы кеуде ышқынып жан берсе де, Шынашақта қозғалған қанды қой-ау.
Мен соған сөзсіз әлі-ақ жетем деймін, Шын досыммен қосылып кетем деймін. Өткен күнді тек қана әңгіме қып, Қалған күнде бақытпен өтем деймін.
Ол ойым кешікпей-ақ болуы анық, Көзім жетті сәулесі күннен жарық. Шын өмір, шын әділдік сол күнде орнап, Мен секілді қуанар миллион халық.
Сол кезде сөйлесерміз қаймықпастан,
Көз жыпықтап ет жүрек шайлықпастан. Өткен күнгі сұрқия сұр жыланды, Сөз кылып шығарармыз талай дастан.
Кейінгі жас балалар оқып көрер, Кейде жылап, кей кезде сақ-сақ күлер. Кім адам, кім айуандық істегенін, Кімнің дос, кімнің қасын анық білер.
Сонда олар сын көзімен әділ қарар, Ел жауы кім екенін дәлдеп табар. Сол жаудың ұрым-бұтақ тұқымына, Аямай әділет заң балта шабар.
Арманым сол өмірді көрсем екен, Соған дейін адам боп жүрсем екен.
Өмір бойы тілеген осы тілек, Сарғайтып сағындырмай келсең екен.
Аққудай үлбіреген сұңғақ мойын
Аққудай үлбіреген сүңғақ мойын, Ақ анар, жұпар иіс, мамық қойын. Мінезді, сөзге епті, әңгіме ұста, Өмірдің қыздыратын жастық тойын.
Сүйріктей ақ білекті, шебер саусаң, Ақ шаңқан балапандай тұрған жусап. Жаратылыс мақтаны — сұлу қызды Көрген сайын кұмардың артар сусап.
Ақ уыз — дене көркі, тік қос алма, Магниттей тартқызған көрген жанға. Әзірге көргенмен де, көптің бірі, Мендік боп, мені сүйсең арман бар ма!
АРМАНЫМ
Барлық адам баласы Өзіндей көрсе өзгені — Озбырлық өшіп қарасы, Өзімшілдік өлгені. Кедей, жалшы, қарттың да Бірдей болса арасы — Шын әділет таптың да, Теңеліп қолдың саласы. Әлемдегі ғаламат Игілікке арналса, Өнері ортақ азамат ңбекте ғана арланса. Оқу-білім өркеймек, Елге егіп пайдасын. Ел жетіліп көркеймек, Өнер қанат жайғасын.
Әлемдегі терең сыр Ғылыммен ғана ашылмақ, Асау, тағы ой мен қыр Керекке жарап бас ұрмақ. Сондай елді көре алмай, Ақын Абай зарыққан. Соңынан елі ере алмай, Қайғыда жүдеп қамыққан. Біз көрерміз, үміт бар, Тией бер осы халыққа. Озбырлық күш ғұрыптар Жасай бермес тарихта.
АСЫЛ СӨЗ
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Адамдықты көздесең, Жат тоқып ал көңілге.
Сөз мәнісін білмесең, Өлең оқып не керек? Не айтқанын сезбесең, Жарапазан не беред.
БАЙЛЫҚ
Байлық-ай, сенің ызаң өтті-ау маған, Не қылдым өшігерлік, жаным, саған? Мені көрсең жирендің, теріс қарап, Әкеңнің менде құны бардан жаман.
Әлі жаспын, не қылдым өшігетін? Ойың жоқ мені есіркеп, өсіретін. Кедейлікті жіберіп аяқ, қолды Байлаттың ерік бермей көсілетін.
Сен келсең бар қиыным шешілетін, Сен жоқта аяқ-қолым көсілетін. Сенің досың байлардай болып, менде Күн бар ма көңіл өсіп, есіретін.
Келмесең зарлайтұғын менде хал жоқ, Баяғы бір қу кедей қолда мал жоқ. Өмір бойы бейнеттен арылмаған, Тұрмыстың көк шолағы, жалда-жал жоқ,
Бәрібір сонда-дағы өмір сүрем, Қалқақтап көп ішінде мен де жүрем. Артықтығы: тамақ мол, киімі бар, Бай көрген дүниені мен де көрем.
Ол маған ұстауға емес, көруге бар, Байлар үшін жаралған қазына мал. Адам ұлын алалап, бірдей қылмай, Нағыз жауыз — байлық сен, пейілі тар.
БАЛАЛЫҚ ЖАСЫМ ӨТЕСІҢ
Балалық жасым өтесің, Жігіттікке жетесің, Орта таудан аса алмай, Бір шүқырға тығылып, Шыбын ұшып кетесің.
БАЛАЛЫҚ КҮН
Балалык, сенен артық күнім бар ма, Бала күнде бойымда мінім бар ма? Бәріне жетем деймін, алам деймін, Жас қиялда тоқталып, тыным бар ма? Балаға тең, көрінер бай мен кедей, Сүйеді жақсы, жаман, надан демей. Күнә, сұмдық дегенді ол білмейді, Айырмасыз ер, әйел бәрі бірдей. Жақын-алыс деп білмес алалауды, Аққа жауып жаланы қаралауды. Өмір, өлім не нәрсе үжмақ, дозақ, Білмейді бақ, күндеу мен табалауды. Қайғы, қызың не нәрсе, дәмін білмес, Байлық бақыт дегенді көзіне ілмес. Жақсы, жаман сөздерің парқын айырып,
Не десең де таңданып, құлақ түрмес. Шіркін-ай, балалық күн, өтесің-ау, Артыңа қайырылмай-ақ кетесің-ау. Жігіттікті кәрілік қуып жетіп, Ажал-дағы, кешікпей жетесің-ау. Қызықты, тәтті өмір, бітесің-ау, Алдынан ажал тосып, күтесің-ау: Туғанда қызықтаған жаңа жанды, Тумағандай бір күні етесің-ау.
Барлық ісім қырын қарап
Барлық ісім қырын қарап, Жалғыз қалдым қасқыр қамап. Маңым толған бір дүлей жан, Дос таппадым бәрін сынап.
Менің досым әлі алыста, Кіре алмадым зор сайысқа. Мен де ортақпын жүрегіммен, Солар жеңсін сол сайыста.
БІР АДАМ КӨП ЖАСАДЫ ЖЕР БЕТІНДЕ
Бір адам көп жасады жер бетінде, Мекендеп жақсы жайды ел шетінде. Зорлықшыл, арам ойлы, ұры болды, Құралған арамдықтан дәулеті де.
Нашарды зар жылатқан жалғызын жеп, Тірлікте ойламаған «өлемін» деп. Жалғанды жалпағынан басып өтті, «Жазғанын көрге бара көремін» деп.
Сол сорлы ауырып жатыр өлейін деп, Қимайтын аманатын берейін деп. Тауысып ап желдей ескен аз өмірді, Қойнына суық көрдің енейін деп.
Өлді ол мезгілінде ажал жетті, Өлшеулі дүниеден демі бітті. Оранып үш қары бөз басқа түк жоқ, Сақтанбай тірлігінде көрге кетті.
Жатты ол караңғыда зәресі ұшып, Тірлікте молда айтқаны еске түсіп. Дейтұғын: «имансызға періштелер Көрсетер көр азабын тәнді кысып».
Қозғалып, шамасы жоқ тұратындай, Созылды караңғылық таң атырмай. «Қайда жүр періштесі сұрайтұғын, Кешікті-ау, бұлар қайда, деп жапырмай?
Сонымен әлденеше жылдар өтті,
Тән шіріп, топырақ боп, тозып бітті. Шыбын жан айналсоқтап, сасық көрде «Періште келеді» деп, босқа күтті.
Ал енді молда қайда, сөзі қайда, Беретін үжмақ, дозақ анау жайда? Білмеймін анығын да, танығын да Бас қатты шешемін деп, жоқты ойда.
БІРЕУ БАЙ, БІРЕУ ЖАРЛЫ
Біреу бай, біреу төре, біреу жарлы, Көбі зарлап төгіп жүр жас пен қанды. Атаңды жау шапқанда бірге шауып, Борсыңтар семіріп жүр көміп арды.
Кайдан табам халықтьщ шын баласын, Суын сүзіп, ақтарсам тау, даласын?! Көкті кезіп үшсаң да бір таба алмай, Арманда боп әзірге сандаласың.
Ондай адам болған ғой, болар тағы, Өмірлік барлық ісі — елдің қамы. Ер еңбегі жалпыға бірдей ортақ, Жарқ етер әлі-ақ бір күн бақыт таңы.
ДОЗАҚ
«Дозақ деген абақты бейнесінде» — Солай деген молданың сөзі есімде. Өнерлі барлық ұлтты сонда салса, Қазақты іздеп бүлінем мен несіне?!
Ж...
Қарақат көздің сәулесі, Жүректі түртіп тулатат. Мен сол ойдың әуресі Түйінін таппай улатат. «Сәулешім» деген бір сөзің, Есімнен кетпес өмірде. Серт қылдым берік мен өзім, Өшпестей жазып көңілге. Қосылған жүрек, тілек бір, Дегені бірақ бола алмас, «Болдырмақ!» десең өзің біл, Онсыз жаным тына алмас. Еркімді бердім өзіңе, Бұйдалы басым бұрылмас. Көрінбесең көзіме,
Сабырсыз жүрек тұра алмас. Аз ашылған сөзден де, Түрі бар істің оңалмас. Бар жиһанды кезсем де, Сенсіз бақыт қона алмас. Сенемін, сен де мендейсің. Тек қана тағдыр айырар, Басқаға көңіл бөлмейсің, Мен үшін ғана қайғырар. Топас күш — тасқын, біз жаңқа, Сең соқса достар айрылар. Бар қайғым осы, жан қалқа, Топанды күш жоқ қайырар. Жетпесе жүрек сертіне, Жас көңіл жасып майрылар. Бұғау салса еркіне,
Ажал кеп жанды жай қылар. Бәрі де қолдың қысқасы, Бір күнді мойынға алмауым, Тағдырдың шебер ұстасы, Көрдім мен жоқ қып қарғауын, Талапты жас жүректі Дүние қоймас алдауын. Бермесе тәңірі тілекті, Істесін мейлі жалмауын.
ЖАЛЫНУ
Қыздырманың қызыл тіл, Түбіне жетер соны біл, Бұл алғашқы ауыр жыл, Еңбек істе, адал қыл.
Тау басында тұрғанда, Жарға қарай кұлатпа. Дұшпан өрті жанғанда Жалынға мені сұлатпа.
Жаны ашыған аярды Мен білемін ұялтпа, Ертең-ақ елге жаярды, Маңайға жақын жуытпа.
Аштан өлсең, әкетай, Арамға мені қинама. Сұрасаң қайыр, шешетай, Мен үшін жемтік жинама.
Мен білемін арамның Көмейдегі қалтқысын. Ісі болар наданның Ойламасам артқысын.
Бүгін берген қос бие, Мінуге берген жорғасы Сол үшін отқа мен күйе, Кімге айтармын «қорғашы».
Оңы маған ақ көңіл,
Бар адамға сенесің. Қазулы терең орды біл, Құласа балаң өлетін.
Қандай жақын маған ол, Жал-жая беріп күтерлік. Неткен жомарт, неткен мол, Жауына жәрдем етерлік.
Ол тәтті тіл алдайтын, Өлтіруге дұшпанын. Еліккен аман қалмайтын, Білмен жерді кұшқанын,
Олай болса, әкетай, Балаңды бекер қинама.
Балам десең, шешетай, Маңыма құзғын жинама.
ЖАН ҚАЙДА ӘДІЛЕТТІ ІЗДЕЙТҰҒЫН
Жан қайда әділетті іздейтұғын, Адамшылық атақты көздейтұғын. Тірлік пен өлген күнді бірдей ойлап, Екі жайдан күдерді үзбейтұғын. Арамға азғырғанды сезбейтұғын. Арам ойдың қиялып кезбейтұғын. Көріне шайтан келіп азғырса да, Адамдық, ар иманнан безбейтұғын. Нашарды, момындарды езбейтұғын. Арамдық теңізінде жүзбейтұғын. Айтылған уағаданы берік ұстап, Айныма, мылжың сөзді езбейтұғын. Бағалап «алтын», «күміс», «жез» дейтұғын, Байлаулы соның сөзі — сөз дейтұғын, Айтқаны, істегені ақтық жолы,
Құрулы елде әділ тез дейтұғын. Ондай жан ойлаушы едік молда болар, Тең басқан төрт аяғын жорға болар. Кедей, бай, хажы, төре — бәрі бір бәс, Теңіздей әлем қанған орда болар. Бұл күнде молда атаулы сорға болар, Кедей, момын түсетін тор да болар. Нашар болсаң шығармай жаназаңды, Малың болса, бүркіттей қолда болар. Айнуды, азғындықты молда бастар, Сөзі оңды, ісі жауыз, арам настар. Басқаға «пәлен ет» деп бұйырғанын, Өз басы өмірінде қылмай тастар.
ЖҮРЕК
Туламашы, жүрегім, Барасың тулап кіміңе? Тар тағдырдың тасқыны Су толтырған ініңе.
Дүниенің тұрмысынан өтіп жүрек, Менен кетіп, азаптан құтыл жүрек.
ЖҰМАҚ
Кең сарай — ұғуынша жұрттың жұмақ Бар мұсылман жиналып сонда тұрмақ. Үйқы жок, ас ішу жоқ, махаббат жок, Не қылған «қызық тірлік» біткен қурап!
Кім көрді? Жұмақ қайда? Ешкім білмес. Дерексізге дембе боп көңлім сенбес. Жиырма бес хордың қызын бір еркектің Алуы өң түгілі түске де енбес. Тіпті рас болса да рахат жоқ, Бас қатырар ұрыспен өңкей күндес.
ЖҰМБАҚ
Қара дария жердің жүзін алып жатқан Қаз бен қу суын ішпей канып жатқан. Суына тек тұмсығы тиіп кетсе, Саңқылдап жер жүзіне сөз таратқан.
ЖЫЛЫ КЕШ
Жазғы кеш, жарықайлы, коңыр самал, Рахат таза ауасын жұтқанда бал. Сұлу жұлдыз жымыңдап шақырғандай Көрікті нұр сәулеме көзіңді сал. Алтын ай толыңсыған сар дөңгелек, Нұр сепкен жер жүзіне аспанды өрлеп. Жұлдыздар да тұрған жоқ босқа қарай, Ай сәулесін күшейтеді көтермелеп. Көк ауа, мөлдір аспан бейне жібек, Көргеннің көңілі өсер, ойы түлеп. Ай бауыры, көк орайдың қойнында Сырласар сыбырменен сүйген жүрек. Оранып гүл-шешекке жүпар иіс, Жайқалған жапырағы жасыл бүліш. Кұшақтап қалқатайды орман кезсең
Бақыт табар, жаның да болар тиыш. Ол жерің су жағасы болса мүйіс, Тоқталса демалыс боп ұзақ жүріс. Аспаннан ай сәулесі тіктеп түскен, Басталса ақ тамақтан тәтті сүйіс. Сол түннің кетпес еді суреті естен, Ондай сүйген махаббат болмас өшкен. Қартайып көр аузында тұрсаң-дағы, «Ау, дариға» дегізіп, ойға түскен.
ИТАРШЫҒА
Көрсетсін қарашекпен еккен ісін, Қиналып жан аямай жеккен күшін, Шекпенге жұрт айтқаны қандай алғыс, Көрсетіп көз алдыма ашсын түсін. Сонан соң маймыл тұрсын кім десе де, Ықтияр, итаршының өзі білсін.
КӨҢІЛІМ, НЕГЕ ЖАСИСЫҢ
Көңілім, неге жасисың? Миым, неге ашисың? Ой түбіне жете алмай, Жүректі тырнап қасисың.
Көзім, неге таласың? Үмітсіз карап барасың? Түтінің жоқ, отың жоқ, Тұншығып кеудем жанасың.
Иығым неге басыңқы? Түсім неге қашыңқы? Өзімнен-өзім салбырап, Етек-жеңім шашыңқы.
Жау талаған ойыңды, Көтермейсің бойынды. Тұрмыстың ұзын құрығы Бұрды ма түсіп мойныңды.
Бейхабар жатыр ата-анам, Көре алмай көзім қала ма? Барғаның сәлем дегейсің, Қаралы болған анама.
Он тоғызда жасыма, Қасірет түсті басыма. Көре алмай қалсаң арманда, Уайымдап бізді жасыма.
КҮҢШІЛ АҚ КІРПІК
Алты жастан оқып ең, ақ кірпігім, Не айтар ең, сұраса егер: «не бітірдің!» «Пәленшелер молдадан оқып жүр» деп, Жел ауыз боп мақтаған сөзбен жүрдің. Бақасқа жаның құмар білмесең де, Мың сөздің бірін дұрыс үрмесең де. Оқу малды таңдамас, зейін таңдар, Оздым ғой қуып жетіп күндесең де. Көзің көк, кірпігің ақ, шашың сары, Сары шөлмек — азайыпты беттің қаны. Күндіз білсе, ұмытып түнде онысын, Мұнша кеще болғаны не қылғаны?! Шұбарлы жылқың бар ғой семіртетін, Ішпей-жемей мас қылып еліртетін. Айдаса жау, ысқырса желдікі ол. Сүйегін аң мен құсқа кеміртетін.
Сені де жұрт сыртыңнан «молда» дейді, «Кеудеде иман, дәулеті қолда» дейді. Қажы барған әкесі Харамайын «Аталы бай, тұқымы орда» дейді. Молда атанған жақсы ғой, оқу болса, Баста зейін, кеудеде тоқу болса. «Молда» деп, «оңыды» деп кім айтады, Былтырғыны қайталап шоқу болса. Меніңше, сендей кеще молда болмас, Тар кеуде, шымшық басқа оқу қонбас. Берген перне бұзады — сол үшін ғой, Дәл сені шын мақтаса, молда оңбас.
Қ...ҒА СӘЛЕМ
От бар-ау қара көзде жанып тұрған, Сымбаты сұлу-ақ-ау барып тұрған. Тік иық, жазық жаурын, орта бойлы, Жіңішке бел қыналып, талып тұрған Көргеннің көз құмары ауып тұрған, Ойы тілеп, көнілі шауып тұрған. Өзіне деп жұлқынған жүрек күшін, Сыртқа шашпай, ақылмен тауып тұрған. Қарақаттай көзі бар, мөлдір біткен, Жалтаңдап қарағанда жанар төккен. Жан азығы болады жас жігітке, Күлімдеп, қарағанда нұры сепкен. Дөңгелек, қара торы, сұлу беті, Кім білсін қоңыр ма, ақ па қандай еті, Түр-сымбатқа сай біткен ойы болса,
Не ойлап жүр, қайда екен, арғы шеті. Кірсіз тіс, жұқа ерін, сөзге епті, Ақылмен біліп сөйлер әрбір текті. Жасы менен денесі таласа өсіп, Хұрмадай кәміл піскен көзім жетті. Қара сүрме тігілген қасы жайдай, Жайдары, ашық мінез, сөзі балдай, Әдепті әзіл сөзден алдырмайтын, Ақылға сай, сайраған сұрша таңдай. Тік түскен көз арасы, пісте мұрын, Сәніне келтіріп түр беттің түрін. Сырты сұлу, басында ақылы бар, Кім білсін, қандай екен ішкі сырын. Кең маңдай, ми тұрарлық жұмыр басы, Қара жібек секілді ұзын шашы. Аналыққа жарасқан төстек кеуде
Қатарласа тік біткен қос алмасы. Жасынан оқу оңып, көпті білген, Несиелі сөзі жоқ, әдеп көрген. Сенен асып басқаны таңдамас ем, Жүрегің мендік болып қолға тисең.
ҚАЙҚЫ ҚҰЙРЫҚ, ШҰБАР ҚЫЗ, ІСТІК МҰРЫН
Қайқы құйрық, шұбар қыз, істік мұрын, Кім білсін, қандай екен ішкі сырын. Әдепсіз, молда алдында тасыраят, Біле алмай отыруды әнтек қырын. Бай қызы бұлғақтаған, ерке-шолжың Күңге лайық кескін мен сыртқы формың «Бақта қатын» деген бар, «сор да қатын», Тосып жүрген сені де бар бір сорлың Сабақты бірге окып, болдық таныс, Отырған орын жақын, көңіл алыс. Жібек, торғын жапқанмен көрініп түр Жүндеген түйедей боп, қара қайыс. Паңсынған, бай қызы боп мінез қандай, Көрік, сымбат, білімі түгел жандай. Кейде «ерке боламын» деп әуреленет, Қара талыс қапшығын есіне алмай.
Сені де дүние үшін біреу алар, Кім болса да екінші, сорға қалар. Есі дұрыс жан болса сенен гөрі, Деп айтпас «сеніменен бағым жанар». Естісе, әкең азбан қырына алар, Басыма арылмастай пәле салар. Тамақтың құлы болған қызыл ауыз, Аласысыз өшігер, иттей талар. Естісе әркім мұны жаттап алар, Алты бақан тепкенде әнге салар. Өкесінің көз құны бардай іздеп, Кім жазғанын боз азбан тінтіп табар.
ҚАНДАЙ БАСШЫ
Қазаққа басшымыз дер шляпалар, Очки сап, портфель ұстап жүрген жандар. Істеген он тиындық еңбегі жоқ, Бос мылжың, даурықпада қанша мән бар?
Өзі үшін бір қалаға барып келсе, Керек-жарақ нәрсесін алып келсе. Одан артық басшыны қазақ таппас, Шығынын он есе ғып салып келсе.
Газет-журнал басшыны мадақтаса, Өтірік-ақ оған кір жолатпаса, Көрінген мінін-дағы бетке айта алмай, Аңшының итіндей боп алақтаса.
ҚАРАҒАЙ ДА ҚАЙҒЫРЫП
Қарағай да қайғырып, Суылдайды заманға. Иесінен айрылып, Кездескен берік қамалға. Ақ қайың да дірілдеп, Әлденені күткендей. Қайғылы үнмен күбірлеп, Сөйлейді тіл біткендей. Дауылға әлсіз қара ағаш, Күдерін үзбес өмірден. Бұтасыз түбі жалаңаш, Тас топыраққа көмілген. Шоғырлы біткен сом терек, Жыл сайын қажып, кемиді. Қуарып қызыл гүл шешек,
Өлімге өзін телиді. Жаңа өспірім жас шілік, Жер тұрғасы болады. Бақытты тұрмыс — тіршілік Бір кезде соған қонады.
ҚОЖЕКЕ, КЕЛДІҢІЗ БЕ КӨҢІЛІМ СҰРАЙ?
Кожеке, келдіңіз бе көңілім сұрай? Менің адам болуым екі талай. Көп болса бір жұмалық өмірім бар, Байқашы, мына менің шамам қалай? Дерт күшті, тамағымнан жүрмейді асым Жастыққа, жөтел кысып, тимей басым. Тағдырдың кездестім ғой кермесіне, Талапты жиырма сегіз деген жасым
ҚОС ҮЙ
Сырлы үй сегіз қанат қоса тіккен, Жинапты қазынаны биік жүктен. Ең арты кесе, аяқ та алтын-күміс, Таңғалдым: мұнша байлық қалай біткен!
Бір келген жолаушыға қиыр шеттен, Көрсетіп қазынасын мақтан еткен. Жиналған бір орынға топас күшпен— Момынның жасы шығар сығып төккен.
Байлыққа азулылар күшпен жеткен, Аямай байлық үшін арын төккен. Кедейдің маңдай тері, табан ақы, Бақ емес, кыдыр емес дарып біткен.
Құралған ондай байлық арам дерттен Бейнетсіз рахат болып түскен тектен. Әлсіздің адал малын тартып алып, Дейді екен: «құдай бізге нәсіп еткен».
Не үшін кім берді екен шенді шекпен, Қандайлық қызметі үшін халыққа еткен? Еңбегін момын елдің күшпен талап, У үшін алған шығар елге сепкен.
Байлық пен дүниені қылған мақтан, Сол үшін падишаға елді сатқан, Бар байлығы жинаған көздің жасы, Еңбекпен бір малы жоқ терлеп тапқан.
Кемдік жоқ онда енді мал мен бақтан,
Толықсып төрт құбыла шалқып жатқан. Неғұрлы бақ пен дәулет артқан сайын, Соғұрлы уландыра елді шаққан.
Сары жез — ит қарғысын шен деп таққан, Ел сатқан, пара берген — сөйтіп жаққан. Қозғалып дүлей дауыл топандатса, Болмассың жаңқа кұрлы қалқып аққан.
ҚЫЗЫ БАР ЖАЛҒЫЗ ҮЙДЕ ЖЕКЕ ЖАТҚАН
Қызы бар жалғыз үйде жеке жатқан, Он сомдық ылғи алтын шолпы таққан. Білімсіз көп наданның бірі бұ да, Несі артық бояп койған қуыршақтан?
Қыздың да күтушісі бір талай жан, Көркі жоқ көрген кісі калатын таң. Күтінген күнге тимей бояма бет, Тәкаппар, доғал сөзді, мінезі паң.
Сол қыздан басқа ұл жоқ тұқым болар, Ие жоқ бақ-дәулетін ұстап тұрар. Десе де қанша балам — қыз-жолаушы, Қашан кетер, кім білсін, қайда қонар.
Ерке қыз неше жылдай бай таңдады, Омбы, Семей арасын сайқалдады. Көңіл сүйіп кездескен кейбір жастар, Азулы атасына айта алмады.
«Аламын, құшамын» деп кызыққан көп, Шал өлсе малына ие болалық деп. Мал менен жасау болса болды оларға, Білім менен саналы ой неге керек!
Сол қызға өткен жылы Асыл келді, Казақтан «зор оқыған» масыл келді. «Бүкіл казақ тағдыры өз қолымда»,— Деп еді, қыз да көніп басын берді.
Қыз қандай жігіт кандай теңін тапқан,
Дәріптеп қалың елге қылған мақтан. Бұлардың бар жұмысы — түске дейін Ақ үйде құшақтасып ұйықтап жатқан.
Бесінде ұйқы қанып тұрар зорға. Таранып, күнде жаңа киер торқа. Қолынан іс боп өнер еш нәрсе жоқ Сөзбенен барлық тағдыр осы қолда.
Бұл-дағы бір масыл ғой кедей сорға, Тек қана байлар үшін жайлы жорға. Құлқынның құлы болып ардан безген, «Халқым» деген басшының ісі сол ма?!
Сондайлық «зор» күйеуге қолын артып, Қақпас шал мактанады тасып-шалқып.
Сорпаға шығарлары солар болса, Мен оны құяр едім итке қалқып.
ҚЫЗЫҚ ҚАНДАЙ АДАМДЫ ҚЫЗДЫРАТЫН
Қызық қандай адамды қыздыратын, Қайғы кандай каныңды бұздыратын. Қанды кек, намысты өштік неден тумақ, Жібітпей жүрегінді мұз қылатын..
Ер бар ма елі үшін жан қиятын Басшы бар ма етегіне ел сиятын. Жанның бәрі өз ісін мақұлдайды, Адам қайда сезетін ар-ұятын.
МҰҚЫШҚА
Жарқыным, мұның қай екпін, Шыдамадың дәйекпен. Отыз бес жыл май алған, Жатуға жайлап таянған Бір қу мақлұқ таңдапсың, Шорманский паектен.
Өзіңдей жүйрік «тұлпардан», Өзіңдей қыран «сұңқардан», Қолың жетіп тұрғанда, Не себепті қол тарттың? Казанский вагонге Он пұт семіз ет арттың.
НАМАЗ
Күнбатысқа үңіліп, Қол қусырып, бүгіліп. Созғыла, сопы, денеңді Бір тұрып, бір жығылып.
Аузыңды жылдам күбірлет, Ұзаққа созып көбірек. «Үлкен ғалым молда екен»— Десін надан төңірек.
АҚ СӘУЛЕ
Назды, нәзік, ақ сәуле, Көздің жасын исең-ау! Елжіреп жас жүрегің, Мендей болып күйсең-ау! Омырауы ашық ақ көйлек, Етегі қысқа кисең-ау. Еркелетіп, бұралтып, Ерінге ерін тисең-ау.
Ақ тісіңді ақситып, Махаббатпен күлсең-ау. Ақ торғынға оранып, Тау ішіне кірсең-ау. Арасында гүлдердің, Қолтықтасып жүрсем-ау.
Арасынан тоғайдың, Түрлі жеміс терсең-ау. Мынаны қара, жаным,— деп, Бұралып, күліп, келсең-ау. Мойныма келіп асылып, Жемісіңді берсең-ау. Жас баладай еркелеп, Жалғыз маған сенсең-ау. Қылығыңмен, назыңмен Еркімді алып жеңсең-ау.
Қаз алатын қырандай, Қайырылып мен де ілсем-ау. Гүл, бәйшешек ішінде Ісімді өзім білсем-ау. Аққан бұлақ қасында,
Сәулелі күн басымда, Бұлбұл сайрап қасымда, Ырза болам өмірге, Үстіп дәурен сүрсем-ау.
Бір томарға отырып, Аяқты суға малсам-ау. Майысқан ақ қолыңмен Денеге су салсам-ау. Кейде су шашысып, Кейде жабысып қалсам~ау. Күлімдеп көзге көз түсіп, Алдыма қысып алсам-ау. Киім жапқан әлемнің Ләззатына қансам-ау.
Үсте сәуле алтын күн, Қоршаған тоғай нансаң-ау, Сайраған бұлбұл бұтақта, Құлақ құрыш қансаң-ау! Неше түрлі гүл иісі Иіскеп мас боп қалсам-ау. Кәрілік келмей, жаз өтпей, Сондай түрде қалсам-ау!
. . . . ҒА
Естимін серілігіңді сіздің сырттан, Ынтасын замандастар сіз деп құртқан. «Халық айтса, қате айтпайды» деген сөзбен, Танысқалы жазамын естіп жұрттан.
Жас уақытта теңдесін тисе тауып, Жүрек сырын болмайды қолмен жауып. Қараңғы жерде өсіп қайрат қылып, Шыдауына менің түр көңілім ауып,
Жар таңдап, бос деп естіп сіздің басты, Ұяттан жас жүректің толқыны асты. Өткір, сергек дегенге көңілім ауып, Еріксіз аударып тұр ықыласты. Құданың құдіретіне ғажап емес,
Егер де қосам десе екі жасты.
Жайдары жақсы адамда болмас жаттық, Жас күнде алса жақсы көңіл шаттық. Жайпаламы адамға хат жазбаймын, Көпті көріп, көп жердің дәмін таттық.
Білмеймін қалай ауды көңілім сізге, Сіз-дағы көңіліңізді білдір бізге. «Жас-жастық тілеуі бір» деген сөз бар, Ұзатпай аяқ бердік сөзімізге.
ӘКЕЛШІ
Әкелші, күй арақты, Көтерейін көңілді!
Қолдан шаттық жасауға Арақ тәуір көрінді. Көлеңкені қуайын, Басып тұрған өңімді. Ұмытайын миды улап, Кәрілікті, өлімді. Мұқтаждықты, ауруды, Жол болмауды, көрімді. Арақпенен сыйлайын Шаттықсыз аз өмірді. Шаттығым жоқ бәрі бір Арақтан артық өнімді.
Іздеді шаттық бұл көңіл,— Жете алмады, жеңілді. Сүйенгенім осы арақ Тарқатуға шерімді.
Біздің өмір бәрі бір: Ірі мақсат қуа алмас. Пайғамбар боп жиһанды Жауыздықтан жуа алмас. Не гений боп сыр ашып,
Анадан қайта туа алмас. Өмір қысқа, бейнет көп, Ойласа көңіл қуанбас. Ертең өліп, жоғалу, Ұмытуға біздер мас.
Білеміз бе, жолдастар! Ертең қандай боларын? Ектің талай егінді, Білесің бе орарын? Кел жұтыңдар, кел көтер, Жастық, қызық әлі етер! Арақты ішпей пайда жоқ, Жабығудан құр бекер! Түбіне шейін жұта сал! Өнге шырқа, домбыра ал! Бостандық бүгін сөйлеуге, Жүрегіңде нелер бар! Қанады деме, құя бер: Арақ достым, арақ жан, Білемісін алдыңда, Қандай күйлер тосады!
Тұрмыс сені зорлық қып, Неменеге қосады. Өзім — патша, өзім — хан, Құя бер, міне, босады!
Жаңғырып Алтай тауы саласынан
Жаңғырып Алтай тауы саласынан, Майысқан ағаш, шөптер арасынан. Деді маған тырысып құтылмасаң, Сахраның, б...іздейсің даласынан. Телміріп бар өмірінде жемтік жеген Қарғаның жаман-ақсың баласынан, Онан да талаптанып, қолың созып, Алланың несібеңді ал панасынан. Маңдай тер, жанды қинап жігер етіп, Тұрмысы алып соқшы жағасынан. Ұқпайды бұл сөзімді басқа кісі Махмұттың, Әбдікәрім ағасынан.
Келді хатың, мен шаршап
Келді хатың, мен шаршап Отырғанда дамығып. Хабарыңа бек аңсап, Сүзіліп көзім талығып.
Сөзіңнен көріп өзіңді, Құшақтай алдым қамығып. Кім сүртті сонда көзімді, Қамықпаймын не ғылып.
Сөйлесіп гүлдей жайнады, Булыққан көңілім тарығып. Қапалы лебізің айдады, Гүл самалға малынып.
Хатың болып бір айна, Қарай қалдым аңырып. Баяғы Махмұт жоқ, қайда? Өзімді қаппын жаңылып.
Сарғайған, түсі өзгерген, Шаң басып, кеуіп қаңырып. «Кімсің?»— дейді кез келген, Достына жалғыз танылып.
Айнадан көріп бұл түсті, Кете жаздым жарылып: Қуат бітті бір күшті, Жеңілерлік тағдыр жалынып.
Мысал етіп бұл жөнге,
Көрсетейін мынаны: Қуаты күшті вулкандар Сөнгендей біраз тұрады.
Өлусіреп, әлсіреп, Түгіні кейде шығады. Булыққан сайын қуатты Бойына жиып нығады.
Ол қуатпен атылды, Кім қарсылық қылады? Бетін жапқан тау-тастар, Быт-шыт болып сынады.
КҮҢГІРТ ТҮСПЕН ОЙҒА БАТЫП
Күңгірт түспен ойға батып, Орындыққа отырған. Жүрек қаны сыртқа атып, Бет аузынан оқылған. Бек мұңайып айтты көз: «Үмітсізбін» деген сөз.
Өңін тартқан ішіне, Ызғарлы толқын ойлары. Қарағын келмес түсіне, Толқынға батқан бойлары. «Шыныммен болдым саған қор» Деп көрінісі айтып тұр.
Болып қана сыртқа ашық,
Күлейін деп ойлайды. Іштегі түтін кеп басып, Онысына қоймайды. Үмітті көңіл шегініп, Жылатады егіліп.
Дәмеленіп, үміт тосып, Көңіл қайда лепірген? Сағынып, ойлап, тулап шошып, Жүрек қайда секірген? Амалсыз қазір суыған, Жылылық жоқ жуыған.
МАҢАЙЫМНАН ӘРМЕН КЕТ
Маңайымнан әрмен кет, Жанды қуыршақ, арам ет. Білдірместен астыртын Алдап едің көз құртын, Құр бояма қызыл бет.
Анадай тұрып қарасам, Жанды ерітер жандайсың: Жуып кетсем маңыңа Екі аяқты малдайсың. Сондай бола тұрып та Өз-өзіңе қандайсың.
Бір көрмеге асылсың, Көп көрмеге масылсың.
Тек ішіп-жеп жүк тартар Сарттар мінген қашырсың. Не сөйлерге тілің жоқ, Не сөз ұғар білім жоқ, Саған кімдер бас ұрсын?
Бірақ жазық қазақта: Ұлы-қызы мазақта.
МЕЙІРІМСІЗ АЖАЛ
Көңілге қайғы у салып, Көзден жасты парлатқан, Жүрекке жара дақ салып, Жанды ашытып зарлатқан Уытың күшті, ажал-ай!
Дегеніне жеткізбей, Қанатын ұзын қайырған Ойдағысын еткізбей, Бірді бірден айырған Мейірімсіз, шіркін, ажал-ай!
Көңілін жастың мұқатып, Қайғыға ойын толтырған. Тамырына оқ атып,
Қызыл гүлді солдырған Түсің суық, ажал-ай!
Бақытын жастың ашқызбай, Қапыда алдың не түсті? Көңілін жастың басқызбай, Арманда алдың, не түсті? Тапқаныңды айтшы, ажал-ай!
МҰҢДЫЛАРДЫҢ ЖОЛЫҚҚАНЫ
Жаралған қалай ғажап мынау аспан, Қаз бауыр ақ торғындай бұлт басқан. Жалтырап гауһар тастай көкте жұлдыз Қараған мұндылардың көңілін ашқан.
Толқиды шөп бастары соққан желден, Ай-дағы нұрын шашты шығып белден. Желменен еміс-еміс естіледі, Дауысы төбеттердің үрген елден.
Теп-тегіс бұл уақытта ұйықтаған ел, Бұл сорлы жапа-жалғыз астында бел. Көңілге әрбір түрлі қиял салып, Сүйеді бетінен кеп ойнаған жел.
Қапалы, мөлдіреген көзде жасы, Көз салып елді байқар сорлы басы. Көзіне болар-болмас көрінеді, Бүгжеңдеп қыз аңдыған ауыл жасы.
Өңі жоқ, тұрғандай-ақ жаңа дерттен, Айрылған мұнша неғып сорлы еттен? Зығырмен қайнап шыққан көзден жасы, Бейне бір меруерт еді аққан беттен.
Осылай жалғыздықты дәрмен етіп, Отыр еді әр түрлі ойға кетіп. Ығынан бір төбенің көрініс берді, Айтысқан уәдесінен о да жетіп.
Балбырап қызыл гүлдей отырған жас,
Көңілінде ой, тілеп аққан көзінде жас. Бұл риза қылыш ұстап қарсы алуға, Жолында түзуліктің кетсе да бас.
Тұрегеп қадам басты қоныр қаздай, Ұмытып көрген бейнет ала жаздай. Жолығып бұл минутте не істеді: Оқушы өзі түсінер, мен де жазбай.
НЕГЕ ЖАСАЙМЫН?
Сусыз, шетсіз шөлдерден Тұманды, түпсіз көлдерден, Адамдық көші өткенше! Қасқыр мен қой дос болып, Достықсыз өмір бос болып, Шын өмірге жеткенше! Іштен өсіп адамдық, Сырттан тілеп жамандық, Тазарып әбден кеткенше: Талай шаштар ағарар, Талай тәнді жер алар, Талай буын қуарар, Талай өмір суалар.
Жасамаймын: «Еңбектің
Жемісін көзбен көрем» деп, Жасаймын: «Бір қолғабыс Кейінгіге берем» деп.
ОРАЗА
Молдеке, сізге бір арыз, Ораза деген не парыз? Ауырмай астан қалғанда, Өтейтінің қай қарыз? Аш жүр деп алла аяса, Жарылқар еді кедейді. Көпке бірдей қараса, Жақсы, жаман демейді. Күнәдан адам қорықса, Кісі ақысын жемейді. Біреу жалшы, біреу бай, Қай кезде, кім теңейді?
ОРАМАЛҒА
Төрт ай түстім, жүгірдім, Бұл орамал жолына. Еріксіз міне түңілдім, Түспеді ақыр қолыма.
Идеям бердім жолыңа, Көрінді қайдан сорыма. Айтып өткен бұл бір сөз, Кім жазықты оныма?
Аузым күйді шалқайдым, Басым енді бұрылмас. Жолдас болды құр қайғың, Екінші болдым ұрынбас. Өзіме өзім қожайын,
Енді неғып азайын!
Ұсақ-түйек ойларға Алданып қалар мен емес. Мендей Әли бойларға Бүкіл сахара тең емес. Танытамын елдерге, Күн астындағы жерлерге.
Бұл ойыма жетуге Он жыл талап керек қой. Ойымнан алыс кетуге Қуғаным болсын айт пен той. Мен тұрмыстың қылышы, Тағдырдың буынар тынысы.
ОРНЫМЫЗ МЕДРЕСЕ ОҚЫП ЖАТҚАН
Орнымыз медресе оқып жатқан, Талайлар оқу оқып өнер тапқан. «Аз-көп» деп, бергенінді молда сөз ғып, Әуелден ресім жоқ ғылым сатқан. Өнер ғой оқу деген таңдай атқан, Оқу білсең орынды болар мақтан. Білімге қарсы тұрар қандай күш бар, Бас иер талай мырза кеуде қаққан. Таусылмас ғылым теңіз шалқып жатқан, Соңынан қалмас оның дәмін татқан. Өмір бойы оқысаң бір таусылмай, Қиындығы қинайды жанға батқан. Шынында, ғылым артық мал мен бақтан, Ғылым болса қара су тасып аққан. «Оқу оқып, не керек, мал таппай» деп
Қазақтың айтқан сөзі надандықтан. Молда көп, молда деген атын сатқан, Бас алмай, өтірік соққан шариғаттан. Өзі хат білмесе де «оқуы» көп, Бас айналған, мылжыңнан діңкең қатқан.
ӨМІРДІ ҮЗІП АЛУЫ
Өмірді үзіп алуы, Қараңғы көрге салуы. Мың жасасаң да көңілде, Сөзсіз, арман қалуы.
ПАРТИЯШЫҒА
Бай едің өз алдыңа шаруа баққан, Шалықтап, шалқып сөйлеп, шалқақ қаққан Ойладың, осы малдың арқасында Мен-дағы атансам деп бір жез таққан.
Сол сағат келді саған мың пұт өсек, Ал жауды үсті-үстіне кесек-кесек! Жайлықта жеркенетін жексұр шалды Амалсыз қабыл алдың, көрпе төсеп.
Келгендер бәрі бірдей мақтай келді, Мал-жанын салмаңшы боп жақтай келді. Қымыз ішіп, етіңді жеп болғанша, Іш пікірін ішіне сақтай келді.
Сөзге нанып «ел бәрі мендік» дедің, «Бәлемді аузына ұрып жеңдік» дедің. Біреуі ат сұрады, біреуі ақша, Бәрін бердің: «Бір жолға көндік» дедің.
СЕКІЛДІ ӨМІР ҚЫСҚА, ЖАРТЫ ТҰТАМ
Секілді өмір қысқа, жарты тұтам, Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам. Аз өмірді ақындык жолға бердім, Лепес қып түкірген соң молда Мұқан. Қаламды шын беріліп, алдым берік, Әлдеқандай бір күшке көңіл сеніп, Бұрын жалғыз оқу еді іздегенім, Енді оған өлең жазу болсын серік. Бірдей ме сабақ берген барлық молда, Ант берем, алуан түрлі деймін олла. Денеден-ақ көрініп тұрған жоқ па, Саусақтың алалығы біткен қолға. Әкемнен «Әліп-биді» үйде оқыдым, Үйреніп намаз сабақ жат тоқыдым, Әлі молда алдында дәл екі жыл
Әр түрлі ескі кітапты бір шоқыдым. Тортайдан екі жылдай сабақ алдым, Ол байғұс аяған жоқ ойда барын. Ғ ылымның орны бас пен көкіректе, Бүйір шығып, қампия тоймас қарын. Мұқаннан екінші жыл сабақ алам, Ұйықтағам да көңілім оқуға алаң. Лепес қып өзі бастап, «ақын бол» деп, Дұғасын ықыласпен берді маған. Сондықтан бір мақсатым өлең жазу, Оқуменен бірге іздеп, қоса қазу. Осы ойыма өткен түн серт берілді, Менде болмас бұл ойдан өмірде азу.
СОҒЫСТЫҢ КЕСІРІ
Неше қыршын жастардың Кеудесінен оқ өтіп, Ауыздарынан қан кетіп, Ішіне тартылып көздері, Ыңырану боп сөздері, Шытынып көкшіл көздері, Елестеп көзіне арманы, Жетем деп ойға алғаны, Елдегі қатын-баланың, Әке, шеше, ағаның Көрмей, жылап қалғаны. Міне сондай заманда, Жау әскері калаңда; Мал-мүлкіңнен күдер үз! Ажары тәуір қатын-қыз
Зорлауы мен таланда. Талай милар бұрқырар, Саз балшықтай табанда. Адам күші жетер ме, Мұнан да әрі жаманға?! Сондайларды ұялмай, Қосармысың адамға?.. Больницаға барғанда, Сай-суйегің сырқырап; Кейбіреулер қорқырар, Кейбіреулер қырқырап, Дәрігер пышақ салғанда: Кейлер шыңғырып, шырқырап. Кейінің ерні кезерер, Ымдап жұтым су сұрап; Өкпе тұсы — жан жерден,
Жан тұратын әр жерден, Кейінің қаны бұрқырап. Қайғыланып отырар, Көзден жасы жылтырап...
ТӨРЕ КӨРСЕ ЖАЛАҢ БАС ШҰЛҒЫП, БИЛЕП
Төре көрсе жалаң бас шұлғып, билеп Бәйек болып, әулиедей ізін сүймек. Елге келсе, өтірік мақтанатын: «Қорқайын ба, ұлыққа айттым суйдеп».
Түспейді жазсам жазу қара тасқа
Түспейді жазсам жазу қара тасқа Ауырлық түсті биыл біздің басқа. Биенің күлынындай жарасушы ем, Айрылдым мен әкемнен жеті жаста.
Не жаздым жеті жаста жылатқандай, Көз жасты дария етіп булатқандай. Мейілі бұл жылаудан өлсем-дағы Кімім бар басым сүйеп уатқандай!
ҰЛТ
«Кәпір» бар, «мұсылман» бар — барлығы адам. Оларды алалайтын қандай надан? Өнер, білім, әділет кім қолдаса, Қай ұлт болсын — бәрі бір бауыр маған.
ШЫНЫ ОСЫ
Адам сәні барлық шақта Абырой, бірлік ынтымақта. Шында ғана тұрақтылық, Күйе жұқпас көңіл аққа.
Менде ағайын, жақын жоқ па, Зая қылар барды жоққа. Қылдан тайса қылтың етіп, Нысана ғып байлар оққа.
Көңілденсе көзге мақтан, Жамандайтын сырттан мықтап Өзі мықты, өзі білгіш. Қолдағанын қалмақ сақтап.
Ашуланса пәле жаппақ Аузын алсаң, алмақ ақтап. Көпірме сөз көсіледі, Іркілмей-ақ бойға шақтап.
Болымсызға кінә тақпақ, Бар мініңді іздеп таппақ. Жакынына опасыз жан Кенелтпекші кімді жақтап.
Туысқанға өтпейді кек, Кінәласса болғаны тек. Ағайын боп бал жаласпақ, «Түбі бірге түтпейді» деп.
Мұндай жақын кімге қымбат,
Кімге адамдык опа қылмақ. Бұзылмалы сабындай-ақ, Толқымалы болса сынап. - Өзіме өзім қойдым сұрақ, Жауабымда шыннан шырақ. Адал жолдас, жаны туыс, Маңымда жоқ, бәрі жырақ.
Нешелер көз жасы төгілді
Нешелер көз жасы төгілді, Нешелер қабырғасы сегілді. Қанша аянбай талпынсаң да, Ақырында, тағдырға тез шөгілді.
Қандай
Туғандар, жүрген қандай, жатқан қандай, Жатқан сайын жамбасқа батқан қандай? Ақ нұрды жарқыраған от деп ұғып, Білмей жатып таспенен атқан қандай? Тағы да жүрген қандай, тұрған қандай, Көңілді заманаға бұрған қандай? «Сақта» деп қозғалмастан жата беріп, Шалшықтай күнге қызып құрыған қандай? Ұмтылып ілгері аяқ басқан қандай, Пән оқып, тараққиға асқан қандай? Басқалар жанын салып ұмтылғанда, Басымыз шоршып түсіп, қашқан қандай? Өнерге іші-тысы толған қандай, Ішінде жаһалаттың солған қандай? Жиырма жыл медреседе дауам етіп,
Қапшығы садақаның болған қандай? Сәлдені оқшырайта киген қандай, Сүзіліп басты төмен иген қандай? Алатын тоқты-торым кеми ме деп, «Батыл» деп ақиқатқа тиген қандай? Пітнені үсті-үстіне үйген қандай, Миллеттен он тиынды сүйген қандай? Қан қайнап бұл халдердің баршасына Дәрменсіз дертті болып күйген қандай?
АРАБШАДАН
Түзелсін көңілі әулікккен адам қайдан: Әуесі судай толқыр аққан сайдан. Қадір-құрмет, дәреже оңдылықта Ойлайды: «соңғы мен», деп, бір құдайдан.
Нәпсіңді шұғылдандыр, жатпа босқа, Ашуды қой, серік бол ақыл — досқа. Егер де бетіменен қоя берсең, Сені ол шұғылдандырып қылар шошқа.
БІР БАЛАНЫҢ ТІЛЕК БАТАСЫ
Оқыт бізді, әкетай, Қам көңілім болсын жай. Надандықтан құтқарып, Қуанта көр, құдай-ай! Көңіл менен көзді ашып Уанта көр, құдай-ай! Аяндардың пітінесін Суалта көр, құдай-ай! Надандықта қор қылма, Миллетке бізді сор қылма, Микробтарды зор қылма, Рақым ойлап, құдай-ай!
АЛҒЫС
Жанымды жарқыратқан, ағаларым! Көп тиді біз — ініңе паналарың. Талпынып, таянды ғой төбем көкке, Жоқ еді қозғаларлық шамаларым. Бақ пен тақ, жақсылықтан нұр құйылып, Өмірлі болсын бала-шағаларың!
Жаным, тәнім, тілегім — бәрі сізде, Онан басқа еш нәрсе жоқ қой бізде. Бір құдай тілегімді қабыл етіп, Жақсылық нұр жауғызсын, жұртым, сізге.
АРЫСТАН МЕН ТЫШҚАН
Ұйықтапты бір арыстан ай далада Тыныштық алу үшін сай-панада. Үстіне арыстанның ойнақтапты, Бір тышқан іннен шығып сол арада. Тышқан жүр сейіл құрып, ойнақ салып, Бір уақыт жүгіріпті басқа барып. Арыстан өлтіруге айналыпты Басын басқан тышқанды ұстап алып. Жалынды сонда тышқан: «Өлтірме!— деп, Ағатай, маған зиян келтірме,— деп. Бір қайтар менен-дағы бір жақсылық, Азат қыл, байқамадым, өлтірме»,— деп. Арыстан күліп айтты: «Сорлы тышқан! Не жақсылық қайтады сен байғұстан? Дүниеде саған қалған күнім құрсын,
Күшің кем жұдырықтай шымшық құстан. Жатасың қорыққаныңнан қазып жерді, Күлдірдің болмасты айтып мендей ерді. Күлдіріп көңіл ашқан ақың үшін, Азат қылдым»,— деді де, қоя берді. Бір күні арыстаным торға түсті, Үзем деп, ақырып, тулап, салды күшті. Оралып шырматылды, шықпастай боп, Басына құдай берді мұндай істі. Күн қайда құтылатын торды бұзып, Бақырып ызаланды жерді сүзіп, Даусын танып баяғы тышқан келіп, Құтқарды торды қиып, тістеп үзіп.
ЕКІ ТЫШҚАН
(Ғ. Тоқайдан)
Даладан екі тышқан май тауыпты, Шығынсыз екеуі де жай тауыпты. Жанжалдасып бұл майды бөлісе алмай, Маймылға бөлдіруге көңілі ауыпты.
Білдірді бұлар барып маймылға өзін, Айтысты арадағы жанжал сөзін. «Қош келдің, таразым бар, өлшейін,— деп, Жоғалтуға ойлапты майдың көзін.
Өлшепті бір жағына майды салып, Анжағы көтерілді босқа қалып. Бос жағы мен май жағын теңгеруге
Маймыл тықты аузына майдан алып.
Ақырын жеп бітіріп майлы басын, Безбеннің тегістепті екі басын. Безбеннің бірдейлігін көзбен көріп, Тышқан кетті ағызып көздің жасын.
Сорлының жанжалдасқан майы қайда: Бермейді ешбір уақыт жанжал пайда. Өз ара қосылмаса ынтымағың, Жем болдың көрінгенге әрбір жайда. Ендігәрі бірліктен айрылмасқа, Тышқандар ант етіпті бір кең сайда.
Көк өгіз
Көк өгіз көзге толық, денесі мол, Басқадан өзін-өзі керіпті зор. Табын тастап қосылды жылқыларға Сиырмен бірге журсем болам деп қор.
Дос болып өгіз, жылқы көп күн өтті, Бұларға бір ордалы қасқыр кепті. Жанынан жылқы күдер үзген кезде, Көк өгіз қасындағы келіп жетті.
Күжілдеп аузын ашып мүйіз шайқап, Жылқыға жолатпады бәрін жайқап. Жымын тұрған жылқылар үркіп қашты, Қасқырмен айналғанын оның байқап.
Жылқы кетті, бәлеге өгіз қалды, Өкіртіп тамам қасқыр ортаға алды. Даладан бір топ мөшке даусын естіп, Дүркіреп олар-дағы келіп қалды. Әрбірі сүзді, қуды қасқырларды, Әйтеуір, көк өгізді айрып алды.
Әпендім, ой жіберсең бұл бір ақыл, Бұрынғы кәриелерден қалған нақыл. Жынысы басқа жылқылар тастап кетіп, Бәледен өз жынысы құтқарды ақыр. Көкке жетсе, өз жынысын қорламасқа, Бек нықтап тәубе қылған өгіз батыр.
ДОСТЫМА ҰМЫТПАСТЫҚ ҮШІН ХАТ
(Көңілдегі махаббатым)
Шын достым шыбынымдай Шайбайжан, Болғанда біріміз жан, біріміз тән. Болса да қырық жыл қырғын ұмытпаспыз, Сонда да, біраз сөздің реті бар. Жібердім «Зарландымның» жеті бөлімін Жазуға одан артық келмеді хал. Көңілге қиял қадар ала көрме, Болады достың суы — достына бал. ... Дәрі ... болып дарияға барғаным жоқ: Әр түрлі себептермен уақытым тар, Шалқыды шартарапқа сорлы көңіл, Қайткенде ериді деп іштегі қар. Сандалып жөн таба алмай зарығады,
«Құдайым атыра ма,— деп,— біздерге таң?» Әрнешік халдарымның бәрі мәлім Достыңа хал-қадарша жәрдемің сал. «Дүние дос, махаббатсыз мал секілді»,— Деген сөзін Абайдың есіңізге ал.
Жер шетінде жүрсең де ықылас сізде, Үнемі бірге жүру болмас бізде. Қайнасқан жүректегі махаббатты Ойыңнан тастай көрме әрбір кезде.
Жеткізбей мұратыңа қадір ием! Жанумен отқа түспей ойға күйем. Жан достым, бір-екі ауыз назым жаздым, Көргенде босасын деп жуйе-жүйең.
Жүргейсің хат жазысып, хабар алып, Жоғарғы сөз мазмұнын қарап алып. «Жуан етік қазақта жұмыс аз» деп, Жүрмеңіз тіліңізді қадап алып.
Жақсы, жаман болса да қаның бірге, Өлсең де, тірілсең де тәнің бірге. «Әркімнің өз аузына қолы жуық» Егер де өлшестіріп салсаң кірге.
Бұл сөзді қыстамаймын жалғыз саған, Мысалы қурап қалған қазақ сабан. Өзімшіл, өзге үшін жәрдемі жоқ, Жақынын жат көретін жаудан жаман.
ТҮСІМДЕ КӨРГЕН БІР АЯНЫШ ХАЛ
Мен көрдім қызыл гүлді түсі кеткен, Тәнінен әлсізденіп күші кеткен. Мағлұм бір түйткіл болып көптен, Сол түйткіл қазір оған келіп жеткен.
Толып тұрған кеуделері от пен жалын: Есітіп тұра алмастай айтқан зарын. Аңғарттым бір-екі ауыз сөз мазмұнын, Білдіріп зарлаған соң маған халін.
Түскендей бастарына қалың тұман, Тағдырда жазылған соң осы... план. «Жазмыштан озмыш болмас» деген сөзге, Болса да түседі екен сайып қыран.
Толтырған қанды жасқа екі көзін, Аядым ішім еріп оның өзін. Бір-екі назымменен мен өтейін Жанымның жан досты деп айтқан сөзін.
Келместей түндегі ұйқы, батпастай ас, Тағдырға бас иген соң шын гауһар тас. Көп жазып көңіліңді ауыртпайын Сонда да достың сыры достына паш.
Қазақты намыс деген тентіреткен, Партия, дау мен жанжал түпке жеткен: Намыспенен жанына қайғы шашып, Егінін орсын енді, қолдан еккен. Түсер деп сізге қапа, көп жазбадым, Сонда да, тіпті, босқа тек жазбадым.
Дәрмен жоқ іс өткен соң не шара бар, Құр ойбай пайда бермес деп жазбадым.
СОҚЫР АҒАШ
(Альбомнан)
Мен көрдім соқыр ағаш басын иген, Жаһаннамға кетеді оған тиген. Зәһәр деп жас алманы дұспан тұтып, Мисыздар ол ұжмақ деп барып сүйген.
Үстіне малы менен жанын үйген, Хор қызын аламын деп алтынды үйден. Қу соқыр жемісі жоқ ағашқа еріп, Дүние мен ақыреті бірдей күйген.
БҰЛАР КІМ?
Бұлар кім үсті-басын мұнар жапқан, Жалқаулық бір-бірінде алты батпан. Аяғын алға қарай бір баспайды, Жолына құрылғандай алмас қақпан. Өзара жанжалдасып қанға батқан, Ішінде түрлі пітіне толып жатқан. Басқаны өз қарнынан ойламайды, Мал берсе, ары түгіл жанын сатқан. «А, құдай, бере көр!» деп тыныш жатқан, Тағдырға барлық ісін үйіп артқан. Өзі жатып құүдайды жұмсамаса, «Кәпір болдың» дейтұғын молда тапқан. Жау болып бірін-бірі күнде шапқан, Жасы, қарты — бәрі де бәле баққан. Соқырға жан-тәнімен басын ұрып,
Көздісін көмір қылып отқа жаққан. Ауруы оңалмастай түрі жаман, Түсінтер бұларды айтып қандай адам. Екенін дұрыс-бұрыс біле алмаймын, Береді былай жауап біреу маған: — — «Көрінген сіздің көзге нашар жандар,— Болады жалқау, надан мұсылмандар. Ұжмақтан ай мен күндей хорды күтіп, Басқаға кең дүниені ұсынғандар. Бұлардың түрік еді арғы заты, Жиһанды тітіреткен салтанаты. Бұл күнде азып-тозып күлкі болған, Бұлар да сол түріктің жұрағаты».
КӨҢІЛДІ КӨНДІРЕТІН ТАҒДЫР
Жас көңілім өз еркінше жүрмек еді, Дүниеде солай өмір сүрмек еді. Бір алладан басқаға бас имеген, Қалпынша қара жерге кірмек еді.
Жас жүрек жалбақтауды сүймес еді, Үстіне рия тонын кимес еді". Бар ғалам бір жақ болса, өзі бір жақ Көңілдің сол қалпына тимес еді.
Жақтаса, өз еркінше жақтар еді, Мақтаса, өз еркінше мақтар еді. Аспаннан төбесіне оқ жауса да, Сертінше әділдігін сақтар еді.
Боқтаса, өз еркінше боқтар еді, Тоқтаса, өз еркінше тоқтар еді. Жақсылыққа, жәрдемге жанын беріп, Жамандыққа мылтығын оқтар еді.
Көлгірліктің көзіне түртпек еді, Хақ тамшысын көзіне сүртпек еді. Көңіл, жүрек осыған қол соғысып, Денені сол ізімен жүртпек еді.
Көңіл, жүрек қарынға деді барып: «Біз тұрмыз сондай-сондай ойға қалып», Қарын:— Жақсы, бұларың мақұл,— деді, Сөздерін тыңдаған соң, құлақ салып.
Бұл үшеу, жоғарғы ойға мөрін басты,
Дос болып қол соғысты, құшақтасты. «А, құдай! Бұрынғымды кеше көр», деп Тәубе қып қарын сонда төкті жасты.
Бірақ бұл сөздерді айтқан уақытта Қарын жақсы тоқ еді Іші толған боқ еді. Тығыздалып керіліп тұрған соң, Енді ашар деген ойы жоқ еді.
Бір уақыттар болғанда Баяғы тойған тоқ кетті Қарындағы боқ кетті. Қарын тастап тобасын Таз қалпындай боп кетті.
Артынан іле-шала көңіл кетті, Ал сонда десеңізші жүрек нетті? Амалсыз айтқан сертін тағдыр бұзып, Күні-түні азап шегіп зар еңірепті.
Бермесін бұл азапты тірі жанға: Адамзат, пері, шайтан, хайуан, малға. Жүрекке ол азапты көтергеннен, Мың есе түсу артық «жаһаннамға»,
Ол азап батар солай бір өзіңе, Бит шаққандай біліңбес жұрт көзіне. Сырты ұжмақ болғанмен, іші дозақ Түтінсіз жанғандар көп нан сөзіме!
БІР БАЛУАНҒА ҚАРАП
Жықсақ бәйге аласың алысқанда, Қару қып, қайратың сап қарысқанда. Жындылық шаппай бәйге бер деп сұрау, Озсаң, бәйге кім бермес жарысқанда.
Тұрмысы бұл дүниенің күреспен тең, Тәуекел, күреске түс, бар-дағы жең. Дүниеде барлығыңды кім біледі, Үйіңде ынжықтанып отырсаң сен!
Кім сені бұл дүниеде бар деп айтар, Кім саған жықпай бәйге ал деп айтар? Жықпасақ да күресіп талаптансаң, «Еті тірі, жаужүрек жан» деп айтар.
Жүрген көп, «жығылам» деп үйде бұғып, Жел болмай, боран болмай бет алды ығып; Қысқасы, оңдырмаған жасқаншақтық, — Жасқанба, қылыш шапса, найза сұғып!
МІНЕ, АЛАҚАЙ!
Қараңғы тұман түнде еді, Қара қазақ баласы. Ай мен күн һәм жұлдыз жоқ, Жым-жырт сахара даласы. Дау мен жанжал, партия Болған еді арасы. Жасытып еді бұларды Қараңғы түннің қарасы. Жиырманшы ғасыр басында Міне алланың панасы: Бір жағынан ай туып, Бір жағынан күн туып, Жарық көрді алашы! Шолпаннан үміт тағы да: Біріксе елдің данасы; Бұл үшеуі тізілсе,
Бейне қолдың саласы. Көңіл менен көзді ашып, Алға сүйреп барасы; Бұл жарықтар барында, Кім адасып қаласы?
ШӘКІРТ ОЙЫ
Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам! Қаранғылықтың көгіне Күн болмағанда, кім болам? Мұздаған елдің жүрегін Жылытуға мен кірермін. Еңбек, бейнет тарауы Рахатқа сарқылар. Қыздырып күннің қарауы Надандық теңізі тартылар. Орны отайып, көгерер, Қызығын жайлап ел көрер. Тұрмыс, тағдыр бірі де Бұл мақсұгтан бұра алмас. Қаһарман Рүстем, Әли де
Бұрам деп жолда тұра алмас. Сыланған жардың күлісі Алдандырмас бірісі.
ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРСЕМ ӨЗІМНЕН
Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Тағдыр қылды деулерді Шығарамын сөзімнен. Өзім қылдым деулерді Таса қылман көзімнен.
Жазалы емес құдай да, Күн мен жұлдыз һәм ай да. Жұмақ күткіш наданның, Орны дозақ әр қайда. «Теңгерер соңыра»— деген сөз Тек жұбатқан бір айла.
АЛЬБОМНАН
Жетуге құмар жоғары. Қайдан жаман болады? Талпыну бар, талап бар, Бүйткен адам оңады.
Нәзік дауыс, әнге ұста, Разы, шат тұрмысқа. Жұғымды мұндай бала жоқ Бұл маңайда, бұл тұста.
Асырауға көнеді, Деп көңілім сенеді. Қандай ұрық ексең де, Сөзсіз жеміс береді.
Жаттығы жоқ адамға, Именетін кез келіп, Оңығанға кез келіп, Түсінсе еді заманға.
ЖАПЫРАҚТАР
Гүлдеген, біткен жапырақ, Бұтақтары салбырап, Уақыты еді жетілген Көз тартарлық балбырап. Лебіне де аз желдің Ұялып бұққан қалтырап.
Өзіне бұрған ойыңды, Балбыратып бойыңды, «Иә, пірім-ау; бұлар не ғажап?» Деп бұрар ең мойныңды. Маужыратып бойды алған Әніне қостым ойымды.
Өсіп бәрі жеткендей,
Көңілді шат еткендей. Шөптер де тұр балбырап, Көрсең қайғы кеткендей. Иісі бар аңқыған Сарсығын жүрек тепкендей.
Жұмақты кіріп көргендей, Сайран етіп жүргендей. Басқаны жүрек ұмытып, Дәуренді сонда сүргендей. Жапырақтар да сыбдырлап, Қарсы тұрған — төнгендей. Құшақтасып айқасқан, Жапырақтар басып жайнасқан. Саласынан ағаштың Шымырлап бұлақ қайнасқан.
Әрбір жапырақ астынан Құрттар қоныс сайласқан.
Көңілдің қосып әніне, Мәз болып жапырақ сәніне, Тұр еді жаным балбырап, Жылы жел тиіп тәніме; Көзіме түсті қу жапырақ, Ойладым мұның мәні не?
Көгеріп көгі ашылмай, Сарғайған түсі басылмай. Тұрған жалғыз сорлыны Көк жапырақтар жасырмай. Сарғайса да бұл сорлы Өзгеге тұр бас ұрмай.
Өзгелері бұралып, Біріне-бірі оралып, Жапырақтан күмбез жасап тұр. Бас, аяғы құралып, Араласпай бұларға, Сары жапырақ тұр бозарып
Азапқа тұрмыс салғандай, Есі-дертін алғандай, Көгерет дейтін үміт жоқ, Құрт түсіп қатып қалғандай. Дірілдеп жерге қарап тұр, Жалғаннан көзі талғандай.
БАҚЫТ
Бақыт — құс ұшып жүрген қолға түспес, Билеуге оны ешкімнің күші жетпес. Қолыңа құдай айдап бір қондырса, Барам деп мен анаған ұшып кетпес.
«Сөзімен баға бермес бұл халыққа»
Сөзімен баға бермес бұл халыққа, Іліндім он екімде бұғалыққа. Елімнің мен шын ұлы екеніме Тағдырдың өзі берер куәлікті.
КЕШ
Желі бар бетке тиген жылы еспе, Күн жылы, аспан жарық оңды кеште. Қарасаң бұл уақытта кең далаға, Әр түрлі қиял келіп түсер еске.
Сайраған көкте торғай есіңді алып, Күн де жоқ әлдеқашан кеткен батып: Көк шөпті қызыл, жасыл жапырақ басқан, Артыңда қызыл шапақ нұры қалып.
Қарасаң бойыңды алып көңіл ашқан, Бейне бір өзендей-ақ толып тасқан. Толқып тұр кешкі соққан самал желге Естіліп торғай үні көкте басқан.
Жай тауып құрт-құмырсқа әрбір шөптен, Талмаулап қызыл шапақ қарап көктен. Жылтырап сол уақытта жұлдыз шықты, Аспанға шашу шашып меруерттен.
Бұдан соң қаран қалып көктің жүзі Жасырынып нәрселердің бірден түрі.
Қойнына қараңғылық енген барып, Жағалай айналаңның бәрі қауіп. Қарасаң қараңғы түн жан қорқарлық Бұл күнде бола алмайтын жолды тауып.
КЕШЕГІ КҮНДЕЙ ТҮСТІ БҰЛТ БАСҚАН
Кешегі күндей түсті бұлт басқан, Еңсесі төмен түсіп әлі қашқан. Булығып тамағына ызалы ойлар, Көздері көрінбейді толған жастан.
Не ғажап: кеше толған, бүгін солған, Басына ауыр дәулет қайғы қонған. Тұрған жас көзде толып, саулап кетті, «Ал, қош!» деп айырғанда қолды қолдан
Елжіреп, еріп, жанып жүрек, өкпе, Ауыздан бұрқыратар түтін көкке. Ол жердің қылмыстарын, тұрмыстарын Мың жылда келтіре алман сөйлеп епке.
Мен сонда жүріп кеттім аяқ санап, Артымнан ол мұңайып қалды қарап. Ілгері басқан аяқ кейін тартып, Бұ күнде менің көңлім әлеп-жалап.
КӨШУ
Елжіреп қардың көңілі өкпек желге Жер жібіп және тойып аққан селге. Күн сайын күн күркіреп, көк дүркіреп, «Көш» дейді қыстай сасып жатқан елге.
Ел сонда жемек болды көштің қамын Керек деп келесі жыл және шабын; Дөңгелекті ескі арыспен қора бөлген, Қима быт-быт қарасам арба жағын.
Нашарлар көлік үшін жүріп қойған, Кемітіп ақысына бір-бір қойдан. Қазірде жұрттың бәрі аласапыран, Шықса да ұлан қыстай көшу ойдан.
Қоймасын тастай салды көңмен жауып, Жүк жеңіл болуының ебін тауып. Бел жіп, үзік, ашамай салқам-салқам, Су құяр арбасына ауық-ауық.
Қыстайғы малдың қиы қора сасық, Қалпында тазартылмай қалды сасып. Ілдебаймен «көш жүре түзелер»,— деп, Қорадан көшті қазақ жабырласып.
Күн ыстық барлық сиыр арба салған, Адасып бұзаулары кейін қалған. Арбаның біріменен бірін соғып, Сиырдың сәйгел-екең алдын алған.
Сиыр қайтіп соқпасын: сәйгел күшті,
Қисайған қыңыр қима аспанға ұшты.
Жас төлдер енесінің соңына ерген Түбінде тобылғының, қала берген. Кейбірін көш женекей байы сабап, Шаңқылдап қатындар да әрбір жерден.
Ат, түйе кетті жылжып жайыменен, Жүгіртіп балалар жүр тайыменен. Үстінде арбалы аттың, кейбір жаяу, Жалғасқан кедейлер жүр байыменен.
Болғанда түйдек-түйдек жолдың шаңы, Сарсытар құлағыңды арба маңы. Ит ұлып, сиыр мөңіреп, бота боздап, Қонғанда арба шиқ-шиқ айқай даңы
«ШОҢ» СЕРІКТІГІН АШАРДАҒЫ ТІЛЕК
Баршаға мейрім салған, мейірбанды тәңірім, Ісімізді өзің оңғарып, оңға бастыр! Қазағыңды ақ, түзу жолға бастыр! Әлемге шам-шырақ болған, пайғамбар, Саған салауат айтып, жолыңды қудық,
Баташы бол, Әулие, аруақ! Жебе, қолда! Қазақ қалмасын, Қорқынышты жолда. Құдай! Өзің білесің, Ниетіміз ақ: Берсейші бізге бақ! Сенен сұрамай,
Кімнен сұраймыз Қашан болса да, Бір өзіңе жылаймыз!..
«ШОҢ» СЕРІКТІГІН АШАРДА
«ШОҢ» СЕРІКТІГІ ТУРАЛЫ
КӨПКЕ ІСТЕГЕН БАЯНДАМАНЫҢ БАСЫ:
Мынау жол, Шоң баласы, адамдыққа! Сіздерді бастамайды жамандыққа. Кел, кіріс, көтеруге мұны тырыс, Пайда жоқ, құрып қалғыр надандықта!
Кел, кіріс, көтеруге мұны тырыс, Жұрт үлгі алатындай болсын бір іс! Әрі аруақ әрі құдай ырза емес, Өзіңді өзің жарсаң, тауып кір іс...
Бұл баяндаманың арты мынадай сөзбен тынады:
Және де пайда болсын ұлтымызға, Өрнек, үлгі болайық жұртымызға. Жиылып үйден үйге мал сойғызып, Не пайда құр тығудан ұртымызға?
Кіші іні, үлкен аға, осы сөзім Абайлап, ақыл салып, ойлашы өзің. Тартсам мен жарты тиын тамағыма, Ырзамын олда-білдә жоғалт көзім!
Құдайдан сұрағаным бірліктерің, Бірліксіз түзетілмес тірліктерің. Оллаһи, өнер емес, анық өлім Күжірейген бір-біріңе іріліктерің,
Келіспес араңызға салқын қабақ, Салқын болсаң, әркімге болдың тамақ! Жел бергенге желіккен жел буазға, Қанжығалы биеке үлкен сабақ.
Міне біз бір төбеге «Шоң» деп шықтық, Адам болу планды қолдап шықтық. «Е, тәңірім, ісімізді жөндей көр!» деп, Шын көңіл көзімізден жасты сырық.
Қол қойдық осыны айтып Шоңның жасы, Оралсын қайырымен істің басы; Ерікпедік, немесе желікпедік: Ойладық аз да болса, жұрт пайдасын.
Күнделік дәптерінен
1914 жылы 7 жолдаспен Шорман ауылына өзімді қазақшылық айнасында көру үшін бардым. Жолдағы елде менің көлеңкемді, сыртымнан естіп, бадырайтып көрсетпеген ел жоқ. Іздеп барған Садуақас барған жерден мені түссіз буа сөйледі. Мен ауыл оныкі һәм үміт болған соң таза жауап қайырмай, ұтқызыңқырап отырдым. Жанаспайтын ауыл екен деп елдегі жайшылық қалпымды бұзбадым. Бәлкім, онан көрі ілтипатсыз отырдым. Білдім: ол ішінен менің бұл мінездерімнің жалғызын жақтырған жоқ. Бояма қалыпта жылтырады. Жүрерде осы бойымша аттансам қалпе деп ойлар һәм боямаға алданбағанымызды білдірейін деп:
Шоң, Шорман едік, Бір-бірімізге қорған едік. Шоңның, Торайғырдың көк жапырақтары Бұтағыңа келіп қонған едік. Онымызға қарай сіз де:
«Кім келіп, кім кетпеген ауыл едік» Деп, бауырлығыңды білдірмей, Арқаңның жауырлығын білдірдің. Шоң, Шорманға бастамасаң да, Ілтипатыңнан тастамағаныңа рақмет! —
«хош»,— деп, қолын ұстап амандасып жүре бердім. Былай шыққан соң жолдастарым: «Құрметтеді» деп мақтасып сөйлескенде, менің жаным ауру, жайым жайсыз еді. Мұнан былай: Малға басым имеске, Рия тонын кимеске, Кісі құрметін сүймеске, Өз ісіме тимеске, Кісі тіліне ермеске,
«Қазақшылыққа» енбеске, Аштан өлсем адамға, Намысымды бермеске, Май тамызса тілінен Еш адамға сенбеске, Өз ақылымнан басқаға ...көнбеске. Кәміл уағда етілді!— дедім.
ДОСТЫМА
Бұлтты кетір ойыңнан, Жазды шығар бойыңнан. Ақылың болса айныма, Өз жасаған тойыңнан.
Бәрі қызық мереке, Ашуланба, ереке. Өз қақпаңды аштың деп, Кім қылады келеке?
Кімде жазық ойласаң, Өкпелеймін қоймасаң! Баяғы түрге бір келіп, Мен разы, ойнасаң. Қапаға жоқ тіпті жөн, Ақылың болса сөзге көн.
МҰНЫҢ АТЫ ӨШ АЛУ
Өлеңім айт дегенде шырылдаған, Ісімнің бәрі түгел қырындаган. Қолымда, қалай қылып қорласам да, Кешегі қызыл қаншық ырылдаған.
Шақпасам, бит болмаймын, Үрмесем, ит болмаймын. Қасымаса бит те қоюшы еді, Үндемесе ит те қоюшы еді.
Жаман жалданса, Қалай жүрерін білмей, Әкесінің басын жара жаздайды. Әйелін көрсетем деп, Абыройын шашып, Артын аша жаздайды.
ДҮНИЕДЕГІ ҚЫЗЫҚТЫҢ
Дүниедегі қызықтың, Бәрі де арам мен үшін. Дауасы жоқ бүзықпын, Талпынбаймын ем үшін. Туысқаным — қабір құшағы, Қашан ол келіп құшады.
Ойланып һәм шарланбай, Құтылған жоқ менен ой. Ешбіреуін малданбай, Сенді қатты тұла бой. Болсам деген үміттің Бәрінен бездім, ұмыттым.
Аямады еш уақыт,
Дүние маған ашуын. Алыстады һәм бақыт Тоқтатпастан қашуын. Қаматпай жүрек тасқынын, Босатсын дүние қашқынын.
Зылиқасын көрсе де, Жүрек енді ашылмас. От, жалындар енсе де, Махаббатқа бас ұрмас. Дос іздедім, камдандым; Таба алмадым, алдандым.
Ақ сәуле күміс жүзді, құндыз қабақ
Ақ сәуле күміс жүзді, құндыз қабақ Сен гүлсің иіс шашқан жарып сабақ. Болғанда көзің — жақұт, етің — торғын, Қасың — ай, шашың — жібек, мамық тамақ.
Көзін — нұр, сөзің — алма, аузың — алтын, Самород, қоспасы жоқ нағыз балқын Шомылған сұңқар бойың нақ гауһардай, Бұрқырап нұр төгілсін, маған талпын?
Бір сенсің дүние көрген көзім нұры, Жарқырап жаным тартар, көңілім гүлі! Егілген ер көңілім қол сермейді, Тартса да аспаннан көп жұмақ хоры.
Жан сәуле, кеуде күйген, жүрек жалын! Кеудем от, жүрегімніц байқа халін?! Дауасы ауыр дерттің — жалғыз сенсің, Қолың бер, кетсін қайғы, сөнсін жалын!
ҚҰЛАҒЫМ БІТЕЛГЕН ЖОҚ
Құлағым бітелген жоқ естиді ашық Түлкіден шешен сөзі кетті асып. Белгілі жарамсақтық жарапазан Қазаққа пайдалы істен мүлдем кашық.
Қозғалса ел намысы судай тасып, Шешенің жақсы ат алмақ соны басып. «Темірді қызғанда соң» деген қайда, Бұл неге қалтырайды қаны қашып?!
Қалың ел оянғанда көзін ашып, Азаттық, теңдік үшін ұрандасып. Бас тартқан дер кезінде басшылықтан Жігерсіз, қайраты жоқ неткен жасық?!
М....ҒА
Жұмыр бас, дөңгелек бет, орта бойлы, Толық шеке сыпаттар терең ойды. Тік иық, шын бұраң бел, қардай еті, Сұлу сымбат көркіне көңілім тойды.
Кең біткен, жазық келген ақша маңдай, Иілген қара сүрме қасы қандай! Қарақаттай мөлдіреп күлім көзі, Қараса жанар төгіп жаққан шамдай.
Ақша бет төмпесіндеу, алқызыл түс, Меруерт көз шағылған тізулі тіс. Ақ бұғағы аққудың жемсауындай. Жаратқан жаратылыс тамаша іс.
Маңдайдан тіктеп түскен пісте мұрын, Оймақтай қызыл сырлы жұқа ерін. Ақ мамық, қызыл шие, қара нәркес — Үш түрмен келтіріп түр беттің нұрын.
Жібектей майда қара шашы ұзын, Түр мен сымбат еріткен жүрек сырын. Оқу, білім, ақыл мен әсем тұлға Бірдей келген көрдім мен қазақ қызын.
Дәл осы көзім көрген қыздың жайы
Дәл осы көзім көрген қыздың жайы Жігіттің жібек арқан еркетайы. Күлімдеп қара көзден сәуле түссе, Секілді жер құлпыртқан көкек айы.
Бұл жазған мақтау емес, жаным саған, Он есе артық көріндің одан маған. «Өмірде бар қызықты бірге көрсек» Дейтұғын көңілімде бар бір арман.
Сол ойды көрсетпекпін бетін ашып, Әдепті сүю жеңіп, кетті асып. Өзімсініп өзгеден қызғанамын, Алабұртқан жастықпен көнілім тасып.
Осыған не айтар екен сүйген сәулем? Мендей о да сүйер деп көңілім сенген. Еркіңді басқа біреу билеп кетсе, Болам да қарттың бірі көңлі сөнген.
Шын айтқан ақ жүректен ағытпа сөз. Ой талғап, жүрек таңдап, танытқан кез. Жас қөңіл асығады жай тапқанша, Жетсе екен мендік болған қуаныш тез.
Тұрмысқа
I Өмірімнің өрлерін Жазы шықпас қыс қылшы! Жылы шырай бер десем, Аждаһадай ысқыршы! Құлдық ұрып жалынсам, Арт жағыңа қыстыршы! Алтын, күміс — асыл ма Баға бермей, мыс қылшы! Оңға қарай қол созсам, Теріске жорып пысқыршы! Нақақ мазлум болсаң да, Күншілікпен іс қылшы! Бұлардың бәрі ойыншық Тек аурудан тыс қылшы!
II Тұрмыс, маған от шашып, Бар дүниені лау қылшы! Түйдектеп үйіп қайғыңды, Абылай аспас тау қылшы! Таптырмастан емге дос, Бар әлемді жау қылшы! Көзіңнің құны бардай-ақ, Аяқ бассам, ау құршы! Бермек тұрсын өзіме, Жала жасап дау қылшы! Сөндір ай мен күніңді, Тек денімді сау қылшы!
III Ден сау болса, тағдырдың
Көкке ұшырам күлдерін. Жігермен талап еткен соң, Қоям ба екен сүлдерін. Аждаһадай ақырып, Алдымнан қарсы шапса да, Естімеймін үндерін! Серпіп тастап түндерін, Туғызамын күндерін!
IV Ден сау болса, түрмыстың Маған салған құрығын Бойлап алып кетермін! Таудай үйген қайғысын Ойнап алып кетермін!
V Қаңқылдатып қаздарын Шығарармын жаздарын! Мен айтамын осылай. Кім біледі ол тұрмыс Нешелер көр қазғанын. Қазса қазсын, көрермін Келешектің жазғанын. А, дүние! Халқымның Жөнге салсам азғанын! Тұрмысты салып көлденең, Қарғытар Махмұт азбанын.
Бір адамға
Бір үйде жиюлы екен қазына мал, Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал: «Бұрынғы атамызға сыйға берген, Біздерде мынадай бар, мынадай бар?..»
Ол рас, аталарың шенге алыпты, Арзан қып, қымбат емес, кемге алыпты. Апыр-ай, қалай бұлдаған сатқандарын, Оқа, түйме, сылдырлақ теңге алыпты!
Суреттер және көрдім жүзі жарқын, Ойладым: «Оңдырған-ау, баққан халқын». Соншама құны толық бұлды түйме, Артында қалдырмас па жақсы даңқын?
Дедім мен: «Құтты болсын шекпеніңіз, Артқыға қандай егін еккеніңіз? Жусақ та денемізден кетер емес, Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз».
Көргенде куміс кесе, алтын аяқ, Бір сөзді тамағыма қойдым таяп: «Қай момынның малы бар бұл аяқта?» Демейінше болмады, қарап жай-ақ!
Отырдым, көрсем жекіп тастар ма деп, Шал айтты: «Көріңіздер, жасқанба» деп, Кесені қолыма алып қарай бердім: Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп.
Туған еліме
Үміт қып менен қарайсың, Көңіліңе медеу санайсың. Балалыққа жарасам, Аталыққа жарайсың.
Қайтейін, елім, қимаймын?! Қия алмай жанды қинаймын. Қимай қалсам ішінде, Тағы тыншып сыймаймын. Алты қырдан ассам да, Сөздеріңді сыйлаймын. Тек қалауым сіздерден «Серіктікті» милаймын; Сіздерге әкеп шашуға Ілім-білім жинаймын.
Сымбатты сұлуға
Сүйдірген сені маған қыли көзің, Томардай кедір-бұдыр топас сөзің. Құбыжық қорсылдаған мінездерің, Арман жоқ пида болсам, саған өзім. Сымбатты сұлу, тамашам, Шашыңнан жұлып сабасам!
Сүйдірген сені маған ешкі басың, Қол жумай обырланып жеген асың. Қоя ма сүйдірмеске ықтиярға, Үйпалақ ит жүніндей желке шашың. Сымбаты сұлу, тамашам, Құсқым келер қарасам.
Сүйдірген сені маған шошақ мұрның,
Кішігірім бір үйге ошақ мүрның. Жіберіп анда-санда тартып алып, Жылтылдатып тұратын қос ат мұрның. Ойқы-шойқы беттерің, Көмірден аппақ еттерің . Сүйдірген сені маған көкшіл тісің, «Адыра қалғыр, ойбай» деп қылған ісің. Салды балақ қарғамсың салпылдаған, Біткен жоқ бұл әлемге сендей пішін. Былжыраған жүрісің, Жоғал әрмен, құрысын!
Сүйдірген сені маған салтақ бетің, Кәрі саулық етіндей төстек етің. Қарағым, сыртың сұлу жапалақтай
Анауыңа келгенде, ойбай бетім. Сасып кеткен маңайың, Мұрнымды басып жабайын!
Сүйдіргсн сені маған кірлі мойның, Арбадай қиратылған доғал ойның. Ә, дүние, кіріп бойым жылытар ма едім, Қаңтардың аязындай ыстық қойның. Ызғар шығар қойныңнан, Жанжал шығар ойныңнан!
Сүйдірген сені маған дудар шашың, Қысты күнгі қыраудай қырбық қасың. Кер тапал, кердеңдеген жас баласың, Асса да жиырма бестен үйде жасың. Арбаңдаған дөрескел,
Барлық ісің өрескел!
Сүйдірген сені маған қола жүзік, Қолыңа саудырлатып қойған тізіп. Кісі алдында қасынып теріс қарап, Битіңнің бытырлатып мойнын үзіп. Нас басқандай бит басқан, Міне, сұлу жұрт асқан!
Сүйдірген сені маған тырысқаның Көрінгенмен бұрқылдап ұрысқаның. Әкең бүгін өлгендей қабақ жауып, Қонақ келсе, қуарып, құрысқаның. Қалқам, жаным қарағым! Бетіңе келмес қарағым!
Сүйдірген сені маған өсектерің, Өзім бірге салысқан төсектерің. Инені ұстай білмес шеберлігің, Апырмай, мен бекерге өсектедім. Міне сұлу, асылың, Мойныңдағы масылың!
Сүйдірген сені маған майлы қалтаң, Аузыңа теріс қарап салған малтаң. «Бас» дегенге «құлақ» деп жауап беріп, Ақырайып алаңдап жалтаң-жалтаң. Ер жігітке 6ұ да сор, Қосылсаң, басың болар қор!
Сүйдірген сені маған теріс аяқ, Бір-бірі саусағыңның жуан таяқ.
Өлі сүйек, өлексе өлімтік қып, Құдайым саған берген аямай-ақ! Мұндай жанды, құдайым, Кез келтірме, ылайым!
Қыз сүю
Қыз десе әркім кетер қызуланып, Көңілге әлдеқайдан от кеп жанып. Ең арты аппақ қу бас шалдар-дағы Қояды бір қиқаңдап құшырланып.
Дүниеде жан саясы қыз дейсің ғой, Құмартып құлқың құрып іздейсің ғой. Мылқау, кеще, тазша болсаң-дағы, Қыз тимес деп күдерді үзбейсің ғой.
Қыз сондай сен іздеген сұлу болса, Көргенде құмарланып кеудең толса, Алмас қылыш жүзіндей аударылып, Көлеңкесі көңіліңе барып қонса.
Бойы тік, сын-сымбаты түзік болса, Саусағы сылдыраған жүзік болса. Екі беті үлбіреп, көзі жайнап, Белдері тартқан сымдай нәзік болса.
Өн бойың қарағанда ду-ду етсе, Сыртың қысылып, тұншығып ішің күйсе Ал сонда асыла кетіп, бұраң етіп, Қайтер едің, жігітім, қолға тисе?
Гүләйім
Қай қыз бар бұл қазақта теңге жеткен, Бәрі де жылай-жылай кемге кеткен. Бар еді Жарқын атты бір бай кісі Мырзеке деген атқа қолы жеткен.
Әрине, бай кісіні жұрт мақтамақ, Кісіні кедей сорлы кім жақтамақ? Жеп кетер, ішіп кетер сұмдар жиылып, Шуылдап байды мақтап ыржақтамақ.
Бай енді көтермес пе мұрнын көкке, Етер ме көтердің деп оларға өкпе, Аурусыз құр түпу деп, құр жетеліп, Байлықты байқатпас па теңірекке.
Бар еді Жарқын байда үш-төрт бала, Оларға байлық тұрса, шірку қайда? Гүләйім ұлдан үлкен жалғыз қызы Ұқсайды көркемдігі туған айға.
Он беске Гүләйімнің келген жасы, Жібектей үлбірейді маңдай шашы. Ақ торғын екі беті құлпырған нұр Алланың бір жаратқан тамашасы.
Алғандай екі көздің жауын бұрып, Жымиып езу тартып қойса күліп. А, дүние, ойнар ма едім жиылғанда, Бас қосып бозбалалар дәурен сүріп.
Өмірімнің уәдесі
Оллаһи! Ант етемін алла атымен, Орыс тілін білемін һәм хатымен. История, география пәнді білмей, Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.
Келгенше осыларды отыз жасқа, Іншалла бәрін түгел ұғам басқа. Отыз жасқа келгенше ұға алмасам, Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа.
Сенемін еңбек қылсам, 6ақыт жақын, Келер жаз атақты алам деген «ақын». Жүректің қазынасы тазартылса, Пайдасын көрер әлі-ақ ертең халқым.
Тұрмыстың оғы шыбындай, Тезінен туар көңілімде ай. Бір мағнауи күш түртіп, Баққа ұмтылып тұр маңдай.
Үміттің көзі жарқырап, Бұлағы ағар сарқырап. Бұл бәйгеде Махмұттың, Азбаны келер арқырап.
Жан қалқам
Енді, әрине, мен бір шөп Қозғалмаймын тіпті көп. Қозғалмаймын демеймін, Толқитын енді жерім жоқ.
Неге еспейсің желіңнен, Аяймысың еріңнен. Жан қозғарлық жар болсаң, Кел құшақтат беліңнен. Бұйырғанды көрерсің Қимылдатқан ерніңнен.
Қарадың неге, жан қалқам, Күйдірейін дедің бе? Етіп қалдың бір жалтаң,
Сүйдірейін дедің бе?
Өзегімді жандырдың, Идеямнан тандырдың. Өмірлік кетпес қайғымды Бір көз салып қалдырдың.
Қызықтырдың басыңа Бас имеуші едім ғаламға. Неғып тарттың қасыңа Таңданбаушы едім адамға.
Көлеңкеңді көрейін, Құрбандықта өлейін; Жандырдың өзің өрт салып, Баспасаң қайтіп сөнейін?
Бір қараумен ерітесің Жүректің мұз тоңдарын. Бір күлумен серпесің Тағдырдың суық қолдарын.
Көріп жүрсем күндеймін, Көрмей жүрсем түндеймін. Қимай тұрсын, жат жаннан Көлеңкеңді күндеймін.
Сені көріп тұрғанда, Күн мен жұлдыз, ай да жоқ, Жүрегім лепіріп жұлғанда, Патша да, құдай да жоқ.
Бәрі сенің бір өзің:
Күн, ай, жұлдыз — дәл көзің. Мың қайтара тәу етем, Аузыңнан шықса, бір сөзің.
Сен жоқ болсаң, қарағым, Дүние жүзі маған көр. Барлық бақыт талайым... Цифры жоқ сенсіз ноль.
Сірә да жалғыз мен емес, Сенсіз дүние кең емес. Ауруым қатты өлемін, Өзіңнен 6асқа ем емес.
Маған салсаң еңкейіп, Қартайып кет, жасып кет.
Әрі барсаң теңкейіп, Өлексе боп сасып кет.
Айнымас менің сүйгенім, Сөнбес жанып күйгенім. Бетіңнен соңда сүйгізсең, Көз жасымды игенің.
Осындай сүйім көрмесең, Қатын алма өмірде. Өзің және көнбесең, Жай отыр да......
Осы сүю жолдаста Болмаса, кеттің оңбасқа. Екеуің де бірдей бол, Болмадың ондай — жол баспа.
Гүл
Балбырап шыққан жазғы гүл, Көз тартқандай болады. Кім біледі, сол түрде Ер жетеді, толады; Кім біледі, дән сорып, Қандай мақұлық қонады; Кім біледі, тола алмай, Суық соғып тоңады; Кім біледі, құрт түсіп, Мезгілінсіз солады. Мұның бәрін білмесең, Өмірің қайдан оңады?
Жас жүрек
Жас жүрек, қайда сенің ыстық қаның, Тап мұндай мұздауыңның айтшы мәнін. Тәтті үміттің қиялы сәуле беріп, Ұйықтатпайтын толқынның жойдың бәрін. Қызған темір жатқандай көкіректе Сыймайтын мезгіл қайда тәнге жаным? Нанғыштық, құлай сенгіш, тәтті үміттен Бұл күнде, айтшы, неге бет бұрғаның? Жиіркеніп, көргің келмей өзіңді өзің, Қамығып неге осынша құрыды әлің?
Әлде сенің кең жайлау жазың жоқ па, Шалқар көл, қиқу салған қазың жоқ па? Жел жетпес, қолда қыран, алтын дабыл, Қосқанды құтқармайтын тазың жоқ па?
Әлде жорғаң тайпалтар көшке мініп, Күміс тұрман көбікке көмілдіріп. Әлде алдыңнан келмей ме жел жетпесің Ұлы топта ұрандап дүсір қылып?
Әлде жоқ па көк сауыт үске киер, Әлде садақ тартқанда ақтан тиер? Әлде найзаң желекті ту астында, Алаш деп ұран шықса жауға кірер?
Шаңқайған ақ ауыл мен елің жоқ па, Исі аңқып, бетің сүйер желің жоқ па?
Ақ ордада сары шара, қара сабаң, Ақ бәйбіше сапырмай ма қымыз саған? Жоқ па әлде басытқыға бағлан еті,
Қымызға қызғаннан соң соңыра таман?
Әлде алдыңда жүрмей ме сылаң қағып, Даланың еркелері үкі тағып? Табиғат өксімей ме әдемі үнмен, Боз торғаймен қосылса әнге салып?
Сен сонда ұқпаймысың оның сөзін, Көмір деп ойлайсың ба қара көзін? Мағыналы сол қара көз бір жалт етсе, Жанданбауға етерсің қалай төзім?
Жас жүрек айтты сонда: «Сөзіме нан, Сол себептен ішімде жылымас қан. Шындық достық таппадым сандал қағып, Өмір бойы алдандым тапқанымнан.
Бұ күнде адасудан көз ашпадым, Не нәрсені көздесем тап баспадым. Дүниеден басқа рақат тілемеймін, Кеш, арым, мен білместің адасканын!»
Сарыарқаның жаңбыры
Көп уақыт жаңбыр көрмей қурап, күйіп, Жоқ еді Сарыарқада көрер сиық. Шөлдеген сол қатарда жан-жануар — Аузына тұра алмаған тілі сыйып. Айналған Сарыарқамен қоштасуға, Бір жаңбыр жібермесе құдай иіп. Садақа неше беріп, жаңбыр сұрап, Намазды неше оқыған жұрт жиылып. Көп уақыт зарықтырып, ақырында, Күнбатыстан қара бұлт жауды құйып,
Сіркірей, шүмектеп күн жалтылдаған, Көк жерге құлағандай шартылдаған. Кей уақыт жердің беті аппақ болды, Жұмыртқадай бұршақпен сартылдаған.
Ыстық жерде өршитін жылан, шаян Жан сақтауға ін таппай қалтылдаған.
Таулардан бейіл кеңіп, ағып бұлақ, Кей үйлер талқан болып жатыр құлап. Сонда кемпір от үріп, тұтата алмай, Шалына төрде отырған айтты жылап: «Тезек су, кешегіден сүт шикі тұр, Тілек қылған ел ақымақ жаңбыр сұрап;
Арба астында қалшылдап иіріліп тұр Кеше қырыққан жүнсіз қой, арық-тұрақ. Бір жағынан жалтылдап зәрені алып, Күркіреуден міне түр тұнып құлақ. Бір үргенде жанатын тезек майдай, Жаңбырдан маған артық ыстық шуақ!»
Бұл мысалдың мәнісін ұға алсаң сен Келген заман — бостандық, жаңбырмен тең. Уақтыма тезек құрғаң болмады деп, Кемпірдей қашпа құдай рахметінен. Жаңбырдан соң көгерген Сарыарқадай Бостандықтың күшімен көгерсін ел! Дейсіңдер: «Тыныш кетті, күнде сайлау», Кемпірден жоғарғы айтқан қай жерің кем?
Жүрегім тулап шабасың
Жүрегім тулап шабасың, Жоқты қайдан табасың. Уытын жайған сыртыңа Оны қайтіп жабасың?
Өртедің десем, отың жоқ, Баяғы гүл, күтың жоқ. Келтірмейтін жігерге Тағдырдан басқа сотың жоқ.
Дүниеде жоқ сүйгенің Қасірет, қайғы үйгенің. Көрініп тұрған нәрсе жоқ, Не қылғаның күйгенің?
Не түсіңе енген жоқ, Не қасыңа келген жоқ. Емескіді ез көңіл, Бірақ әлі сенген жоқ.
Емескіме, теңің жоқ, Аузыңа татыр жемің жоқ. Мыңнан бірі жиһанның Мұң ғып шағар жерің жоқ.
Басыңа тас тиген жоқ, Көзің перде киген жоқ. Қанша күйіп жансаң да, Сүйгенің бой иген жоқ.
Өзім сүйем, кімде айып?
Күн өткізем мүңайып. Ондай жарды дүниеден Таба алмадым қол жайып.
Кім таныды өзіңді, Кім білдірді сөзіңді? Желе жортып, жел қуып, Құр шаршатпа өзіңді. Ашсаң — қалдың бәлеге, Жұмып кір көрге көзінді. Тағдырыңа бойсұнып, Салып көр енді төзімді. Жібегің тұрсын, оларға Ұстатпа, кірлер, бөзіңді!
ЕЙ, МАХАББАТ! ЕЙ, ДОСТЫҚ!
Ей, махаббат! Ей, достық! Алдама, сендер жалғансың. Құр мазақтап, мәз болып, Бойды аулаққа салғансың!
Дүние рахат, достық бар, Тұрмыста жоқ суық қар. Дүниені жауыз дегендер Бәрі жынды, ақымақтар.
Көрсе қызар, құмарпаз Байламап па еді бағыңды? Адасасың сен, Махмұт, Алданып қума сағымды.
Бес-он жылдар шыдашы, Аларсың сонда тағынды. Сондай бола тұрып та, Шыдамай саған не қылды?
Тәубе, уәденді жаңылып, Мінезің неге қағынды? Сен алданып жүргенде, Сындырар тұрмыс жағынды.
ОСЫ ДА ӘДІЛДІК ПЕ?
Дүниенің дөңгелегі айналады: Кімі үстінде гуляйттап жайланады; Кімі астында езілер саз балшықтай, Білмеймін, түбі неге айналады? «Үстегіде не қасиет, астағыда Не жазық?» деп еріксіз ойланады.
— Үстегі сындырмаған шөптің басын, Сонда да тамағы тоқ, кигені асыл; Жасаулы, зинеттеулі палатада Қызметкер даяр қылар керек асын. Он жыл қызмет бір кедей қылып таппас Қондырған бір жүзікке асыл тасын; Бір кедей жылдық тамақ етер еді, Өңдеген бояуына бет пен қасын,
Безенуге, ойынға мал шашумен Өткізіп бара жатыр өмір жасын.
Қол жоқ онда жұмысқа, іске тиер, Жұма сайын бір модалы киім киер. Сән-сауықтың бәрі де табылады: Тек қайсысын көңілі оның сүйер.
Бір қонағы тұрады он мың теңге, Номерлерге барысы одан кем бе? Бір түнгі бір әйелге шыққан шығынын Түссе де кедей таппас қырық жыл терге.
Жолы бос жиһан кезсе тамашалап, Алдында стол, биші қыз,қызыл арақ; Портвейн, қарта ойыны күн-күн сайын,
Іш пысқан соң отыра алмай текке қарап.
Шалқасынан жатса да, құдай берер, Шашса да кедейлік жоқ оған көрер. Заводы, фабригі, жер жалынан Жыл сайын миллион-миллион доход келер.
Астағы жұмыс қылған қолы жаурып, Жасынан терге жуылып, арқасы аурып. Жер астының кендерін шығарам деп, Жөтеледі, онда жоқ денге саулық.

|